Үстіміздегі жылды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти хазреттің «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялауына орай, Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық «Исамиддин баба» мешітінде аудан имамы Ербосын қажы Бектұрсынұлы мен аудандық «Әйел-қыздар» секторына жауапты Сыздықова Гүлжан ұстаздың ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында семинар-тренинг және дін мен дәстүрге қатысты шаралар болып өтті.
Семинарға Шымкент қаласының орталық мешітінің наиб имамдары Ахметжан қажы Пірәліұлы мен Мұхаметжан қажы Естемиров және ауданда орналасқан мешіттердегі әйел-қыздарының ұстаздары мен «Әжелер мектебінің» бір топ қажы апаларының қатысты.
Семинарда имам Ахметжан қажы «Отбасына жақсы қарау – ізгіліктің бастауы» тақырыбында және Мұхамметжан қажы «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында баяндамалар жасады.
Шара барысында, ұстаздар мен шәкірттердің оқыған Хатым Құранды бағыштау және бүлдіршін қыздың «тұсауын кесу» рәсімі орындалды.
Ұлттық нақышта безендірілген жарты киіз үй мен төсеніштер үстінде өткен семинар-тренинг пен рухани шараның қатысушылар үшін өте әсерлі болғаны олардың көңіл күйлерінен айқын байқалып тұрды.
Ұйымдастырушыларға алғысын жаудырған қажы апаларымыз, бұндай шараның рухани тәрбиеге қосар үлесі мол екендігін айтып, алғыстарын білдірді. Сондай-ақ мешіт аумағында отбасылық кеңес беру орталығы ашылатын болып шешілді.
Жалпы шараға қатысушылар саны 40-тан асты.
Соңынан қатысқандарға арнап дастархан жайылып, дәм берілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі






