Бүгін, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасына орай ұйымдастырылған шараға Шымкент қаласы, Абай ауданы «Торлан» мешіті мен «Зекет» қорының өкілдігі қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Игі шара аясында Шымкент қаласы, Абай ауданы «Торлан» мешітінің бас имамы Ғалымжан қажы Назаров және ерікті топтың мүшесі Жалғас Шағатаев, Манас Құрбанбековтер қатысып, әлемге дүрбелең салған COVID-19 жұқпалы індетінен тез құтылып, ауырғандар сауығып кету үшін арнайы салауат, истиғфар айтып дұға етті.
Айта кетсек, бұл шара Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахмановтың қолға алуымен қаладағы барлық мешіттерде өткізіліп жатыр.
Игі шара барысында арнайы 3 қой шалынып, құрбан еттері мен азық-түлік себеті (ұн 30 кг, шекер 30 кг. күріш 15 кг. макарон 15 кг. жұмыртқа 3 лоток, май 12 л, пияз 21 кг. картошка 15 кг. сабын, тіс пастасы, шампунь т.б.) жалпы 65 мұқтаж отбасыларға жетзкзілді.
Сондай-ақ, «Торлан» мешітінің қызметінде жүріп, аурып жатқан 3 діни қызметкерге алпыс мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Мұнымен қатар, 9 отбасыға 80 мың теңге көлемінде қаржылай көмек және ауданда тұратын бүгінде індетпен нуқастанып жатқан Раушан Тілемісова апай 30 мың теңге көлемінде дәрі-дәрмектеріне көмек берілді. Бұдан бөлек, аталмыш мешіттің ұйытқы болуымен Гүлмира есімді апайдың үйінің қабырғасын күрделі жөндеуден өткізіп, толығымен сыланды.
Үлес қосқан Торлан елді мекен азаматтарына Алла разы болсын!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі