Сұрақ: Дәретте жуылуы тиіс мүшелерді айтып өтіңізші?
Жауап: Олар:
1. Бетті тігінен – маңдайдың шетінен бастап иектің астына дейін,ал көлденеңінен – оң құлақтың жұмсағы мен сол құлақтың жұмсағына дейінгі аралығын жуу.
2. Екі қолды саусақтардың ұштарынан бастап екі шынтағымен бірге жуу.
3. Аяқтарды башпайдардың ұшынан бастап тобығымен бірге жуу.Дәретте дененің бұл мүшелері міндетті түрде жуылуы тиіс.Осы жерлерде иненің ұшындай жеріне су тимесе дәрет дұрыс болып есептелмейді.
4. Ал мәсіх тартылатын, яғни сулы қолмен сүртілетін мүше біреу, ол – бастың төрттен бір бөлігі.Бастың жоғарғы жағына толығымен сулы қолдармен сипап өту – сүннет. Осы төртеуі дәреттің дәреттің парыздары деп аталады.
Сұрақ:Екі шынтақ пен екі тобық та жуылуы тиіс пе?
Жауап: Иә,оларды толықтай жуу дәреттің парызына жатады.
Сұрақ: Дәретте аталған үш мүшенің жуылуы парыз екендігіне қандай дәлел бар?
Жауап: Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде Мәида сүресінің 6-аятында :
«Әй, мүминдер! Қашан намазға тұрасыңдар жүздеріңді және қолдарыңды шынтақтарына дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. Сондай-ақ, аяқтарыңды тобықтарына дейін (жуыңдар)» –деген.
С: Ал, бастың ширегіне мәсіх тарту қайдан алынды?
Ж: Оған дәлел – ардақты сахаба Муғира ибн Шуғба (р.а.) риуаят еткен хадис. Ол Пайғамдардың (с.а.с) дәрет алғанда басының төрттен біріне мәсіх тартқандығын жеткізген. Имам Муслим риуаят еткен.