Біздерді иманның қуанышына бөлеген Жаратушы Алла тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын!

Адамзаттың қараңғылықтан жарыққа шығуына себепші боған бүкіл әлемнің мақтанышы – Мұхаммедке (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар болсын!

Өмір бар жерде өлім бар. Солардың қатарында қайтыс болған адамын арулап жерлеп, ақтық сапарға шығарып салу – әрбір мұсылманның қастерлі міндеті. Жаратылған жанның өлетіні хақ, Мәңгілік бір Аллаға тән. Алла Тағала Құранда: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» («Әли Имран» сүресі, 185-аят), – дейді.

Иә, өлім хақ. Абайша айтар болсақ, «Өлу үшін туғансың ойла, шырақ». Қандай әулет болмасын, ертелі-кеш қаралы жайтты басынан кешері анық.

Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас  пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі.

Қазіргі таңда өкінішке орай қоғамымызда дұрыс тәрбиеден алыс, имандылықтан ада қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзіліп, тіпті өзара дауласып жатқан бауыр еті бір ағайын-туысқандарды көптеп кезіктіріп жатамыз. Аз күнгі ғұмырда сыйласып өмір кешудің орнына болмашы дүниенің соңында немесе болмайтын нәрсеге бола бір-бірімізден алшақтап кетіп жатамыз. Ал бұл Алла сүймейтін іс. Туыстық қарым-қатынастың маңыздылығы ерекше.

Құран Кәрімнің «Нақыл» сүресінің 90-аятында: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туыстарға қарайласуды бұйырады». Келесі бір «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине, кім  кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – делінген.

Әнас ибн Мәлік (р.а.) Алла елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді: «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін».

Әбу һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».

Сонымен қатар, Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат болсын: «Уа, адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер…..», – деп біздерге нақты бағыт-бағдар ұсынды..

Расында, он екі ғасырдан бері ата діні – Ислам жолымен жүріп, қасиетті Құран мен Ардақты Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық қарым-қатынасқа ерекше мән берген, жіті көңіл аударған. Оның айғағы – дана халқымыздың озық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының, дөп басып айтқан мақал-мәтелдерінің шариғатпен ұштасуы. Соның мысалы ретінде ақын Майқы би бабамыз айтқандай: «Ауыр жүкті бөлісу – ақ атаның парызы».

Бұқар жырау: « Ағайынның аразы елдің сәнін кетірер, абысынның аразы ауыл сәнін кетірер».

Мәшһүр Жүсіп:

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын.

Ауырыңда жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп, бетіңнен қақпайтын да ағайын.

Ағайын-туысқандармен қарым-қатынасты үзбей, көркем мәміледе, тату-тәтті байланыста болу – жұмақ-пейішке кіруімізге жетелейтін ұлы амал. Сол себептен ағайынға, бауырға, көршіге, елге деген құрмет азаймауы тиіс.

Сондай-ақ, біздер өзімізді қабыр азабынан сақтандыруымыз керек. Қабір азабының еш күмәнсіз болатындығына сенуге тиіспіз. Және мүнкәр-нәкір періштелерінің сұрақтың астына алуы да да ақиқат. Өйткені, ол нәрселер хадистерде айтылған.

            Әһли сүннет сенімі бойынша қабір өмірі бар. Онда Алланың бұйрығын орындап, тыйымынан тыйылып жүрген мүмін-мұсылмандар рахат көрсе, кәпір және кейбір күнәһар мұсылмандар азап шегеді. Қабір әлемі біздің ақылымыз жетпейтін құбылыстарға толы. Ондағы өмірдің егжей-тегжейін тек Құран аяттарынан немесе ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінен ғана біле аламыз.

Алла Елшісінің қабір азабы туралы айтылған хадистері баршылық. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде адам қайтыс болғаннан кейін, қабірде рухы денесіне қайта оралады да, содан соң екі періште оны отырғызып қойып сұрақ сұрайды делінген. Осыған орай мына мәселені айтып өткенді жөн санаймыз. Бір күні яһуди дінін ұстанатын бір әйел Айша анамыздың (р.а.) үйінде болады. Әлгі әйел сөз арасында қабір азабы туралы айтады да артынан: «Алла сені қабір азабынан сақтасын», – дейді.  Қабір азабы туралы бұрын естімеген Айша анамыз Пайғамбарымыздан сол жайында сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Иә, қабір азабының бар екендігі ақиқат», – деп жауап береді. 

Қабір азабынан сақтау жөнінде Алла тағалаға әрдайым сыйынып отыруымыз қажет. «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) әр намазының соңында қабір азабынан Аллаға сыйынатын еді» – дейді Айша анамыз (р.а.).  

          Асыл Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде рухтың денеге қайта оралатындығы және қос періштенің қабірдегі адамды отырғызып қойып: «Раббың кім?», «дінің не?», «сендерге жіберілген кісі кім?», «оларды қайдан білдің?» деген сұрақтарды сұрайтындығы айтылады. Мүмін-мұсылман періштелердің қойған сұрағына жеңіл жауап беріп, Жаратушының жарылқауына кенеледі, ал, кәпір жауап бере алмай, қияметке дейін қабір азабына душар болады.

           Қабірге зиярат жасаудың артықтығы жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан шығарылған  «Жаназа және жерлеу  рәсімдері» кітабында зиярат қағидалары мен талаптары былайша нақтылы көрсетілген.

Қабірді зиярат ету тәртібі:

1.     Алланың ризалығы үшін шынайы ықыласпен ниет етіп зиярат ету;

2.     Зиярат еткенде дәретпен бару;

3.     Аз уақыт болса да дүние тіршілігін тастап, ақыретті ойлау;

4.     Зират орындарында ақырын жүру, дауыс көтеріп сөйлемеу;

5.     Қабір жұртына сәлем беру;

6.     Қабір басында «Фатиха», «Ясин», «Мүлік», «Ықылас» сүресін немесе өзі білген сүрелерді оқып, сауабын марқұмға бағыштау.

7.     Қабірдің үстін баспау;

8.     Марқұмның жақсы қасиеттерін еске алу;

9.     Зияраттан тыныш, байыпты күйде қайту.

Халқымыздың діни бірлігі мен рухани ынтымағын  сақтап күшейту үшін, Алла тағалаға ғибадаты мен ғибраты мол, жомарт мінезді құлдардан болудан нәсіп етсін! Алла тағала еліміздің ынтымағы мен бірлігін нығайтып, түрлі даулар мен жанжалдардан, алауыздықтардан сақтасын, әмин!

Қанат Кенжебеков, Шымкент қаласы, Қаратау аудандық 

«Байғұт баба» мешітінің бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38