Дұға – иман келтірген жанның рухани қаруы, әзәзілдің азғырындысы мен ғұмыр тіршілігінде кездесетін талай қиыншылықтарда жүгінетін ай-балтасы. Дұғасыз, тілексіз мұсылман жеміссіз ағаш секілді. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімінде мұсылмандарға Өзіне дұға қылып, тілеген нәрселерін сұрауға бұйырды:

وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ

«Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын…», – деді» (Ғафыр: 60).

Қасиетті аятты Пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті де нақтылай түседі: «Кім Алладан сұрамаса Ол оған ашуланады». Ал басқа бір хадисінде: «Сендердің біреулерің Раббысынан күллі қажетін, тіпті, аяқ киімінің үзіліп қалған бауын да сұрасын», – деген.

Демек, Жартушыдан жақсылық тілеп, дұға қылу шынайы мұсылманның дағдысы, керек десеңіз міндеті деп айтуға болады. Дұға тек бір Алла Тағаладан ғана сұралады. Ал басқа нәрседен, яғни жаратылған нәрседен оның қолынан мүлде келмейтін істі жалбарынып сұрау – Құдай Тағаланың хұқына қол сұғып, Оған серік қосу болып табылады. Алла сақтасын!

Араб тіліндегі дуъаа – дұға сөзінің мағынасы сұрау, жалбарыну дегенге келеді. Аллаға дұға ету деген сөз. Оған жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау дегенді білдіреді. Басқа бір адамға дұға ету ол адамға жақсылық тілеу дегенге саяды. Демек, дұға – пенденің Раббысынан жалбарынып сұрауын білдіреді екен. Алла Тағала былай дейді:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ

«Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» (Бақара: 186).

Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): «Дұға басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Алланың құлдары дұға қылыңдар», – деген (Хаким және Ахмед).

Сәлманнан (Алла оған разы болсын) жеткен хабарда: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Жазмышты тек дұға ғана қайтарады, ғұмырды ізгілік қана ұзартады», – деді» (Термези  және Хаким).

Кейде дұғаның қабыл болуы біраз уақытқа кешігуі ықтимал. Оған Құран Кәрімдегі пайғамбарлардың қиссалары дәлел бола алады. Алла Тағала ардақты пайғамбар болса да Жақып пайғамбардың (ғ.с.) баласына қайтарып беруі туралы ондаған жылдар бойы жасаған дұғасының жауабын кешіктірді. Сондай-ақ, Аййуб пайғамбардың (ғ.с.) дертін айықтыруы туралы тілеген дұғасы да бір мерзімге дейін кешіктірілген. Сондықтан да Алла тағала кейде сұраушыға сұраған жақсылығынан әлденеше есе қайырлы нәрсе сыйлауы мүмкін немесе сақтанған жамандығынан әлденеше есе үлкен апаттардан жамандықтардан сақауы ықтимал.

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38