Ислам сөзін естігенде көбіміз ескілікті елестетеміз. Қалаберді, оны (ислам дінін) меңгерген адамдарды сопыларға балаймыз. Сол ескіліктен арыламыз деп, есесіне ғылым-білімнен айырылып қала жаздағанымызды аңғармаймыз. Ислам діні деген не? Бұл діннің келудегі мақсаты не? т.с.с. сұрақтар санамызда қалыптасқан. Өйткені, сенім бар.
Сол сенімді ақтау үшін, алға өрлеп даму үшін ислам қағидаларын ұстанғанымыз абзал. Себебі, Алла Тағала тарапынан бұл дін ең жаңасы, ең кемелі әрі ең соңғысы-деп соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с) жіберілген дін.
Бұл шындық Ұлы Алла Тағала тарапынан Құран Кәрімде былай білдірілген. «Алла құзырындағы дін, күмәнсіз Ислам діні» («Әл-Имран» сүресі 19 аят).
«Кімде-кім Исламнан басқа дін іздесе одан ол дін мүлде қабылданбайды. Ол ахиретте де зиянға ұшырағандардың арасынан табылады». (Әл-Имран сүресі 85 аят)
Исламның жарғылары адамдардың бақытын көздейді. Яғни, қоғамның өркендеп өрлеуіне оң ықпалын тигізеді сонымен қатар материалдық және рухани жетістіктердің жиынтығы. Бұл үкімдерді орындап, соған қарай әрекет жасағандар бұл дүниеде де ахиретте де бақытқа кенеледі.
Ислам өркениеті – өркениеті дамыған елдердің тарихымен тығыз байланысты. Нақтылы саяси, мәдени, этникалық, аймақтық ерекшеліктеріне қарамай, барлық адамзаттың әлеуметтік, материалдық және рухани жетістіктерін тізбектейді. Мысалы: Еуропа елдерінің қараңғылықтан шығып дамуына Ислам өркениеті арқау болды. Еуропа ғалымдарының жылдар бойы зерттеп шыққан көптеген жаңалықтарының негізі осы Исламда екенін мойындаған. Алла Тағала Құран Кәрімде бір ғана аятпен жеткізгенін баян етеді: «Әй бүркенген жан! Тұр,халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» – деп тазалыққа шақырғаны белгілі.
Тарихқа қарасақ, Еуропалықтар XIX ғасырда ғана қолға алған тазалыққа мұсылмандар VII ғасырдың өзінде ақ қатты көңіл бөле бастағанын көреміз. Пайғамбарымыз (с.а.с) тазалық мәселесіне айрықша ден қойып, «Тазалық – иманның жартысы» – деп мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған. Сондай-ақ, «Тамақтың берекеті тамақтың алдында және тамақтан кейін қол жуу»,- деп мәдениеттілікті де үйреткен.
Құрметті оқырман қауым, Ислам қағидаттарын ұстану арқылы еліміздің, қоғамымыздың кемелденуіне, бұқара халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына нық сенімдеміз.
Шымкент қаласы, Еңбекші ауд. Қарабастау мешітінің
молдасы: Сейтаев Берик Егенович.