Алла тағала барлық адам баласы ішінен хз.пайғамбар Мұхаммедті (с.ғ.с.) таңдап, оны ерекше мейіріміне бөлеп, өзгеше махаббатын көрсеткен. Оған бағынуды – өзіне мойынұсыну, оған қарсы келуді – өзіне қарсы келу деп жариялаған. Тіпті «Сенің өміріне ант етемін»…(«Хижр»  сүресі, 72-аят) – деп, оның ұлы тұлғасына аса құрметтей отырып, махаббатының шыңына көтерген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дегенде, ең алғаш әр мұсылманның  ойына кішіпейілділік қасиетімен ерекшеленгенін және өзін Жаратушының қарапайым құлы ретінде санап, дүние қызығына алданбай өткен үлгі-өнегеліктің иесі екендігі елестейтіні заңды құбылыс.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі,107-аят)  – деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш әрі бақыт. Оның кешкен қилы тағдырымен танысып, болмысы мен мінез-құлқын, адам тәрбиелеудегі ісін мұқият зерделегенде, оның қарапайым қатардағы мұсылман емес, шынайы пайғамбар болғандығын еріксіз мойындауға тура келеді.

Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінің үмметіне деген сүйіспеншілігі, махаббаты, қамқорлығы мен жанашырлығы ананың баласына деген мейірімділігінен басым болатын. Бұл жайлы Құран-Кәрімде: «Шынында, сендерге өз іштеріңнен бір пайғамбар келді, сендердің қиналғандарың Оған өте қатты батады. Ол сендерге ынтық, мүміндерге аса еміренгіш, тым мейірімді»(«Тәубе» сүресі,128-аят), – делінген.

Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әділ әрі шыншыл болғандығы Құранның көптеген аяттарында сөз етілген. Мәселен, «Ей, иман келтіргендер. Алладан қорқындар және тура, шыншылдармен бірге болыңдар» (Тәубә сүресі, 119-аят)– деп келтіргендей Ислам тарихына, яғни пайғамбарлықтың Мекке дәуіріне көз жүгіртсек, Хз. Пайғамбар (с.ғ.с.) ақиқаттың үлгісі ретінде мұсылмандар мен басқа дін өкілдері «Мұхаммед әмин (уәдесіне берік, сенімді)» деп танығанын көреміз.

Қорыта айтқанда, қазақ халқы қашанда Алланы танып, Хз. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін өнеге тұтқан һәм салт-дәстүрін Исламның асыл құндылықтарымен қабыстыра, үйлестіре білген дәстүрлі мұсылман халықпыз.

Серикбаев Аманжол «Әл-Біләл» мешітінің  найб имамы.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38