Мәуліт -Адамзаттың ардақтысы, Алла елшілерінің соңғысы – Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні.Күллі Мұсылман жұрты үшін қасиетті мерекеде әрбір азамат қайырымды істермен ерекшеленуге тырысады. Бұл жолы «Қарекет» қоры мен ҚМДБ өкілдері игі істің ұйытқысы болды. Көпбалалы отбасыға пәтер сыйлап, сауапты іс жасады.
Мәуліт арабша «туылу», «туған уақыты» деген мағынаны білдіреді. Қиямет күнгі шапағатшымыз, Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) туған күнін ұлықтау – құптарлық амал. Бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс.
Бақтыбай Қыдырбайұлы – Шымкент қаласының бас имамы
Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – Пайғамбарымызға мадақ айтып, салауат арнау.
Тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуда Алланың есімі ұлықталып, Пайғамбарымызға сансыз салауат айтылды. Ерекшелігі сол – «Мәуліт жыры» тұңғыш рет қазақ, өзбек, түрік және араб тілінде оқылды. Көп көңілінен шыққан театр әртістері сахналық қойылым көрсетіп, тұшымды уағыз тыңдалды.
Мұхамеджан Естеміров – Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары
Бұл мерекені жыл сайын атап өтіп келеміз. Негізгі мақсат – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін дәріптеу, жастарға имандылық иірімдерін ұялату, отансүйгіштік, ата-ананы құрметтеу т.с.с. асыл қасиеттерін осы рухани кеш арқылы жеткізсек деген ниетіміз бар
Қасиетті айдың қадірін арттыратын игі іс – қайырымдылық. «Қарекет» қоры мен ҚМДБ Шымкент қалалық өкілдігі «1000 теңгеге баспана» жобасын қолға алған болатын. Онда көпшілік 1000 теңгеден садақа беріп, үйсіз жүрген жанұяларға қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Осындай сауапты істің арқасында бір отбасы тұрғын үйлі болды. Меруерт Құдайбергенова – көп балалы ана.Тіршілік тауқыметінен қажыса да, 6 баласын үйсіз жүріп асырады. Баспаналы болу бақыты бұйырар деп үмітін үзбеді. Міне, қамкөңіл жандардың көмегінің арқасында, мәуліт айын өз шаңырағында қарсы алмақ.
Меруерт Құдайбергенова – көп балалы ана
Бүгін баспаналы болып жатырмыз.Бірінші Алланың қалауы, екінші «Қарекет» қорына алғысым шексіз. Әрбір баспанасы жоқ қазақстандық бауырларымыз баспаналы болсын.
Сауапты да, салауатты шара – мәуліт кешін ұйымдастыру жалғасын тауып келеді. Ендеше осы айда – Пайғамбарымыз әміріне мойынсұнып, сүннетін орындауға ұмтылайық.
Ш.ПАЙЗІЛДӘҚЫЗЫ