Рамазан айында төмендегідей жағдайлардың бірінде болған адамның ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Бірақ ораза ұстау міндетінен құтылмайды, басқа уақытта сол күндердің қазасын өтеп, оразасының санын толтырады.
1) Сырқаттану яки науқастану жағдайында: Егер сырқаттанып қалған адам ораза ұстаған жағдайда денсаулығына зиян келетіні немесе ауруы асқынып кететіндігі дәрігерлер тарапынан анықталған болса, ораза ұстамайды. Тек науқасынан айыққаннан соң ұстай алмай қалған күндерінің орнын толтырып, күнбе күн қазасын өтеп беруге міндетті.
2) Сапарға шығу жағдайында: Рамазан айында 90 шақырым қашықтықтан ұзақ жерге сапарға шыққан жолаушы ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Егер жолаушы сапарын ораза ұстап жалғастыруын қаласа, оған да ерік беріледі. Басқаша айтқанда егер ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса, әрине ораза ұстағаны абзал. Дегенмен ұстамауына рұқсат берілген. Сапарға шығуына байланысты ораза ұстамаған адам сапары аяқталғаннан кейін сол күндерінің қазасын өтеп, санын толтырады.
3) Қауіп төнген жағдайда: Егер біреулер тарапынан денесіне қандайда бір жарақат салу арқылы өміріне қауіп төнсе, оразасын бұза алады. Бірақ басқа уақытта сол күннің қазасын өтейді.
4) Әйелдер, аяғы ауыр не бала емізген жағдайда: Жүкті әйел яки бала емізіп жүрген әйел ораза ұстаған жағдайда өз денсаулығына не баласына зиян келуінен қорықса онда ораза ұстамауына болады. Бірақ басқа уақытта жіберіп алған күндерінің орнын толтыруға міндетті.
5) Қатты аштық немесе шөл қысқан жағдайда: Ораза ұстаған адам, қатты аштық яки шөл себебінен ақыл-есінен айырылып қалудан немесе өз денсаулығына зиян келтіруден қорықса, оразасын бұзуына рұқсат етіледі. Бірақ кейін сол күннің қазасын өтемекке ниет етіп, ораза ұстайды.
6) Қартайған немесе қуатсыз болған жағдайда: Жасының ұлғаюына байланысты әл-қуаты қайтқан, күні бойы аш жүруге шыдай алмайтын қарт адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайдағы адамдар кейін де оразасының қазаларын өтей алмайтындықтан ораза ұстамаған әр күніне фидия береді.
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті