Құран немесе Құран Кәрім (араб.: القرآن‎) — Ислам дініндегі негізгі киелі кітап. Мұсылмандар оның Мұхаммед  пайғамбарға (с.а.с) ақиқатты баян ету үшін түсірілгендігіне, адамзатқа одан үзілместен жеткен Аллаһтың сөзі екендігіне сеніп, иман келтіреді. Оны оқу (тиләуәт) арқылы Аллаһқа құлшылық қылады. Құран Тәурат пен Інжілден кейінгі кітап ретінде және араб тіліндегі  кітаптардың ішінде шешендік тұрғысынан ең байы саналады.

Құран уахидың түскен жері мен уақытына байланысты меккелік  және мединелік боп бөлінген 114 сүреден  тұрады.

Мұсылмандар Құран Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) 40 жасқа жеткеннен бастап қайтыс болған уақытына дейін (632 жыл/11 һ.ж.) 23 жыл бойы Алла тағала тарапынан Жәбрейіл періште арқылы түсірілгеніне сенеді. Сонымен қоса мұсылмандар Құранның сахабалармен дәлме-дәл сақталғанына, оның аяттарының анық баяндалғанына, оның барлық замандағы күллі адамзатқа уағыз ретінде жіберілгендігіне сенеді.

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) өлімінен кейін Құран әділетті халифа Әбу Бәкр әс-Сиддиқ пен Омар ибн әл-Хаттабтың  ұсынысына сәйкес бір нұсқаға жиналады. Екінші халифа болған Омардың өлімінен кейін Құранның бұл нұсқасы иман келтіргендердің анасы Хафса бинт Омарда  сақтаулы қалды. Бұл жағдай үшінші халифа Осман ибн Аффанның  мұсылмандардың Құран оқудағы түрлі диалектердің себебінен болған қайшылықтарын көргенге дейін жалғасады. Осман Хафсадан Құрайыш  диалектіне сәйкес жазылған нұсқаны ортақ үлгі болу үшін сұрап алып, көшірмелерін жасауды, оған сәйкес емес нұсқаларды жоюды әмір етеді. Османның бұл жинақтаған Құранның нұсқасы халифат аумағына таратылып, ол бір нұсқасын өзіне қалдырады. Бұл нұсқа Османның мусхафы (Құранның экземплярын «мусхаф» деп атайды) аталып кетті. Зерттеушілер Осман жинаған Құранның нұсқасы Әбу Бәкр жинаған нұсқаға толығымен сәйкес санайды.

Құран бүтіндей бір діннің негізгі кітабы болғандықтан оның түрлі ғылыми тұжырымдары, өзіндік бағыттары, тиісті зерттейтін мамандары бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше Құранды тек оқып шықпай, терең түсіну үшін тек араб тілі жеткіліксіз, Құран кітабының өзіне тән ғылымдарды оқу керек. Бұл ғылымдардың саны елуден астамға жетеді.

Кейінгі ғасырларда  ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді Құран Кәрімнің осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кетуі көптеген батыс-шығыс ғалымдарын таңғалдырып, Исламға бас идіргендігі белгілі. Міне, бұл кейбіреулер айтып жүргендей Құранның авторы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) емес, Алла тарапынан жіберілгендігінің нақты дәлелі.

Мысал келтірейік. Өсімдіктер де аналық-аталыққа бөлінеді. Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттеліп білінгені бәрімізге мәлім. Ал, Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен:

                   سُبْحَانَالَّذِيخَلَقَالْأَزْوَاجَكُلَّهَامِمَّاتُنبِتُالْأَرْضُوَمِنْأَنفُسِهِمْوَمِمَّالَايَعْلَمُونَ

«Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді және өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк».

Әлемдік ғылым дамыған сайын оның сыры да белгілі бола бастады. Бір хадис естіген едік: «Ғылым дамыған кезде, Ислам дамиды» – деген. Ол – адам ақыл- ойының, логикасының туындысы деу шындыққа мүлдем жанаспайды. Қазіргі өркениетті, ғылым, білім, электроника, ақпараттық заманда дүние жүзінің таңдаулы, маңдайалды ғалымдары Құранға бас иіп, оның ғылыми тереңдігі мен шексіз қасиетіне таңдай қағуда.

Мысалы, Жапонияның тауларды зерттеуші, геолог-профессоры Сиеведа: «материктік және су астындағы таулардың ерекшелігі мынада: олар бейне жерге қағып кіргізілген қазықтар сияқты, олардың жер астында жалғасы бар » – деген ғылыми жаңалығын жария еткенде, оған Құранның «Нәба» сүресінің 6-7 аятындағы: «Сендер үшін біздің төсеніш етіп Жерді, оған қазық етіп тауларды жаратқанымыз өтірік пе?», – деген сөздерді оқып берген екен. Сонда Сиеведа: «Бұл адам сенгісіз жағдай. Тіпті мүмкін емес. Алайда, Құрандағы нәрсе – ақиқат, шындық және дәлме-дәл. Бұған дейін мұны ғалымдардың ешқайсысы білген жоқ еді. Қазіргі кездегі ғылыми шындық, Ислам шындыққа қарсы келмейді», – депті.

АҚШ профессоры, атақты геолог Альфред Кронеге «Әнбия» сүресінің 30- аятындағы: «әуелде көк пен жер біртұтас еді ғой. Біз екеуінің арасын ажыраттық. Жанды мақұлықтардың барлығын судан жараттық. Кәпірлер осыны қалай білмейді? Оған неге сенбейді?», – дегенді оқып бергенде қатты таң қалыпты. «Бәдәуи мұны қайдан алған? Бұл жақында ЭВМ мен техниканың көмегінің нәтижесінде белгілі болды. Бұның 1440 жыл бұрын өмір сүрген, ядролық физика туралы ештеңе білмейтін адамның жер мен аспан денелерінің бір уақытта жаралғанын ақылмен танып білуге қабілеті жетпейді. Оның мұны білуі мүмкін емес еді», – депті Мұхаммедті (с.а.с) меңзеп. Және ол өтіп жатқан симпозиумның қорытындысында: «Бұл ақиқат – Құдай жоғарыдан түсірген нұр», – деп қортындылапты.

Қазіргі заманда рентген сәулесі арқылы ғана ана құрсағындағы нәрестенің даму процесін ашып, ғылыми тұжырым жасалуда. Ал, бұл Құран аяаттарында тап қазіргідей суреттелген. «Адамды топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға – жатырға орналастырдық. Ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік, одан соң сүйекке ет қондырдық, оған жан кіргізіп басқадай жаратылысқа айналдырдық. Аса шебер Жаратқан Иең барынша ұлы!»

Осы жайлы Канаданың анатомия профессоры Доктор Мур мен АҚШ ғылыми-зерттеу Ислам акедемиясының атақты ғалымы Шейх Мұстафа былай дейді: «Құранда пайдаланылған терминдер эмбрионның әр сатыда даму өзгерістерінде болып жатқан әр түрлі процестерді хронологиялық тәртіппен өте дәлдікпен баяндап береді. Адамның іште дамуы жайлы көптеген ғылыми жаңалықтар ХХ-ғасырда белгілі болып жатқанда VII ғ. Мұхаммедке (с.а.с) ондай нәрселер қайдан белгілі болсын. Аллаһ тағалаға біздің өсіп-дамуымыз ған емес, біздің өміріміз де, жасаған әрекеттеріміз де белгілі». Токио обсерваториясының директоры, профессор Ешиди Крзан жұлдыздардың газ тәрізді зат пен түтінен пайда болғанын айтады. Және де ол Құранның «Фуссилат» сүресінің 11-12 аятында және «Фурхан» сүресінің 61-атында осы жайлы жазылған Аллаһ сөзін мысалға келтіре отырып, төмендегіше тұжырым жасайды: «Мен әлем дүниесін зерттеудің жаңа тәсілін таптым. Қазіргі біз телескоптар арқылы аспан денелерінің негізгі массасы мен топтауын көре аламыз. Сондықтан да мен Құранды оқып және сауалдарға жауап алып, осылайша Құранның көмегімен алдағы уақытта әлем дүниесін зерттеудің тиімді жолын табатынымызға сенем».

Дүниежүзіне белгілі океанограф Жак Кусто талай теңіздер мен мұхиттардың тұңғиығына сүңгіп, зерттеп білген адам. Ол мұхит пен теңіздің мен білмейтін жұмбақ сыры жоқ деп ойлайтын. Бірақ теңіз астында өзен барын, ол бір бағытта ағып жатқанын, сөйтіп теңіз астында бір-бірімен қосылмайтын екі судың бар екенін көріп таң қалған. Сонан соң мұндай құбылыстың Құранда XIV ғ. бұрын жазылғанын көріп, жағасын ұстаған.     «Ол қосылып кету мүмкіндігі бар екі теңізді қатар ағызып қойды. Бірақ араларында тоспа тастады да, қосылмайды. Тәңірдің қай тағылымын жоққа шығара аласыңдар. Екеуінен де інжу-маржан шығады. Тәңірдің қай ізгілігін теріс дей аласыңдар», – депті.

Міне, қарап тұрсақ Құранның таусылмас мұғжиза екендігін көреміз. Ал біздер осыны дұрыс түсініп жүрміз бе? Меніңше жоқ, егер дұрыс ұғынып, оң ойлап жүрсек біздер қандай да бір теріс қылықтарға бармас едік деп ойлаймын. Алла тағала баршамызды оң, тура жолда жүруге нәсіп етсін!

Айекеев Ғалымжан

Кентау қалалық орталық мешітінің бас имамы 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38