Исі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті Құрбан айт намазы оқылды. Облысымыздың орталығы Шымкент қаласында орналасқан облыстық орталық мешітіне ағылып келушілердің санында шек болмады. Яғни, мешіттің іші-сырты толы болды.
Айтулы шараға облыс әкімі Б.Атамқұлов бастаған ел ағалары арнайы қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді. Осыдан кейін облыс имамы А.Керімбек тұщымды уағыз айтып, ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау хатын жиналған жамағатқа оқып берді.
Құрбан айт намазынан кейін облыс әкімі Б.Атамқұлов өз атынан құрбандыққа мал шалды. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде мәртебелі қонақтар мен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды.
Сондай-ақ, дін мен дәстүрімізді дәріптеу мақсатында мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап айтқанда кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес сынды ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар берілді.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі