1. Абдуллаһтың дүниеге келуі
Абдуллаһтың (р.а.) толық есімі Абдуллаһ ибн Зубайр ибн Аууам ибн Хуайлид ибн Әсад ибн Абдулғузза ибн Қусай әл-Қурайши әл-Әсади. Қурайш руының Әсад ибн Абдулғузза тармағынан шыққан. Бұған қоса Абу Бакір және Абу Хубайб деген есімдері де бар.
Милади 622 жылы (Хижреттен кейін) Мадинаға жақын орналасқан Қуба деген жерде дүниеге келген. Әкесі Зубайр ибн Аууам (р.а.) жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі. Шешесі Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсма бинти Әби Бәкір (р.а.).
Абдуллаһ (р.а.) Мадинада мухажирлардан дүниеге келген алғаш сәби болды. Бұған барша мұсылмандар қатты қуанды. Өйткені Яһудилер: «Біз мұсылмандарға сиқыр жасадық. Олардың ұрпағы болмайды» – деп хабар жайып жүрген-ді. Әсма анамыз (р.а.) босанғанда ұлын Пайғамбарымызға (с.а.у.) алып барады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қуанып нәрестеге Абдуллаһ деп есім қойып қайыр (игі) дұғасын береді.
2. Абдуллаһтың балалық шағы
Абдуллаһ (р.а.) 7 жасқа толғанда әкесі Зубайр (р.а.) оны Пайғамбарымызға (с.а.у.) алып барып байғат еткізеді (сөз бергізеді). Ал 12 жасында «Ярмук» соғысына барып (X. 14/ М. 636) ат үстіндегі әкесінің шайқасын тамашалайды. Араға 4 жыл салып Милади 639 жылы әкесі басшылық еткен қосалқы қолмен бірге Амр ибн Асқа Мысырды алуға (X. 18/ М. 639) жәрдем етеді.
3. Абдуллаһтың жастың шағы
Милади 649 жылы Абдуллаһ (р.а.) Абдуллаһ ибн Сағдпен бірге Африканың Тунус өлкесін алуға (X. 29/ М. 649) қатысады. Рим өңірінің әміршісі әрі батыры Грегорды өлтіріп ерлік танытады. 30 жасында Сағид ибн Ас басшылығында Хорасан сапарына (X. 30/ М. 650) шығады. Ал Осман (р.а.) шейіт етілгенде бас көтерушілерге қарсы тұрды. Бірақ «Жамал» шайқасында әкесіне болысып (X. 36/ М. 656) Алиге (р.а.) қарсы жаяу әскерді басқарады. Жеңілгеннен кейін Мадинаға кері оралады.
4. Абдуллаһтың атқарған қызметтері
Абдуллаһ (р.а.) Муғауия (р.а.) қайтыс болғанда (X. 60/ М. 680) орнына таққа отырған ұлы Язидке байғат етпейді. Хусейнмен (р.а.) бірге Меккеге оралады. Язидтің жақтасы Абдуллаһтың бауыры Амр ибн Зубайр басқарған әскер Меккеге шабуыл жасайды. Абдуллаһ (р.а.) бұл шабуылды ыдыратып әскер басыларының көпшілігін тұтқынға алады. Алайда, Язидпен бақталастыққа түсуден сескенгендігі үшін Хусейнге (р.а.) Куфаға бар деп кеңес береді. Хусейннің (р.а.) Кербелада шейіт болғанын естігенде Язидтің адамдарын Хижаз аймағынан ығыстырып Халифалығын жариялайды да (X. 61/ М. 680-681) Мекке мен Мадина оны қабылдайтындықтарына уәде береді.
Екі жылдан кейін Язидтің қолбасшысы Муслим ибн Уқба «Харра» шайқасынан оралып келіп Мадинаны басып алады. Алайда Меккеге жол алғанда қайтыс болады. Орнына Хусайн ибн Нумайр әс-Сакуни қолбасшы болып (X. 64/ М. 683), Мухаррам айында Меккені қоршауға алады. Осы кезде Язид қайтыс болып, әскер Меккені 64 күн қоршауда ұстағаннан кейін Шамға кері оралады. Мекке қоршауда қалғанда Қағба өртенеді.
Абдуллаһ (р.а.) күш жинап Хижаз, Емен, Иран, Ирак және Хорасанды өз бақылауына алады. Язидтің қолында Мысыр мен Шам ғана қалады. Абдуллаһ (р.а.) 9 жылдан астам уақыт халифа болады. Осы кезде умаиялықтар таспен атқылаған Қағбаның үш қабырғасын қайта қалпына келтіреді. Сынып, бөлініп қалған Хажарул-Асуадті (қара тас) күміс шеңбер ішіне орналастырып Қағбаның ішіне қояды. Кейін Умаия әміршісі Абдулмалик ибн Маруан бір қабырғасын жасатып Хажарул-Асуадті өз орнына қойдыртады. Күніміздегі Қағба осы жөндеу үлгісімен тұр.
Абдуллаһ (р.а.) Меккеде халифалығы кезінде бір бетінде: «Алла аманатқа берік және әділ болуды әмір етті», екінші бетінде: «Мұхаммед Алла Елшісі» деген Ислам тарихында алғаш дөңгелек ақшаны бастырады.
5. Абдуллаһтың тұлғалық қасиеттері
Абдуллаһ (р.а.) жас кезінен-ақ Пайғамбардың (с.а.у.) тәлім-тәрбиесін көріп әкесімен бірге көптеген жиһадтарға қатысып өсті. Батыл, алғыр, тапқырлығы ерекше, құлшылыққа берік, турашыл, көркем мінезді және кәміл иманды жан болатын. Мешіттен шықпай көп құлшылық ететіндігінен «мешіт көгершіні» деген мағынаға келетін «Хамаматул-Масжид» – лақабымен аталып жүретін. Әкесі Зубайр (р.а.) ұлын: «Абдуллаһ Әбу Бәкірге ұқсайды» – деп мақтайтын.
Нажаши патша Пайғамбарымызға (с.а.у.) кезінде қысқалау бір найза тарту еткен-ді. Оны «Харба» деп атайтын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны жанынан тастамайтын, тіпті намаз оқығанда алдына «сутра» (бөгет) етіп қоятын. Осы «Харба» әділ халифалардың қолынан өтіп Абдуллаһқа (р.а.) тиеді. Абдуллаһ (р.а.) шейіт болғанға дейін сол Харбаны жанынан тастамай алып жүрген екен.
6. Абдуллаһтың дін ғылымындағы алар орны
Абдуллаһ (р.а.) жас сахабалар тобына жатады. Пайғамбардың (с.а.у.) тәлім-тәрбиесін көріп «Тафсир, Хадис және Фиқһ» ғылымдарында ғалым атанады. Әсіресе «Фиқһ» саласында атағы шыққан төрт Абдуллаһтың бірі болады.
Халифа Осман (р.а.) тарапынан Құран нұсқасын көбейту үшін құрылған ғылым алқасына (X. 30/ М. 650) мүше болған 4 қари сахабаның бірі осы Абдуллаһ болатын.
Абдуллаһ (р.а.) Пайғамбардан (с.а.у.) тікелей хадис жеткізеді. Бұған қоса Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.), Осман (р.а.), Али (р.а.) және әкесі Зубайр (р.а.) мен нағашы әпкесі Айшадан да (р.а.) хадис нақыл еткен. Ал Абдуллаһтан (р.а.) бауыры Уруа, Әбу Зибан, Ата, Тауус, Амр ибн Динар және басқа да атақты ғалымдар хадис жеткізген. Бұл хадистер имам Бұхаридің «Сахих» кітабында 6, Муслимнің «Сахих» кітабында 27 баяндалған. Тура осы 33 хадис Ахмад ибн Ханбалдың «Муснад» атты еңбегінде де орын алған.
7. Абдуллаһтың қайтыс болуы
Абдулмалик ибн Маруан умаиялықтар әулетінің басшысы болып (X. 65/ М. 684) Абдуллаһ ибн Зубайрдың (р.а.) бауыры Мусғаб ибн Зубайрды Ирак өңірінде өлтіртеді. Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафиді әскермен Меккеге жолдап (X. 72/ М. ) қоршауға алдыртады. Хажжаждың әскері Әбу Қубайс тауынан Меккеге тас атқылап 6 айдан аса уақыт қоршауда ұстайды. Абдуллаһтың (р.а.) Хажжажға үлкен батылдықпен төтеп беріп жатқанына қарамастан екі ұлы Хамза мен Хубайб және туыстары қаруларын тастап 10000 әскермен беріледі. Абдуллаһтың (р.а.) әскері ыдырап кетеді. Абдуллаһ (р.а.) кеңесі мен дұғасын алу үшін науқастанып жатқан шешесі Әсманың (р.а.) жанына барады. Шешесі: «Шайқасты жалғастыр! Шейіт боласың немесе жеңесің. Мен сен опат болсаң сабыр етемін, ал жеңер болсаң қуанамын» – дейді.
Бір күннен кейін Абдуллаһ (р.а.) Қағба маңындағы Мақаму Ибраһимде екі рәкағат намаз оқып, шайқасқа қайта кіріседі. Абдуллаһқа (р.а.) жанында аман қалған Зубайр есімді ұлы жәрдем етеді. Ұзақтан атқылаған тастардың бірі Абдуллаһқа (р.а.) тиіп жараланады. Қанға боялған Абдуллаһқа (р.а.) Абдулмалик ибн Маруанның адамдары жабылып оны шейіт (X. 73/ М. 692) етеді. Абдуллаһ (р.а.) қайтыс болғанда жасы 73 те еді. Хажжаж Әсма (р.а.) анамызға ұлының қайтыс болғанын хабар береді. Арадан бірнеше ай өтіп Әсма (р.а.) анамыз да дүние салады.
Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі