Сұрақ: Неліктен фиқһ кітаптары тазалық бөлімімен басталады?
Жауап: Себебі тазалық – намаздың қабыл болуының бірден-бір шарты. Ал, намаз – Исламдағы бес тіректің бірі. Сондықтан да алдымен тазалық үкімдері, сосын намаз үкімдері беріледі.
Сұрақ: Таһарат (тазалық) сөзінің араб тіліндегі және шариғат термині ретіндегі мағыналары қандай?
Жауап: Таһарат сөзі араб тілінде «тазалық» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы термин ретіндегі мағынасы «денені үлкен хадес пен кіші хадестен және киім мен намаз оқитын орынды лас заттардан тазарту» дегенге саяды.
Сұрақ: Ал, үлкен хадес дегеніміз не?
Жауап: Үлкен хадес дегеніміз мұсылман ерге немесе әйелге бүкіл денесін жууды міндеттейтін хал. Егер жуынса үлкен хадес кетеді. Мұндай жуынуды шариғатта ғұсыл деп атайды.
Сұрақ: Ал, кіші хадес дегеніміз не?
Жауап: Намаз оқу үшін мұсылман ерге немесе әйелге кейбір дене мүшелерін жуу мен басына мәсіх тартуды міндеттейтін жәйттер. Сол мүшелері жуу мен мәсіх тарту олындалса тазалыққа қол жеткізілген болады. Жуынудың бұл түрі арабша удуу, қазақша дәрет деп аталады. Ал дәреті бар адам мутауадди деп аталады.