Ислам діні – өзің ғана емес өзгенің де қамын жеуге итермелейтін қайырымдылық діні. Яғни «мен» деп менменсінудің жолын кесіп, «біз» деп бірігуге үндейді. Осындай қайырымдылықтың бірі түрі – уақып. Уақып – меншігіңдегі мүлікті халықтың игіліне ұсыну. Мұның түпкі мәні мен маңызы зор. Уақыптың өзегінде дүние мен ақыреттегі жағдайыңды реттеу, ең алдымен өзіңді тәрбиелеу, яғни дүниеқоңыздықтан арылудың жолы жатыр. Сондай-ақ қоғам арасындағы сүйіспеншілік пен мейірімділікті қалыптастырудың негізі. Адамдардың бір-бірлеріне қарайласып, көмек қолын созған жерде бірлік те тірлік те, бір-бірлеріне деген мейірімділіктің де оянары сөзсіз. Қазақта «өле жегенше бөле же», деген нақылдың төркіні талай нәрсені аңғартып тұр. Абай Құнанбайұлы отыш жетінші қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боларсың», деп халықтың қамын жеп өмір сүруді адамдыққа балаған. Ал бұл жомарт жандардың қолынан келері айқын.
Жомарттық – қайтарымсыз сый беру. Берілген нәрседен бір нәрсе күтсе, ол жомарттыққа емес, саудаға жатады. Қайтарымсыз берілген нәрсенің маңыздылығы артып, жомарттыққа баланады. Ал иманды жанның нәпсінің құрығынан құтылып, дүние мен ақыретте мәртебесінің көтерілуіне жол ашады. Өмірдің тек қана ойын-сауық, атақ пен байлықтан тұрмайтынын, мәңгілік өмірдегі бақыт есіктерінің кілті – Алланың разылығына бөлену екендігін білген мұсылман жан, қолындағы мүмкіндіктерді осы мақсатта пайдаланады. Осы ретте, жомарт мұсылмандар жайлы баяндалған мына аят барлық мұсылмандарға жол сілтейді: «Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Һәм оларға: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырамыз. Бұл үшін сендерден ешқандай төлем де, алғыс та күтпейміз». «Расында, біз адамның түрін қашырып, қабағына кірбің түсіретін алапатты күн туғанда Раббымыздың жазасына ұшыраудан қорқамыз», – дейді. Сондықтан Алла, оларды сол күннің апатынан сақтап, жүздері бал-бұл жайнаған, шат-шадыман күйде қабылдайды». (Инсан сүресі, 76/8-11 – аяттар)
Жомарттық – бейнетпен келген байлықты жоғалту, малды далаға шашу деген сөз емес. Керісінше, ол – мал-мүліктің баяндылығын сақтап, дүниелік табыс арқылы ақыреттегі жағдайды жасау. Бір күні Алла Елшісінің үйінде бір қой сойылады. Айша анамыз қойдың алдыңғы аяғынан басқа мүшелерінің барлығын көршілеріне таратады. Әзірет Пайғамбар үйіне келген кезде: «Қойыңнан не қалды?» – деп сұрайды. Айша анамыз: «Қойдың алдыңғы аяғынан басқа еш нәрсесі қалмады», – деп жауап береді. Сондағы Алла Елшісінің айтқан сөзі өте мағыналы еді: «(Демек) оң аяғынан басқасы (бізге сауап ретінде) қалған екен!» – дейді. (Тирмизи, Сыфaтул-қиямет, 33.) Мал мен байлықты осылай бағалаған Алла Елшісі (с.а.с.), өмірі тек қана байлығынан тұратын әрі өмірін дүние жинауға арнаған жандарға ескерту жасаған. (Мүслім, Зухд, 3.) Осы тұрғыда ол (с.а.с.), адамның нағыз дүниесі – өлмей тұрып жақсылық жолында жұмсап, алдын-ала жібергені; ал қайырымдылыққа жұмсамай, қабірге басы жеткенше жинап, сақтағандары мұрагеріне тиесілі екенін білдірген. (Бұхари, Риқақ, 12.)
Жомарттық – адамды дүниенің өткінші ләззатына батып, ақыретті ұмытудан сақтайды. Сондай-ақ қоғамда өзінен басқа адамдардың да өмір сүріп жатқанын ескертіп, сараңдықтың кесірінен, құрдымға түсіретін дүниеқоңыздықтан сақтайды.
Жомарттық – шын көңілден беру. Байлығымен талай дүниені сатып алып, жабырқау жандардың көңілін таба алмағандардың жағдайы қандай аянышты. Жомарттық – көңіл мен ар-ожданның бөлісу сезімінен мақұрым қалмауы. Егер көңіл бөлісу сезімінен айырылған кезде сараңдық жайлап, менмендіктің шұңқырына түседі.
Алла Елшісі сый бергенде сараңдықтан сақтанып, берген нәрсесін қимастықпен қиналып, тиындап беруге байланысты мынадай мысал келтірген: Бір күні Пайғамбардың құтты шаңырағына бір қайыршы келеді. Әзірет Айша оған: «Мынаны ал!» – деді. Бірақ қайыршы кетпей тұрып оның не алғанына қарады. Мұны көрген Алла Елшісі «Үйіңе сенің хабарыңсыз ешбір нәрсенің кіріп-шығуын қаламайсың ғой, солай ма?!» – деді. Әзірет Айша; «Иә», – деп жауап бергенде, Алла Елшісі (с.а.с.): «Айша! Асықпа! Санама, санап берме! Бүйтетін болсаң, Алла да саған санап береді», – деп оған ескерту жасаған. (Нәсаи, Зекет, 62.)
Уақып – мүлігіңді бөлісіп, адамдыққа, жомарттыққа тартылған жол. Ендеше осы жолға түсіп жомарт жандардың қатарынан табылып, Алланың мына сыйына бөленуді баршамызға нәсіп етсін, «Қолындағысын Алла жолында күндіз-түні жұмсағандар, жұрт көзінше де, көрсетпей де бергендер Алланың жарылқауына ие болады, ондайларға қорқыныш та, қасірет те жоқ» (Бақара сүресі, 2/274 – аят).
Берік Қадаров «әл-Біләл» мешітінің имамы