Әбу Фадл деген ғалым былай депті: «Алла Тағала Өзінің Кітабын он түрлі есіммен атады. Олар: Құран, Фурқан, Кітап, Тәнзил, Һудә, Нұр, Рахым, Шифа, Рух, Зикр. Құран, Фурқан және Кітап бұлар мәшһүр есімдері. Ал Һудә (Тура жол көрсетуші), Нұр, Рахмет, Шифа, Рух, Зікір төмендегі аяттарда келді. Алла Тағала былай деді: «Әй, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге шипа, сенушілер үшін тура жол және рахым (түрінде Құран) келді» (Жүніс, 57); «Расында, сендерге Алладан бір нұр және ашық бір кітап келді» (Мәида, 15); «Саған осылайша бір рух уахи еттік» (Шура, 52); «Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп зікірді түсірдік» (Нахл, 44).