Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ, Шымкент қаласының бас имамы

 Ораза айт – мұсылман қауымы үшін аса маңызды әрі қасиетті мереке. Бұл тек діни рәсімдермен ғана шектелмей, адамдар арасындағы бауырмалдықты, татулықты және өзара түсіністікті нығайтатын ерекше сәт. Қазақ халқы үшін айт мерекесінің орны бөлек. Өйткені ол ұлттық салт-дәстүрмен біте қайнасып, ағайын-туыс, көрші-қолаң арасындағы байланысты арттыратын рухани құндылыққа айналған.

Айт – ағайынның бірлігін арттыратын мереке. Себебі дәл осы күндері адамдар бір-бірімен қауышып, өкпе-реніштерін ұмытып, жүректерін жақындатады. Сондықтан айт тек қуаныштың емес, бірліктің, татулықтың, кешірімнің және мейірімділіктің мерекесі ретінде бағаланады.

Айттың басты ерекшеліктерінің бірі – адамдарды жақындастыруы. Күнделікті өмірде түрлі себептермен араласа алмай жүрген туыстар айт күндері арнайы барып, бір-бірімен қауышады. Бұл – туыстық қатынастың жаңғыруына үлкен мүмкіндік береді.

Қазақ халқы «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деп бекер айтпаған. Айт мерекесі осы татулықты нығайтатын ерекше кезең. Адамдар бір-біріне қонаққа барып, дастарқан басында бас қосып, жылы әңгіме айтып, өткен-кеткенді еске алады. Мұның бәрі ағайын арасындағы байланысты күшейтеді.

Сонымен қатар, айт – кешірім мерекесі. Бұл күндері адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, бұрынғы реніштерін ұмытуға тырысады. Ислам діні де кешірімді болуды, адамдармен тату өмір сүруді насихаттайды.  

 Ардақты Пайғамбарымыз: «Кімде кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – деген. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық қатынасты сақтауды Алла Тағалаға және қиямет күніне иман келтірумен байланыстыруы, бұл істің қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп тұр.

Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Хира үңгірінде уахи түскеннен кейін, сүйікті жары Хадиша анамызға (Алла оған разы болсын) келіп, жүрегін діріл қағып: «Мені орап тастаңдар» деп бұйырады. Үңгірде болған жағдайды жарына айтып бергенінде, Хадиша анамыз (Алла оған разы болсын) оған: «Жоқ, олай емес. Алламен ант етемін! Алла сені ешқашан қор қылмайды. Өйткені сен туыстармен жақсы қарым-қатынас жасайсың, қорғансызға қорғансың, жоқ-жітікке қарайласасың, қонақты сыйлайсың және өзгелердің құқығының сақталуына жәрдем етесің», – деп айтады.

Бұл оқиғадан мәлім болғандай, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен болсын) пайғамбарлық келмей тұрып, ол кісінің өзі туыстармен жақсы қарым-қатынаста болған. Пайғамбарлық келгеннен кейін де, адамдарға әрдайым туыстарымен байланысты нығайтуға бұйырып, оны үзуден тыйым салған.

Жалпы туыстық қарым-қатынасты сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі болады. Біріншісі, туыстық қарым-қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар. Хадисте ондай адамдар «туыстық байланысты сақтаушы» деп аталған. Бұл – туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана сыйласу емес, туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші болып түзеп, оларға жақсылық жасаушы адам деген сөз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам (оған қандай қарым-қатынас жасаса), сонымен ғана қатынас орнататын адам емес. Шындығында, туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам – ол туыстарының онымен қарым-қатынасын үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!»  деп айтқан.

Туыстық қатынасты сақтаған адамның Алла Тағала ризығын молайтып, өмір жасын ұзартады. «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін» деген хадисті жоғарыда келтірдік. Кейбір ғалымдар хадистегі «өмір жастың ұзаруына» қатысты: «Алла Тағала ол адамның өміріне берекет беріп, әрі ризық-несібесін молайтады. Әрі сол арқылы ол адам өзінің өмірінде басқалардың шамасы келмеген істі істеп үлгереді», – деп түсіндірген.

Бүгінгі таңда айт мерекесінің маңызы одан әрі арта түсуде. Қоғамда түрлі әлеуметтік, экономикалық өзгерістер болып жатқан кезде адамдар арасындағы бірлік пен татулықтың маңызы ерекше. Айт – адамдарды жақындастыратын, қоғамды біріктіретін күш. Бұл күндері адамдар әлеуметтік желілер арқылы да бір-бірін құттықтап, байланысын нығайтады. Дегенмен, дәстүрлі айттаудың, яғни ағайын-туысты аралап, хал сұрасып айттаудың орны ерекше екенін ұмытпауымыз керек.

Қазіргі қоғамда айт мерекесін дұрыс түсініп, оның мәнін сақтап қалу – маңызды міндет. Ол үшін жастарға айттың рухани және тәрбиелік мәнін түсіндіру қажет. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні үлкен. Біріншіден, ол жастарды үлкендерді құрметтеуге үйретеді. Екіншіден, адамдар арасындағы сыйластықты арттырады. Үшіншіден, қоғамда ізгілік пен мейірімділікті қалыптастырады.

Балалар үшін де айт ерекше мереке. Олар жаңа киім киіп, үйлерді аралап, тәттілер алады. Бұл – балалардың қуанышын арттырып қана қоймай, олардың бойында мейірімділік пен бауырмалдық қасиеттерді қалыптастырады.

Айт мерекесі қазақ халқының ұлттық дәстүрлерімен тығыз байланысты. Қазақтар айт күндері дастархан жайып, қонақ күтіп, ұлттық тағамдар әзірлейді. Бұл – халқымыздың қонақжайлық қасиетінің айқын көрінісі. Сонымен қатар, айт – ұлттық бірлікті нығайтатын мереке. Бұл күндері адамдар руға, жүзге, әлеуметтік жағдайға бөлінбей, бәрі бір дастарқан басында бас қосады. Бұл – қоғамдағы теңдік пен бірліктің белгісі. Айт мерекесі арқылы қазақ халқы өзінің рухани құндылықтарын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Сондықтан айт – тек діни ғана емес, мәдени әрі ұлттық маңызы бар мереке.

Айт күні мұсылман баласы ерекше қуанышқа, нығмет пен несібеге кенеледі. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айт күні періштелер жер бетіне түседі де әр жолдың басында тұрып: «Уа, мұсылман қауымы, Раббыларыңа асығыңдар! Сендер түнді намазбен, күндізді оразамен өткізуге бұйырылғанда амал етіп, Раббыларыңа бойсұнғандарың үшін Алла сендерді үлкен сауап пен толассыз нығметке бөлейді. Сол үшін өздеріңе тарту етілген сыйлықтарыңды алыңдар» деп дауыстайды. Ал ораза айт намазын оқып болғаннан кейін бір періште адамдарға былай дейді: «Шүбәсіз жаратқан Раббыларың күнәларыңды кешті. Үйлеріңе Алланың жолынан адаспаған күйде оралыңдар! Расында бұл күн жер мен аспан әлемінде сый-сияпатқа кенелу күні деп аталады» деген.

Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді.

Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразамызды қабыл етіп, баршамыздың ризық-несібемізді арттырып, мол сауапқа бөлегей.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38