Су арқылы тазалану. Су нәжiс, кiр-ластықты тазалау, дәрет алу мен бой дәрет алу үшiн қолданылатын негiзгi қайнар көз болып табылады. Дегенмен ол дәмінің, түсінің, исінің өзгеру-өзгермеуіне қарай төмендегідей топтарға бөлінеді.

 Таза су. Бұл негізінен түсі, дәмі және исі өзгермеген су. Мұндай судың үкімі: өзі таза және өзгені тазалауға жарамды су.

Мұндай су түріне өзен, қар, жауын, бұршақ, бұлақ, құдық, теңіз, көл сулары жатады. Алла Тағала:

«Тазалануларың (дәрет алып, шомылуларың үшін) және бойларыңнан шайтан азғырындысын шығару үшін, көңілдеріңнің орнығуы үшін сендерге бұлт жіберіп, жауын жаудырдық».[1]

 «…Жер бетінде Біз жаратқан мақұлықты, адамдарды сумен қамтамасыз ету үшін бұлттан тап-таза су түсіріп бердік»,[2]– деген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) истифтәх дұғасында:

 «Ия, Алла! Менің қателерімді сумен, қармен, бұршақпен тазарта көр»,[3] – деген.

Қолданылған су. Бұл дәрет алушының немесе ғұсыл құйынған кісінің дене мүшелеріне тиген су.

Мұндай судың үкімі: егер де түрі, дәмі, исі өзгермеген болса, өзі таза және ластықты тазалуға жарамды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) қолындағы қалған сумен басына мәсих тартқан.[4]

Әрі Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 «Расында, мүмин кісі нәжіс болмайды»,[5]– деген. Мұндай қолданылған су лас, нәжіс нәрсені тазалауға жарамды болса да, дәрет алуға, ғұсыл құйынуға жарамайды[6].

Тазартушы су. Бұл сабын т.б. тазартушы заттар араласқан су түрі.

Мұндай судың үкімі: егер де өзінің бастапқы қалпын жоғалтпаған болса, өзі таза әрі өзгені тазарта алады. Яғни, исі шықпаған, реңі өзгермеген, дәмі бұзылмаған болса, тазартушы болады. Ал, егер осы негізгі үш қасиетінің бірінен айрылған жағдайда тазартушы су деген атынан да айрылып, өзі таза болғанымен өзгені тазартуға жарамсыз болып табылатын гүл суы немесе лимон, анар, алма секілді жемістердің шырыны тәрізді немесе запыран суы, сабын араласқан сулардың қатарына жатады. Умму Атия (р.а.) Алланың Елші-сінің(с.а.с.) қызы Зейнеп қайтыс болғанда:

 «Оны сумен және лотоспен (көп жылдық әсем гүлді су өсімдігі) үш немесе бес яки одан да көп рет жуыңдар және соңында камфар ағашының майымен немесе сол сияқты нәрсемен аяқтаңдар»,[7]– дегенін жеткізген.

Нәжіс (таза емес) су. Бұл – нәжіс немесе соған ұқсас заттар араласқан лас су. Оның түсі, дәмі, исі өзгерген.

Мұндай судың үкімі: ол таза емес және өзгені тазартуға жарамайды.

Сүрту арқылы тазалау. Пышақ, айна, леген, шыны т.б. заттар сұйық немесе құрғақ нәжiспен ластанса, ылғал шүбірек, губка, топырақ немесе кір жуатын ұнтақ салынған шүберекпен нәжіс кеткенше жақсылап ысқылап сүртiлсе, таза болады. Мысалы, мал сойған пышақ таза шүберек немесе топырақпен ысқылап сүртiлiп түгелдей тазаланса, таза саналады және ол пышақ өзімен бірге болса онымен намаз оқуға болады. Бұған дәлел кезінде сахабалар қылыштарын сүртіп тазалап, сосын оны белдерiне байланған қындарына салып, намаздарын өтей беретін болған.[8]

Отпен тазалау. Отқа шыдайтын металға тиген қан және т.б. лас нәрселер күйіп, жоқ болып кеткенге дейiн отқа ұсталса таза болады. Мысалы, ет пiсiретiн темiр тор таза болмаса, онда оны отқа күйдіріп тазалауға болады. Қырып-ысқылау, уқалау және сүрту арқылы тазалау. Мәсi және аяқ киiм секiлдi лас нәрселердi өткiзбейтiн заттарға жануарлардың нәжiстерi тисе сумен немесе пышақпен қырып не жерге сүртiп тазартылады. Егер аяқ киімге нәжіс тисе, оны жерге ысқылайды.

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.):

 «Егер аяқ киіммен лас, нәжіс нәрсені басып кетсе, оның тазаруы топырақпен болады»,- деген хадис жеткізген. Бұл хадис басқа бір риуаятта: «Егер сендерден бір кісі аяқ киімімен лас, нәжіс нәрсені басып кетсе, топырақ оны сөзсіз тазартушы»,[9]– деген үлгіде беріледі.

Ал, егер аяқ киiмге кіші дәрет сияқты көрiнбейтiн нәжiс тисе, тек сол жер жуылып тазаланады. Егер де нәжіс киiмге немесе денеге тиген болса, оны қыру немесе топырақпен сүрту жеткiлiксіз. Мұндай кезде сумен жууға тура келеді.

Қатқан май, т.б. қою нәрселердiң iшiне нәжiс түссе, сол жерді айналасымен қоса ойып алып тастаса таза болады. Пайғамбардың жұбайы Маймунадан (р.а.) мынадай хадис жеткен:

 Пайғамбарымыздан (с.а.с.) майға түсіп кеткен тышқан жайында сұрағанда: «Тышқанды және оның тиген жерінің төңірегін (ойып) алып тастаңдар да май-ларыңды жей беріңдер»,[10]– деген.

Ал, егер май сұйық болса, оның үкімі судың үкімі тәрізді. Яғни, нәжіс зат оны (түрін, түсін, исін, дәмін) өзгертсе, ол таза болып саналмайды. Ал, егер оны өзгертпесе нәжіс деп қабылданбайды.

Нәжісті iшiне сiңдiрмейтiн қатты заттар сумен таза-ланады. Ет, тауық және бидай секiлдi пiсiрiлетiн өнімдер шикi кезiнде тазаланады. Себебі тазартылмаған күйі қайнатылған тағамға нәжіс араласып, сiңіп кетеді. Сон-дықтан малдың бас-сирағы, iшек-қарны асылмай тұрып әуелі жуылып, тазаланады. Сондай-ақ, жүнiн жұлу үшiн қайнаған суға салынған тауық секiлдi үй құстары да таза болмайды. Ол таза болуы үшін бауыздағаннан кейiнгі қанын және iшiн алып жуу қажет. Оны содан соң ғана жүнін жұлу мақсатында қайнаған суға салуға болады.

Құрамын өзгерту арқылы тазалау. Таза болмаған зат сапасы өзгеру арқылы да таза болады. Мысалы, киiк қанының жұпар иiстi затқа айналуы, спирт түрінің өңдеу тәсілі арқылы сірке қышқылына айналуы, тезектiң жанып күл болуы, нәжістің балшыққа араласып, кейiн оның құрғап, кеуiп жоқ болып кетуi, нәжістің топыраққа көмiлiп, уақыт өте келе жойылуы оларды таза күйге келтiредi.[11]

Алайда таза емес сүттен iрiмшiк алынса, не лас бидай тартылса, не ұнынан нан жасалса, немесе лас зәйтун не күнбағыстан май алынса, ол таза болмайды. Өйткенi бұлар негiзiне дейiн толық өзгерiске түсіп тазармаған.

Бауыздау немесе илеу жолымен тазалау. Еті желінетін жануарларды шариғатқа сай бауыздап сойса, еті де, терiсi де таза болады. Мұндай терiнiң үстiнде намаз оқуға болады. Жалпы, доңыздан басқа арам өлген хайуанның терiсiн илеу арқылы тазартуға болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Қандай терi болсын – иленсе таза болады»,[12]– деген. Алланың Елшiсi (с.а.с.) Тәбук сапарында бiр үйдiң қасынан өтiп бара жатып, сол үйден су сұрайды. Бiр әйел шығып: «Ей, Алланың Елшісі! Бiзде тек қана өлген хай- уанның терiсiнен жасалған ыдыста ғана су бар»,- дейдi. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Оны илегенсiң бе?» – деп сұрайды. Ол: «Иә, илегенмiн», деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иленуi – тазалануы»,[13]– дейдi.

Дінімізде доңыздың денесі, еті, терісі, түгі – жалпы барлық нәрсесі арам деп қабылданған. Сондықтан доңыздың терісі қанша иленсе де арам күйінде қала береді.

Құдықты ластықтан тазалау. Құдық оған түскен нәжістің көлеміне қарай төмендегідей тәсіл бойынша тазаланады.

а) Құдыққа етi желiнбейтiн хайуан түсiп кетсе, суы толық шығарылуы қажет. Егер адам түсiп кетсе, құдық одан ластанбайды. Бірақ үстінде нәжіс болған болса, су таза саналмайды. Етi желiнбейтiн жабайы жыртқыш аңдар не құстар түсiп кетсе, дұрыс көзқарас бойынша құдық лас деп есептелінеді.

ә) Құдыққа етi желiнетiн хайуан түсiп кетiп, өлген-нен кейін шығарылса, құдық суы лас деп саналады. Хайуан ісiнiп немесе бөлшектеніп кетсе, құдық суы түгелдей шығарылады. Егер ол бұзылмаған болса төмендегі тәсілдердің бірімен тазаланады. Құдыққа тышқан, торғай сияқты кішкене хайуан түсiп өлген, бірақ бұзылмаған болса сыртқа жиырма не отыз шелек су төгіледі. Ал, егер мысық, тауық, көгершiн не осындай көлемдегі хайуан түсiп өлiп, бірақ әлi бұзылып, сасып кетпей шығарылса, құдықтан қырық не елу шелек су төгілуі қажет.

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] Әнфәл сүресі, 11-аят.

[2] Фурқан сүресі, 48-аят.

16 Мүттәфәқун алейһ. Бұхари, Мүслим,Әбу Дәуіт, Нәсәи және ибн Мәжәлер риуаят еткен.

[4] Сахих хадис. Әбу Дәуіт, Тирмизи,ибн Мәжәһ, Дәрими, Абдуллаһ ибн Ахмадтар риуаят еткен.

[5] Мүттәфәқун алейһ. Бұхари, Мүслим,Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мәжәһ және Ахмадтар риуаят еткен.

[6] Кәсәни. Алауиддин Әбу Бәкір ибн Масғуд. Бәдәи ас-Санәи фи тәртиб әш-Шәрәйи. Бәйрут. 1974 ж. 83-87.

[7] Мүттәфәқун алейһ. Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи,ибн Мәжәһ, Мәлик және Ахмадтар риуаят еткен.

[8] М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. Алматы, 2003 ж. 46-бет.

[9] Сахих хадис.

[10] Бұл хадисті Бұхари, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Нәсәи, Дәрими т.б. риуаят еткен.

[11] Ибн Рушд, Бидәятул-Мужтәһид. І, 461; Ибн Қудәмә, әл-Муғни VIII-319; Ширази, әл-Муһәззәб, І, 48.

[12] Мүслим. әл-Хайд, 105; Әбу Дәуіт, Либәс, 38; Нәсәи,Фәрд 20, 30, 31; Дәрими, Адәхи, 20; Ибн Ханбал, І, 219, 227, 270, VІ, 73.

[13]ә Нәсәи, Фәрд, 4; Ибн Ханбал, ІV, 254, V, 67, VІ, 329, 336.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38