Мұса (ғ. с). нәби, расулдердің ең ұстамды, беріктерінен болған еді. Лақап, жанама аты Кәлимулла. Шынында, Алла онымен тікелей тілдескен. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) былай дейді:
«Сен кітаптағы Мұса оқиғасын да естеріне сал. Шындығында ол нағыз берілген әрі елші, әрі пайғамбар еді» (Мәриям сүресі, 51-аят).
وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ مُوسَى إِنَّهُ كَانَ مُخْلَصاً وَكَانَ رَسُولاً نَّبِيّاً .51
«(Алла айтты:) «Ей, Мұса! Анығында, адамдар арасынан пайғамбарлыққа әрі өзіммен сөйлеуге мен сені таңдадым. Саған сыйлаған пайғамбарлықты қабыл ал және шүкіршілік ет», – деді» (Әғраф сүресі, 144-аят).
قَالَ يَا مُوسَى إِنِّي اصْطَفَيْتُكَ عَلَى النَّاسِ بِرِسَالاَتِي وَبِكَلاَمِي فَخُذْ مَا آتَيْتُكَ وَكُن مِّنَ الشَّاكِرِينَ .144
Һарун (ғ.с.) Мұсаның туыс інісі болатын. Мұса Тәңірінен оны өзіне жәрдемші етуді өтінді.
وَاجْعَل لِّي وَزِيراً مِّنْ أَهْلِي .29 |
هَارُونَ أَخِي .30 |
«Маған өз інім Һарунды жәрдемші етіп бер»
(Та-һа сүресі, 29-30-аяттар).
«Сол арқылы мені күшейте түс, менің ісіме оны ортақтастыр» (Та-һа сүресі, 31-32-аяттар).
Алла Мұсаның тілегін орындап, Һарунға пайғамбарлық берді және оны Мұсаға жәрдемші етті. Бұл Алланың оған жасаған рахымы еді.
«Ықыласымыздың ауғаны сонша, оның туысы Һарунды да пайғамбар еттік» (Мәриям сүресі, 53-аят).
БӘНИ ИСРАЙЛДЫҢ ҚУҒЫН–СҮРГІНІ
Жүсіп қиссасында Жақып ұрпақтарының бірі қалмай Мысырға қалай көшіп келгені туралы әңгімелеген едік. Олардың көшіп келуіне Жүсіп себепші болған еді. Ол әкесі Жақып пен бүкіл әулетін көшіріп әкелуге сол кездегі Мысыр патшасынан рұқсат алған болатын. Олар Балбистің солтүстігіндегі Жасан жеріне орналастырылды. Бұл хна өндіретін және мал бағуға қолайлы, жайлымы мол жер болатын. Олар мал шаруашылығымен шұғылданатын, мал бағып-өсіруге машықтанғандар еді, сондықтан сол замандағы патшалардың малшылары болып жұмыс атқарды. Мұнда олар тамыр жайып, өсіп-өрбіді. Бірақ Мысырдың кейінгі патшалары Бәни Исрайл ұрпақтарының өсіп бара жатқанынан қорқып, оларды қуғын–сүргінге салып қудалай бастады. Билікке Рағмисис ІІ келгенде Мысыр дұшпандарына қосылып кетер деп қауіптеніп, оларды ауыр жұмыстарға жұмсап күш–қуатын әлсіретуге тырысты. Балгерлер мен көріпкелдер де олардың болашақта Перғауынның патшалығына қатер келтіретінін ескертумен болды. Бәни Исрайлдан дүниеге пайғамбар келетінінен, патшалық олардың қолында болатынынан хабар берді. Сөйтіп, патшаға олардың санын көбейтпеу үшін олардан туылған ер балалардың бәрін өлтіруді, ал тез өлулері үшін жасы жеткен қарттарын ауыр жұмысқа салуды ұсынды. Бұл ұсынысқа құлақ асқан Перғауын жаңа туған балалардың бір жылғысын өлтіріп, бір жылғысын өлтірмей қалдыруға бұйрық берді.
Һарун өлтірілмейтін жылғы балалардың қатарынан болып аман қалды. Ал, Мұса балалар өлтірілетін жылы туылды. Сондықтан анасы оны көзден аулақ жерде туып, Перғауыннан жасыруға тырысты. Перғауынның Бәни Исрайлға жасаған зұлымдығы туралы Құран аяттары былай дейді:
«(Ей, Мұхаммед!) Иман айтқан (иланған) қауымға (түсіндіруің үшін) саған біз Мұсаның және Перғауынның оқиғасын айтып беруге тиістіміз» (Қәсас сүресі, 3-аят).
«(Мысыр) жерінде Перғауынның асқақтап кеткені анық еді. Ол өз халқын жік–жікке бөліп, олардың бір тайпасын (Исрайл әулетін) әуреге салды. Олардың ұлдарын өлтіріп, қыздарын ғана алып қалды. Перғауын нағыз бұзық еді» (Қәсас сүресі, 4-аят).
«Біз (Мысыр) жерінде жапа шеккендерге рахым етуді ниет еттік. Біздің пиғылымыз – оларды жолбасшылар ету, Перғауынның және оның қауымының (мал–мүліктеріне) соларды мұрагер ету» (Қәсас сүресі, 5-аят).
МҰСАНЫҢ ПАЙҒАМБАРЛЫҚҚА ДЕЙІНГІ ӨМІРБАЯНЫ
Мұса туылғаннан кейін бір айдай ата–анасының қамқорлығында болды. Алла анасына оның сырының ашылып қалатынын білдіріп, баланы сандыққа салып Нил өзеніне ағызу керектігі туралы аян берді. Көп ұзамай қайта қауышатындарын, болашақта оның пайғамбар болатынын білдіріп, көңілін тыныштандырды. Сөйтіп, Мұсаны сандыққа салып, Аллаға тапсырып, Нил өзеніне ағызып жіберді. Перғауынның қызметшілері сумен ағып келген сандықты алып ашқан кезде Перғауынның әйелінің көзі балаға түсті. Алла әйелдің жүрегіне мейірімділік сезімін түсірді. Ол еріне өзінің перзент көтеруден қалғанын айтып, баланы өлтірмей асырап алуды өтінді. Перғауын әйелінің өтінішін орындап, баланы өлтірмей тірі қалдырды. Сөйтіп, Мұса Алланың сақтауымен өлімінен аман қалды. Перғауын мен оның уәзірі Һаман өздерінің дұшпандарын тауып алғандарынан хабарсыз еді.
Сандықтың қайда ағып барғанын бақылау үшін Мұсаның анасы сіңілісін жұмсады. Ол Мұсаның Перғауынның үйіне кіргізілгенін және оны емізетін әйел іздеп жатқанын көріп, оларға ондай әйелді білетінін ай тты. Сөйтіп, бұл хабарды Мұсаның шешесіне жеткізді. Бұл ананың жүрегін одан әрі қобалжытты. Бойын үрей биледі. Бірақ Алла оның Мұсаны емізуші болатынын білдіріп, көңілін орнықтырды. Сөйтіп, балаға келіп емшегін бергенде ол еме бастады. Одан бұрын келген әйелдердің бөтен екенін білгендей сәби олардың бірде-біреуінің емшегін сормаған еді. Осылайша Алла ана мен баланы қайта қауыштырды. Алланың құдыреті, міне, осындай!
«Мұсаның анасына біз мынадай аян бердік: «Мұсаның аузына емшек сал. (Егер) оған қастандық жасалады деп қорықсаң, оны (сандыққа салып) суға ағызып жібер. (Ештеңеден) қорықпа да қайғырма. Біз оны, сөзсіз, саған қайтарамыз және пайғамбар етеміз» (Қәсас сүресі, 7-аят).
«Түптің түбінде өздеріне дұшпан болатын, қасірет тарттыратын сол (Мұсаны) Перғауынның өз үйіндегі адамдар судан шығарып алды. Бұл жерде Перғауынның да, Һаманның да және олардың қосындарының да жаза басқаны даусыз еді» (Қәсас сүресі, 8-аят).
«(Осы бала) менің де, сенің де көз нұрымыз болсын, оны өлтірмеңдер, бәлкім, ол бізге бір пайда келтірер, бәлкім, оны бала етіп алармыз, – деді Перғауынның әйелі. Бірақ (түптің түбінде не боларын) олар түсінбеді» (Қәсас сүресі, 9-аят).
«(Перғауынның қолына түскенін естігенде) Мұсаның анасы ақыл– есінен айрылды. (Баланы өзіңе қайтарамын деген Алланың уәдесін) есіне алып, көңілін тыныштандырмағанда, ол өз баласын өзі әшекерелеп қояр еді» (Қәсас сүресі, 10-аят).
«Мұсаның соңына түсші!» – деді анасы Мұсаның (нағашы) әпкесіне. Ол Мұсаны алыстан бақылап жүрді. Бірақ мұны ешкім сезген жоқ» (Қәсас сүресі, 11-аят).
«Мұсаны (өз анасынан басқа) асыраушы әйелдердің емізіп қоюынан сақтадық. «Сендерге бұл баланы жақсы бағатын бір үйді тауып берейін бе?» – деді Мұсаның әпкесі. – Олар баланы ықыласпен бағатын адамдар» (Қәсас сүресі, 12-аят).
«Қуансын, қасірет шекпесін және Алланың уәдесінің шын екенін түсінсін деп біз Мұсаны анасымен қайта табыстырдық. Бірақ адамдардың көпшілігі мұны біле бермейді» (Қәсас сүресі, 13-аят).
Сөйтіп, анасы Перғауынның сарайында баласын тәрбиелеуге кірісті. Мұса ер жетіп өскен шақта Алла оған білім, даналық берді.
«Ер жеткен соң, ақылы толған соң біз оған пайғамбарлықты да, тағылымды да сыйладық. Жақсыларға біз сондай сый береміз» (Қәсас сүресі, 14-аят).
Мұса – қос сөзден құралған есім (Му және ша). Му – ежелгі Мысыр тілінде судың аты. Ал, Ша – ағаш деген мағынаны білдіреді. Оның бұлай аталуы ағаш сандықпен суға тасталуына байланысты туған. Сондай-ақ, бұл сөз Мысыр тілінде нәресте дегенді де білдіреді.
МҰСАНЫҢ ИСРАЙЛДЫҚҚА ЖӘРДЕМ БЕРУІ
Мұса Перғауынның сарайында тәрбиеленіп, мықты күші иесі болып өсіп жетілді. Ол Перғауынның әулетінен емес, қудаланушы Исрайл халқынан шыққан еді. Сондықтан ол исрайлдықтарға қорған болуы тиіс. Мұса бір күні білдірмей Перғауын сарайынан қаланы аралауға шықты. Сөйтіп, екі кісінің жанжалдасып, ұрыс–керіс жасап жатқан үстінен түсті. Олардың біреуі оның қауымынан исрайлдық та, екіншісі перғауындық еді. Исрайлдық Мұсадан көмек сұрады. Сондықтан ол араша түсіп, перғауындықты жұдырықпен қойып жібергенде ол өліп қалды. Бұлай болар деп ойламаған ол қатты өкініп, Алладан кешірім сұрап жалбарынып–жалына бастады. Алла оның тәубесін қабыл алды.
«Қала халқынан көшеде ешкім көрінбейтін (түскі демалыс кезінде) тұста Мұса қалаға кірді. Көшеде екі адамның жағаласып жатқанын көрді. Олардың бірі өз жұрттасы да, енді бірі жаулары жағынан еді. Өз қауымының адамы дұшпанына қарсы одан көмек сұрады. Мұса оны жұдырықпен бір қойып өлтіріп тастады да: «Әй, әзәзіл шайтан, азғырдың–ау мені!» – деп өкінді» (Қәсас сүресі, 15-аят).
«Тәңірім! – деді (Мұса). – Анығында мен өзіме–өзім жамандық жасадым, енді мені жарылқай гөр». Алла оны жарылқады. Өйткені ол нағыз жарылқаушы, нағыз мейірбан» (Қәсас сүресі, 16-аят).
«Тәңірім! – деді (Мұса). – Мені жарылқағаның үшін мен енді ешқашан күнәһарларға көмек көрсетпеймін» (Қәсас сүресі,17-аят.
МҰСАНЫҢ ҚАШУЫ
Екінші күні Мұса тағы да қалаға шықты. Ол кешегі исрайлдықтың тағы да басқа бір перғауындықпен жанжалдасып тұрғанын көрді. Ол Мұсадан тағы да көмек сұрады. Мұса ашуы ұстап оларға жақындай бергенде Мұса оны өлтірмекші екен деп ойлаған исраилдық қорқып кетіп: «Кешегі адамды өлтіргенің сияқты мені де өлтірмекшісің бе?» – деп айқайлап жіберді. Кешегі өлтірушінің кім екенін білмей қалғандарға бұл осылайша мәлім болып қалды да, перғауындықтар бір–біріне хабар беріп, жиналып, топталып Мұсаны іздеуге кірісті. Оны тауып алып өлтірмек болды. Бұл жайды Мұсаға жанашыр бір кісі асыға жеткізіп, өзін құтқару үшін Мысырдан тез шығып кетуге кеңес берді. Сөйтіп, Мұса Тәңіріне «Залым қауымнан аман – есен құтқара көр», – деп дұға жасап, Мысырдан біржола кетіп қалды.
«Көрер таңды (қорқып) көзімен атырған Мұса ертеңінде жан–жағына жалтақтап көшеде келе жатқан. Кешегі өзінен жәрдем тілеген адам тағы біреумен жағаласып жатыр екен, бұдан тағы көмек сұрады. «Сен өзің нағыз алжасқан неме екенсің!» – деді Мұса» (Қәсас сүресі, 18-аят).
«Екеуінің де ортақ дұшпаны болған адамға қол жұмсай бергенде ол: «Ей, Мұса! Кеше бір адамды өлтіріп күнәға батып едің, енді мені де солай өлтірмексің бе? Сен бұл жерде тұрақшылдық көрсетудің орнына қара күшке басып, өктем болуды ойлайды екенсің», – деді» (Қәсас сүресі,19-аят).
«Қаланың шет жағынан бір адам асығыс–үсігіс жүгіріп келді де: «Ей, Мұса! Бастықтар сені сөзсіз өлтіреміз деп кеңесіп жатыр. Қаш. Мен, әрине, саған адал ниетпен айтып тұрмын» – деді» (Қәсас сүресі, 20-аят).
«Зәресі ұшқан Мұса жан–жағына алаңдап, қаладан шықты. «Ей, Тәңірім! – деді ол. – Мені мынау бір зұлым елден құтқара гөр» (Қәсас сүресі, 21-аят).
МҰСА МӘДИАН ЖЕРІНДЕ
Мұса Мысырдан шығып, қиыншылық шеге жүріп Мәдиан жеріне жетті. Ол шөлден қаталап, ішетін су таппай қиналып отырғанда топталған адамдарды көрді. Өңкей ығай мен сығайлар тіресіп, бір–бірін итермелеп, алдындағы әуізге өтуге бәсекелесіп тұрғандар екен. Және қойларын суға жібермей қайырып тұрған екі қызды да көрді. Олардың бет-жүздері ашық, періштедей екен. Мұса оларға жақындап мән-жайды сұрады. Олар өздерінің қой суаруға келгенін, бірақ ана мықтылардың қойларының суарылып болуын күтіп тұрғандарын айтты. Мұса олардың нәзік, әдепті, сабырлы жандар екенін аңғарды. Олар, сондай-ақ әкелерінің қарт кісі екенін, сондықтан қой суаруға өздері келгендерін де айтты. Мұны естіген Мұсаның жанашырлық сезімі оянып, көмектеспек болды да, екі қыздың қойларын суға қарай айдады. Оны тоқтатуға ешкімнің батылы бармай, кезектерін беріп тұра берді. Олар оның денесінің мықтылығын, шымырлығын, қуат- күшін көріп, қарсы келуге тәуекел ете алмады. Сонан соң Мұса көлеңкеге барып отырып, осындай күш–қуат берген Тәңіріне шүкіршілік айтты. Біраздан соң оған екі қыздың бірі келіп, жақсылық жасап, көмек бергенінің ақысын төлеу үшін әкесінің шақырып жатқанын жеткізді. Ол қарттың қолын алып сәлемдесу үшін қыздың соңынан ерді. Мұса барған соң отбасы, тағы басқа да туыстары жиналып, оған құрмет, ізет көрсетті.
«Бағыты Мәдиан жұртына қарай бұрылды. «Тәңірім мені тура жолға жетелеген екен, ә! – деді ол» (Қәсас сүресі, 22-аят).
«Мұса Мәдианда бір бұлақтың басына жетті. Сол жерде бір топ адам мал суарып жатыр екен. Анадайда қойларын суара алмай екі қыз тұр. «Сендер неге бүйтіп тұрсыңдар?» – деді Мұса. «Малшылар қойларын суарып болған соң ғана біз суарамыз. Әкеміз қарт адам еді (бізге кезек бермейді)», – деді олар» (Қәсас сүресі, 23-аят).
«Мұса олардың қойларын суарып берді де, кейін шегініп бір көлеңкеге барып отырды. «О, Тәңірім! Маған қандай ризық берсең де мен қазір соған мұқтажбын», – деді» (Қәсас сүресі, 24-аят).
«Екі қыздың бірі имене басып Мұсаның қасына жақындады. «Қойларымызды суарып бергеніңіз үшін ақыңды бермесек болмайды деп сені әкем шақырып жатыр», – деді. Мұса оның (яғни, Шұғайыптың) қасына келіп, өз мән–жайын баян етті. «Қорықпа, – деді (Шұғайып). – Қаскүнем қауымнан құтылдың» (Қәсас сүресі, 25-аят).
МҰСАНЫҢ ҮЙЛЕНУІ
Мұса күштілігімен, сенімділігімен танымал бола бастады. Сол үшін қария оған малын баққызуды ойлады. Сөйтіп оған егер сегіз жыл қызмет етсе екі қызының біреуін, ал тағы екі жыл артық істесе екінші қызын да беруге дайын екенін білдірді. Мұса оның бұл талабын қабыл алып, осынша жыл қарияның малын бақты.
«Ей, әке! – деді қыздың біреуі. – Сен оны жұмыскер етіп ал. Сенің жұмыскерлеріңнің ішіндегі ең жақсысы осы болады. Бұл әрі қайратты, әрі сенімді екен» (Қәсас сүресі, 26-аят).
«Маған сегіз жыл жалшы болсаң, оның есесіне мына екі қызымның біреуін саған қосамын, – деді қыздардың әкесі. – Егер он жыл жұмыс істеймін десең, ол өз еркің. (Он жыл істе деп) мен сені қинамаймын. Құдай қаласа, менің қайырымды адам екеніме әлі–ақ көзің жетер» (Қәсас сүресі, 27-аят).
«Екеуміздің арамыздағы келісім осы болсын, – деді Мұса. – Мен бұл екі мерзімнің қайсысына болса да мақұлмын, бұлдануға хақым жоқ. Осы айтқандарымызға Құдай куә болсын!» (Қәсас сүресі, 28-аят).
МҰСА, ҺАРУН РИСАЛАСЫ
Мұса қарияға өзара болған келісімге сай көп жыл қызмет етті. Содан соң отбасымен оңтүстікке қарай бет алды. Жүре-жүре Сина тауына да жетті. Жолда қателесіп, қалай қарай бара жатқанын да білмеді. Мүбәрак түнінде Алла Мұсаға пайғамбарлықты қалады. Бір кезде алыстан от көрінді. Мұса қасындағыларға: «Сендер мені осында күтіңдер, мен анау оттан бір уыс шоқ әкелейін, сонымен от жағып жылынармыз, әрі жөн сұрай келейін», – деді. Сөйтіп, от көрініп тұрған жерге жақындады. Сол кезде ол Тәңір үнін естіді. «Ей, Мұса, мен сенің Тәңіріңмін, аяқ киіміңді шеш, өйткені сен қазір қасиетті де таза Туа ойпатында тұрсың. Мен саған пайғамбарлықты таңдадым. Уахиға құлақ сал. Шынында, мен Алламын, менен басқа Құдай жоқ. Сондықтан ғибадатты тек маған ғана арна. Қиямет күні сөзсіз менің алдыма келесің. Ол күні әрбір адам істеген істеріне есеп береді», – деді Тәңірі. Осылай дей келіп Алла оған кейбір мұғжизаларды көрсетті. Мұсаға таяғын жерге тастауды бұйырды. Сонда таяқ жыланға айналды. Одан кейін қолын қалтасына салып, қайта шығарғанда ол аппақ болып жарқырап тұрды. Тәңірі оған: «Осы екі мұғжизамен Перғауынға барып, Алланың рисаласын жеткізесің. Ол шектен шығып, асқынып, асып–тасып кетті», – деді. Мұса Тәңірінен көкірегін ашуды, Перғауынның алдына барғанда қиындыққа төтеп бере алатындай ісін жеңілдетуді сұрады. Алла оған інісі Һарунды көмекші ететінін білдіріп, тілеп, сұрағандарын қабыл алды.
«(Мұса ғ.с. әйелімен екеуі) Мәдианнан Мысырға кетіп бара жатып түнде адасады. От жағуға шақпағы тұтанбайды. Сөйтіп отырғанда жолдың сол жағынан, алыстан бір от көрінеді. Бұл – от емес, Алланың нұры еді.
Кезінде Мұса оттың жарығын көреді. Қасындағыларға: «Тоқтай тұрыңдар, мен оттың жарығын көрдім. Барайын, мүмкін одан бір шоқ алып келермін, әлде от шыққан жерден жол көрсетуші біреуді кездестірермін», – деді» (Та-һа сүресі, 10- аят).
«Ол оттың қасына келгенде «Мұса!» – деген бір дауыс естілді» (Та-һа сүресі, 11- аят).
«Анығы, мен сенің Тәңіріңмін! Кебісіңді шеш. Өйткені сен қасиетті Туа ойпатында тұрсың» (Та-һа сүресі, 12- аят).
«Мен сені (пайғамбарлыққа) таңдадым, аяндарыма құлағыңды сал» (Та-һа сүресі, 13- аят).
«Мен (ғибадатқа нағыз лайық) құдыретпін. Менен басқа ешқандай Тәңір жоқ. Маған ғана сиын, мені еске алып жүру үшін намаз оқы» (Та-һа сүресі, 14- аят).
«Қиямет күнінің болатындығы даусыз. Әркімнің өз қылған іс–әрекеттеріне орай бодауын алуы үшін мен оны (қиямет күнін) құпия сақтадым» (Та-һа сүресі, 15- аят).
«Қияметке сенбейтін, қу нәпсінің соңына ергендер сені адастырып жүрмесін. Ондай жағдайда өзің қор боласың» (Та-һа сүресі, 16- аят).
«Ей, Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе?» (Та-һа сүресі, 17- аят).
«Бұл – менің аса ( таяғым), – деді Мұса. – Мен осыған сүйенемін, онымен мен қойларыма жапырақ қағып беремін, ол менің басқа да қажеттерім үшін керек» (Та-һа сүресі, 18- аят).
«Ей, Мұса! Сен оны жерге таста!» – деді Алла» (Та-һа сүресі, 19- аят).
«Мұса таяғын жерге тастады. Сол сәтте–ақ ол жорғалап бара жатқан жыланға айналды» (Та-һа сүресі, 20- аят).
«Ұста! – деді Алла. – Қорықпа, қазір–ақ оны әуелгі қалпына келтіреміз» (Та-һа сүресі, 21- аят).
«Қолыңды қолтығыңның тық. Ол ешқандай зиянсыз, аппақ нұр болып шығады. Бұл – екінші керемет» (Та-һа сүресі, 22- аят).
«Саған ең ғажайып кереметтердің кейбіреуін көрсетемін» (Та-һа сүресі, 23- аят).
«Ал, енді Перғауынға бар, ол әбден шектен шығып кетті» (Та-һа сүресі, 24-аят).
«Тәңірім! – деді Мұса. – Менің жан дүниемді кеңіте гөр» (Та-һа сүресі, 25-аят).
«Менің жағдайымды жеңілдете гөр!» (Та-һа сүресі, 26-аят).
«Тілімдегі тұтықпалықты жой» (Та-һа сүресі, 27-аят).
«Олар менің сөзімді түсінетін болсын» (Та-һа сүресі, 28-аят).
«Маған өз інім Һарунды жәрдемші етіп бер» (Та-һа сүресі, 29-30- аяттар).
«Сол арқылы мені күшейте түс, менің ісіме оны ортақтастыр» (Та-һа сүресі, 31-32- аяттар).
«Осыныңа орай біз Сені барынша дәріптейміз, өзіңді үнемі еске аламыз» (Та-һа сүресі, 33-34- аяттар).
«Сен шынында бізді көріп тұрасың» (Та-һа сүресі, 35-аят).
«Ей, Мұса! Сенің сұрағандарың берілді, – деді Алла. – Саған бұдан басқа да жақсылық жасағанбыз. Кезінде анаңның есіне де аян арқылы білінетін нәрселерді салғанбыз» (Та-һа сүресі, 36-38- аяттар).
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті