Удуу (дәрет) сөзінің араб тіліндегі тілдік мағынасы тазалық, әдемілік, жақсы деген мағыналарға келеді.
Ал, шариғи мағынасы – тазалық жасауға ниет етумен басталып, белгілі дене мүшелерін сумен жууды білдіреді.
Дәрет алу Құранмен, сүннетпен және ғұламардың ижмәъмен[1] парыз етіп бекітілген. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Қашан намазға тұрсаңдар, жүздеріңді және қолдарыңды шынтақтарыңа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. Әрі аяқтарыңды тобықтарыңа дейін (жуыңдар)»,[2]– деп бұйырған. Ал Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер сендерден бір кісі ішін босатқаннан (дәрет сындырғаннан) кейін дәрет алмайынша, Алла Тағала оның намазын қабыл етпейді»,[3]– десе, Жәбир риуаят еткен басқа бір хадисте:
«Жәннаттың кiлтi – намаз. Намаздың кiлтi – дәрет»,[4]-делінген. Ал, ижмәъдағы дәлел: Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманынан бастап қазіргі уақытқа дейін бүкіл мұсылмандар дәреттің парыз екендігіне бірауыздан келіскен.
Дәреттің маңыздылығы
Дәрет – Ислам дiнiнде ғибадаттарды орындау үшiн алынатын және өзi де ғибадат болып есептелiнетiн тазалану түрi. Ол белгiлi мүшелердi өз ретімен тазалаудан не мәсих тартудан тұрады. Дәрет ең алдымен дененiң ең көп кiрленетін және микробтар көп жұғатын ашық мүшелерінің белгiлi бір жағдайлардан кейін жуылуын мақсат етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) не іс жасаса да барлығын тек дәретпен iстегенi айтылады. Алайда дәрет алу әрбiр амал мен ғибадат-құлшылық үшін міндетті емес, тек намаз сияқты кейбiр ғибадаттарды ғана дәретпен орындау бұйырылған. Дегенмен кісінің әрқашан дәретпен жүргені абзал. Себебі дәрет алу дүниедегi және ахиретке қатысты көптеген жақсылықтарға қол жеткізуге себепші. Османнан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кiмде-кiм рет-ретiмен жақсылап жуып д-рет алса, оның денесiнен, тіпті тырнақтарының астына дейiн күнәлары шығады»,[5]– десе, Уқба ибн Амирден (р.а.) риуаят етілген хадисте:
«Бiр мұсылман адам рет-ретiмен жақсылап дәрет алып, содан кейiн шын көңiлiмен намаз оқыса, ол адамды Алла Тағала ахиретте жәннатқа кiргi-зедi» ,[6] – деген. Абдуллаһ әс-Санабихи Пайғамбарымыздың (с.а.с.):
«Аллаға иман келтірген пенде дәрет алған кезде аузын шайса, ондағы болған қателіктері шығып кетеді. Ал егер мұрнына су алса, мұрнындағы қателіктері шығады. Ал егер бетін жуатын болса, онда бетіндегі, тіпті көзінің шетіндегі қателіктеріне дейін шығып кетеді. Ал егер қолын жуса, онда қолындағы, тіпті тырнақтарының астындағы қателіктеріне дейін, басына мәсих тартса, басындағы, тіпті құлақтарындағы қателіктеріне дейін шығады. Ал егер аяқтарын жуса, аяқтарындағы, тіпті аяқтарының тырнақтарындағы қателіктеріне дейін шығып кетеді. Одан кейін оның мешітке баруы және намазы оған нәпіл болады»,[7]– деген хадисін жеткізген. Ал Әбу Һурайра жеткізген хадисте Алланың Елшісі (с.а.с.):
«Мен сендерге Алланың дәрежелеріңді не нәрсемен көтеріп, қателіктеріңді не нәрсемен өшіретінін нұсқайын ба?» – дейді. «Әрине, Алланың Елшісі»,- дейді олар. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мәкруһ істерден соң дәрет алу. Әрі мешіттерге көп қадам басу. Және намаздан кейін намазды күту. Осыларды берік ұстаңдар»,[8]– деген.
Бірде сахабалар Алланың Елшісінен(с.а.с.): «Ей, Алланың Елшісі! Сiз (Қиямет күнінде) бiздi танисыз ба?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә! Сендерде басқа ешбір үмметке берілмеген бір белгi болады. Сендер менiң алдыма дәрет алу себебiнен маңдайларың жарқыраған, қол мен аяғыңда бiлезiк болған хәлде келесiңдер. Алайда сендерден бiр топ маған жақындатылмайды. Сол уақытта мен: «Ей, Раббым! Аналар да менiң үмметiмнен ғой», – дегенімде бiр перiште: «Олардың Сенен кейiн не істегендерін бiлесiң бе? – дейдi»,[9]– деген.
Әбу Һурайрадан риуаят етілген тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жәннат әшекейлерi мүминнiң дәретте жуылған жерлерiн жауып тұрады»,- деген екен. [10]
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Ислам ғұлама-ғалымдарының белгілі бір мәселенің үкімін шығаруда бәріне ортақ көзқарастың қалыптасуы.
[2] Мәида сүресі, 6-аят.
[3] Мүттәфәқун алейһ. Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ахмадтар риуаят еткен.
[4] Мишкәтул-Масабих. ІІІ бөлім, 1-хадис. 58-бет. Бұл хадисті Ахмад риуаят еткен.
[5] Мишкәтул-Масабих. І бөлім, 3-хадис. 58-бет. Мүттәфәқун алейһ
[6] Мишкәтул-Масабих. І бөлім, 7-хадис. 57-бет.
[7] Мәлик, Нәсәи,ибн Мәжәһ риуаят еткен. Хасан хадис.
[8] Мүслим. Тирмизи. Нәсәи риуаят еткен. Сахих хадис.
[9] Бұл хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) Имам Мүслим риуаят еткен.
[10] Бұл хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) Имам Мүслим риуаят еткен.