Сөйтіп, Алла Мұсаны Перғауынға жұмсады. Інісі Һарунға онымен бірге баруды бұйырды. Екеуіне де Перғауынмен мейлінше жұмсақ, мәдениетті, сыпайы, әдеппен сөйлесуді міндеттеді Мұса мен Һарун Аллаға: «Біз Перғауынның күш-қуатынан, қатігездігінен қорқамыз. Егер оның ашу–ызасы күшейіп, бізге азап берсе қайтеміз?» – деді. «Қорықпаңдар, – деді Алла екеуіне. -Мен сен екеуіңмен біргемін. Оның жамандығынан екеуіңді де сақтаймын. Перғауынға біз екеуміз Алланың жіберген елшісіміз, сен Алланың құлдарының бірісің, ешқандай  Құдай емессің деңдер. Бәни Исрайлға бостандық беруін, ауыр жұмысқа салып азаптамауын талап етіңдер».

«Сен де, сенің бауырың да менен пайғамбарлық алып барыңдар, (сонсоң) мені еске алуда селқостық жасамаңдар» (Та-һә сүресі, 42-аят).

«Перғауын тым асқақтап кетті, соған барыңдар да, онымен сыпайы сөйлесіп көріңдер. Мүмкін, ол насихат тыңдар, әйтпесе қорқар» (Та-һә сүресі, 43-44-аяттар).

 «О, Тәңірім, біз одан өзімізді бас салып жазалай ма, әлде шектен шығып, астамшылық ете ме деп қорқамыз», – деді олар» (Та -һә сүресі, 45- аят).

«Сендер қорықпаңдар, – деді Алла. – Мен сендермен біргемін. Бәрін де естіп, көріп тұрамын» (Та-һә сүресі, 46-аят).

«Екеуі Перғауынға келіп: «Біз сенің Тәңіріңнің елшілеріміз, – деді. – Сен Исрайл әулеттерін бізбен бірге жібер, оларды азаптама. Біз саған Тәңіріңнің хабарын алып келдік. Кімде-кім тура жолмен жүрер болса (ол) аман қалады» (Та-һә сүресі, 47-аят).

                      МҰСА МЕН ҺАРУННЫҢ ТӘҢІР РИСАЛАСЫН ЖЕТКІЗУІ

    Мұса мен Һарун Тәңірінің бұйрығын Перғауынға жеткізуге бел байлады. Оған барғаннан кейін сөзінің  хақтығын мұғжизамен қуаттап, дәлелдеді. Перғауыннан Бәни Исрайлдың онымен бірге Палестинаға шығуына рұқсат етуін талап етті.

«Мұса айтты: «Ей, Перғауын! Мен әлемдердің Тәңірінің шын жіберген елшісімін» (Әғраф сүресі, 104-аят).

«Мен Алла жайлы тек ақиқатты ғана айтуға тиістімін. Жаратушының тарапынан, шынында,  бір керемет алып келдім. Сондықтан Исрайл әулетін менімен бірге жібер», – деді» (Әғраф сүресі, 105-аят).

Перғауын кешегі өзінің үйінде тәрбиеленген Мұсаның сөзіне таң қалды. Әрбірден соң  ашуы келіп, оның перғауындық бір жігітті өлтіріп тастағанын есіне салды. Кісі өлтірген қылмыскер, Алладан рисала алып келіп, дағуа жасауға лайық емес дегенді айтып, оның өткендегі ісін бетіне басты. Мұса перғауындықты өлтірейін демегенін, ол істің абайсызда болғанын, азаптаудан қорыққаннан бас сауғалап қашқанын мойындай келіп: «Менің Тәңірім бұл даналықты маған содан кейін берді де, маған пайғамбарлықты таңдады. Рас, сен мені бала кезімде тәрбиелеп өсірдің, оны ұмытпаймын. Бірақ сол үшін Бәни Исрайлды құл етпекшімісің? Менің қауымым сенің қорлығыңа ұшырады, әлі күнге дейін қорлық көріп келеді. Енді мен оларға шапағатшы боламын»,- деді.

«Оу, сені бала шағыңнан біз асырамап па едік? – деді Перғауын. – Өміріңнің неше жылы біздің арамызда өткені қайда? Сенің барлық ісің бізге мәлім еді ғой. Сенде шүкірлік жоқ екен» (Шуара сүресі, 18-19-аяттар).

«Мен ол істердің бәрін қателесіп жасаппын», деді (Мұса)» (Шуара сүресі, 20-аят).

«Сондықтан сендерден көңілім қалды да, араларыңнан безіп кеттім. Ақыры, Тәңірім маған хикмет дарытып, пайғамбар етті» (Шуара сүресі, 21-аят).

«Ал, сен Исрайл әулетін құл еттің. Осының үшін міндетсінесің бе маған?» (Шуара сүресі, 22-аят).

ПЕРҒАУЫН МЕН МҰСА АРАСЫНДАҒЫ АЛЛА ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ

      Мұсаның рисаласы Перғауынды ғажап қалдырды. Сөйтіп, одан Алланың құдыреті жайында сұрай бастады. Мұса  Перғауын мен оның қасындығыларға  аспанның да, жердің де, шығыс пен батыстың да және олардың арасындағының бәрінің де иесі Алла екенін, ал бұлардың табынып жүргендері олардан бұрынғы ата-бабаларыңның Тәңірісі екенін айтты. Мұны естіген Перғауын Мұсаны жындыға санады.

«Күллі әлемнің әміршісі дегенің кім өзі?» – деді (Перғауын)» (Шуара сүресі, 23-аят).

«Шын сенетін болсаңдар (айтайын), – деді (Мұса). – Ол жердің де, көктің де, оның екі арасындағылардың да иесі Тәңірі» (Шуара сүресі, 24-аят).

«Оу, естіп тұрсыңдар ма?» – деді Перғауын төңірегіндегілерге» (Шуара сүресі, 25-аят).

«(Білебілсеңдер) Ол сендердің де,  өздеріңнен бұрынғы атабабаларыңның да Тәңірі»,деді (Мұса)» (Шуара сүресі, 26-аят).

 «Сендерге жіберілген мынау пайғамбар нағыз есалаңның өзі екен», – деді (Перғауын)» (Шуара сүресі, 27-аят).

«Білебілсеңдер, – деді (Мұса). – Шығыс пен батыстың да, оның екі арасындағының да иесі сол – Тәңірі!» (Шуара сүресі, 28-аят).

 Мұса мен Һарун екеуінің дағуасына құлақ аспағандарға жақында Алланың азабы жететінін ескертті. Оның барлық нәрсені жаратып, кейбіріне өмір, түр-тұлға бергенін және тура жолды да нұсқағанын түсіндірді. Перғауын сөзді басқа жаққа бұрып, Мұсадан бұрынғы өткен ұрпақтардың жайын сұрай бастады. Мұса олардың  халінің Лаухулмахфузда жазылғанын, Алланың пенделерінің қай заманда және қай мекенде өмір сүргенін толық білетінін, бірін де ұмытпайтынын баяндады.

«Ал, теріске бет бұрған, өтірікке шығарған адамдардың сөзсіз жаза тартатыны туралы бізге айқын дәлелдер келді» (Та-һә сүресі, 48-аят).

«Ей, Мұса! Сендердің Тәңірің кім өзі?» – деді Перғауын» (Та-һә сүресі, 49-аят).

«Біздің Тәңіріміз – барлық нәрсеге лайықты түртұлға берген, сонсоң оларға жол көрсеткен Тәңір», деді Мұса» (Та-һә сүресі, 50-аят).

«Ал, бұрынғы өткен үмметтердің халі нешік?» – деді (Перғауын)» (Та-һә сүресі, 51-аят).

«Олардың жағдайы Лаухулмахфузда жазылған, деді Мұса. – Тәңірім қателеспейді де, ештеңені ұмытпайды» (Та-һә сүресі, 52-аят).

«Ол – сендерге бесік етіп жерді жаратқан, сендер үшін түрлі жағдайлар жасаған, бұлттан жаңбыр жаудырып, сол арқылы түрлі өсімдіктер өсіріп (ризық) берген Тәңір» (Та-һә сүресі, 53-аят).

«Жеңдер, малдарыңды жайыңдар, рас мұнда ақыл иелері үшін өнеге бар» (Та-һә сүресі, 54-аят).

  ПЕРҒАУЫННЫҢ АСПАНҒА КӨТЕРІЛУ ҮШІН САРАЙ ТҰРҒЫЗУДЫ БҰЙЫРУЫ

 Мұса Перғауынды иманға келуге шақырды. Алайда ол сес көрсетіп, күшейе түсті. Уәзірі Һаманға Мұсаның Құдайына шығу үшін зәулім, өте биік сарай тұрғызуға бұйрық берді. Перғауын надандығы себепті биік құрылыс арқылы аспанға шығуға үміттенді. Сөйтіп, биік зәулім сарай салынды. Содан соң Перғауын оның үстіне көтеріліп, садағын аспанға қарай туралап атты. Садақ оғы қан-қан болып қайта жерге түсті (Перғауын садақ оғын қауымынан жасырын қанға батырып жіберген еді). Ол жанында тұрғандарға: «Мен Мұсаның Құдайын өлтірдім» – деп масаттанды.

«Ей, Һаман! – деді Преғауын уәзіріне. – Маған бір зәулім үй сал. Сол үй арқылы мен қақпаларға – көктің қақпаларына жетуім мүмкін. Сөйтіп, мен Мұсаның Құдайын көрейін. Шынында, мен Мұсаны өтірікші деп күдіктенемін». Өзінің пасық ісі Перғауынға осылайша жақсы етіп көрсетілді. Сөйтіп, Перғауын (тура жолдан) құр қалдырылды. Оның амал-айласы шынында бекерге кетті» (Ғафир сүресі, 36-37 аяттар).

МҰСАНЫҢ МҰҒЖИЗА КӨРСЕТУІ

 Перғауын мен Мұса арасында Құдай рисаласы жайындағы сөз жарыс күшейе түсті. Перғауын Мұсадан оның растығын куәландыратын дәлел талап қылды. Сол кезде Мұса колындағы таяғын тастап жіберді. Ол жыланға айналып шыға келді. Одан соң Мұса қолын қалтасына салып қайта шығарғанда қолы аппақ болып, жарқырап көрінді. Перғауын мен оның қасындағылар мұны сиқыр деп қабылдады. Олар Мұса сиқырды жақсы меңгеріп алған екен деген қорытынды жасап, оны Мысыр жерінен шығарып жіберу керек деген шешімге келді. Және оны халыққа сиқыршы деп жариялау үшін қандай шаралар жасау керектігін ойластыра бастады. Сөйтіп, Мұсаны сынау үшін Мысырдың бүкіл сиқыршыларын жинауға кірісті. Мақсаттары оның  мұғжизасын төмендетіп, дағуасын жоққа шығару еді. Перғауын көмекшілерін Мысырдың жан-жағына шапқылатып, сиқыршыларды жинатты. Сиқыршылар Перғауыннан Мұсадан басым түскен жағдайда көп ақы беруін талап етті. Перғауын оны қабыл алды.

Сөйтіп, Мұса мен сиқыршылардың кездесетін күні де келді. Оны көруге халық көп жиналды. Мұса сайысты кім бұрын бастайтыны туралы келіскеннен кейін оларға жол беріп, кезегін күтті. Сиқыршылардың құралы таяқ пен жіптер еді. Олар сол заттарын жерге тастағанда олар жыланға айналып, өріп жүре берді. Адамдар бұл көріністен қорқып, жүректерін үрей биледі. Перғауын мен оның қауымы сиқыршылар жеңіске жетті деп қуанды. Осы кезде Алла Мұсаға қолындағы таяқты жерге тастауды бұйырды. Оның таяғы айдаһарға айналып әлгі қаптаған жыландарды жұта бастағанда оны көріп тұрған халықтың зәрелері одан бетер ұшты. Перғауынның қауымына қорқыныш кірді. Сиқырларының іске аспай қалғанын сиқыршылардың өздері де ұқты. Өйткені бұл Құдайдың күшімен болған іс еді. Олар Аллаға тәубе етіп, бүкіл әлем Тәңіріне, Мұса, Һарун Тәңіріне иманға келдік деп сәжде қыла бастады. Мұсаға күш көрсетуге болмайтынын Перғауын да анық сезді. Бірақ сыр бермеуге тырысып сиқыршыларға: «Сендерге сиқырды Мұса үйреткен ғой, сірә? Сондықтан да ол сендерден басым түсті. Бұл оның білімділігінде жатыр»,- деді. Шындығына келгенде Мұса оларды білмейтін де еді.

Перғауын иман келтіргендері үшін сиқыршыларға қаһарын төкті. Оларды құрманың діңгегіне асып қоятынын, қол-аяқтарын кесетінін айтып қорқытып имандарынан қайтаруға тырысты. Ал, олар: «Біз өз Тәңірімізге қайтушымыз, сенің жазаң біз үшін Алланың жазасынан артық емес. Мұса бізге Тәңірден ашық дәлел әкелді,  сондықтан біз сендік. Аллаға бет бұрып, бойсұндық», – деді. Одан соң олар: «Ей, біздің Тәңіріміз, бізге сабырлылық бер, бізді иманмен күшейт, Перғауынның азабынан сақта, бізді иманмен өлтір», – деп Тәңірге жалбарынды.

«Перғауын: «Сенде алып келген керемет болса, шын екенін білейік, бізге көрсет», – деді» (Әғраф сүресі, 106-аят).

«Мұса таяғын тастай (ортаға) салып еді, сол сәтте-ақ ол тұп-тура айдаһар болып шыға келді» (Әғраф сүресі, 107-аят).

«Қолын қалтасынан шығарғанда жарқыраған нұр шашты» (Әғраф сүресі, 108-аят).

«Бұл шынында да шебер сиқыршы екен», – деді Перғауын қауымының ұлықтары» (Әғраф сүресі, 109-аят).

 «Бұл сендерді тұрған жерлеріңнен қуып шығармақ қой, қандай ақыл бересіңдер?» – деді (Перғауын өз жұртының үлкендеріне)» (Әғраф сүресі, 110-аят).

«Оны да, оның бауырын да (көздерің жеткенше) тоқтатып, қалаларға адам шаптырыңдар» (Әғраф сүресі,111-аят).

«(Олар) сиқыршылардың барлығын жинап, саған алып келсін», – деді» (Әғраф сүресі,112-аят).

«Сиқыршылар Перғауынға келді. «Егер біз жеңсек, бізге сыйлық беретінің сөзсіз ғой?» – десті олар» (Әғраф сүресі,113-аят).

«Иә, сендер, сөз жоқ, менің ең жақын адамдарым боласыңдар», – деді (Перғауын)» (Әғраф сүресі,114-аят).

«Ей, Мұса! (Таяғыңды) сен бұрын тастайсың ба, әлде біз бұрын тастайық па?» – десті сиқыршылар» (Әғраф сүресі,115-аят).

«Сендер бұрын тастаңдар», – деді Мұса. Сиқыршылар таяқтарын, жіптерін тастап, адамдардың көздерін байлады, жұртты үрейлендіріп жіберді, сөйтіп зор сиқыр көрсетті» (Әғраф сүресі,116-аят).

«Таяғыңды таста», – деп аян бердік Мұсаға Біз. Сол сәтте (оның таяғы айдаһарға айналып) аналардың құбыжықтарын түгел жұтып жіберді» (Әғраф сүресі,117-аят).

«Ақиқаттың беті ашылды, олардың көрсеткен сиқырлары босқа кетті» (Әғраф сүресі,118-аят).

«Сөйтіп, табанда жеңіліске ұшырап, масқара болып қайтысты» (Әғраф сүресі,119-аят).

«Сиқыршылар сәждеге бас қойды» (Әғраф сүресі,120-аят).

«Әлемнің Жаратушысына бой ұсындық» (Әғраф сүресі,121-аят).

«Мұсаның және Һарунның Тәңіріне (табындық)» – десті» (Әғраф сүресі,122-аят).

«Менің рұқсатымсыз сендер Мұсаға бойсұндыңдар. Демек, сендер қалада жүргенде тұрғындарды қаладан қуып шығу үшін алдын ала сөз байласқандарың рас екен. Бірақ сендер білесіңдер әлі» – деді Перғауын» (Әғраф сүресі,123-аят).

«Сендердің қол-аяқтарыңды қиғаштап, сөзсіз кесіп тастаймын (оң қол, сол аяқты немесе сол қол, оң аяқты кесетін жаза болған). Сонан соң бәріңді дарға асып өлтіремін» (Әғраф сүресі,124-аят).

«Шынын айтайық, біз Тәңіріміздің еркіне көндік. Сен бізді тек Тәңіріміздің өзімізге жіберген хабарына иман келтіргендігіміз үшін ғана кінәлап жатырсың. Ей, Тәңіріміз! Бізге сабырлылық бере гөр. Бізді мұсылман қалпымызда көз жұмдыр!» – десті сиқыршылар» (Әғраф сүресі,125-126-аяттар).

МҰСАНЫҢ МЕН ОНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫНЫҢ БЕКЕМ ТҰРУЫ

 Мұса Перғауынның көзін жеткізу үшін қанша дәлел келтірсе де ол күпірлігін қайтпады. Ұлықтары Мұсаны да, оның ізбасарларының бір Аллаға ғибадат ете бастағанын да жақтырмады. Ал, өздері  пұттарға табынудан танбады. Перғауын исрайлдықтардың балаларын өлтіріп, әйелдерін құлдыққа салатынын айтып олардың көңілін орнықтырды. Сөйтіп, осы айтқанын орындай бастады. Бәни Исрайл оларға жасалып жатқан зұлымдықты Мұсаға жеткізді. «Осының бәріне сенің насихатыңның кесірінен ұшырап жатырмыз», – деп Мұсаны жазғырды. Мұса оларды сабырлылыққа, тақуалықтарын тастамауға шақырды, Алланың құтқаратынын, одан жәрдем тілеу керектігін айтты.

«Мұсаны және оның қауымын жер бетінде пәле-жала тудыру үшін, сені және сенің Құдайыңды тастату үшін қоя бергелі тұрғаның қалай?» – деді Перғауынның ақылгөйлері. «Олардың балаларын өлтіреміз де, әйелдерін (қорлау үшін) қалдырамыз, – деді Перғауын. – Біз олардың үстінен өктемдік жүргіземіз» (Әғраф сүресі, 127-аят).

«Мұса өз жұртына былай деді: «Алладан медет тілеңдер. Сабыр сақтаңдар, анығында, жер жүзі бір Құдайдың еркінде. Оған өзі қалаған пенделері ғана мұрагерлік етеді. Жақсы келешек діндарларға тән» (Әғраф сүресі, 128-аят).

«Сен келмей тұрып та, сен келген соң да біз үнемі қорлықта болдық» – деді қауымы. «Тәңірің дұшпандарыңды жойып, Жер бетінде олардың орнына сендерді қалдыруы ықтимал, бірақ ол сендердің істеріңнің жағдайына байланысты болмақ» – (деді Мұса)» (Әғраф сүресі, 129-аят).

ПЕРҒАУЫН ТОБЫНЫҢ СЕНІМІ

 Перғауын Мұсамен келісімге келе алмады. Оның өзінен де, дағуасынан да бүтіндей құтылу үшін оны өлтірмек болды.

«Жіберіңдер мені, – деді Перғауын сонда. – Мен Мұсаны өлтіремін. (Құтылам десе) Құдайын шақырсын. Шынын айтқанда мен сендердің діндеріңді Мұса өзгертеді немесе жерде (ел ішінде) бүліншілік туғызады деп қорқамын» (Ғафир сүресі, 26-аят).

Сөйтіп, олар Мұсаны өлтіруге дайындық жасай бастады. Перғауын тобында иманын жасырып келе жатқан бір адам бар еді. Ол Мұсаны қорғай сөйледі. Мұсаның өтірікші еместігін, ақиқатпен келгенін, оны мұғжизамен дәлелдегенін, егер оның айтқандарына жоққа шығарар болса бұларға бәле жететінін айта келіп: «Сендер бүгін мықты болып тұрғандарыңмен ертең Құдайдың  азабы келсе одан бізді кім қорғай алады?» – деді. Содан соң ол Құдайдың азабының күшті екенін,  бұрынғы өткен халықтардың жаман істері себепті жазаға ұшырағандарын, ахиретте Алланың азабынан қашып барар орын табылмайтынын түсіндірді.

«Өзі Перғауын әулетіне жататын, бірақ иманын жасырып жүрген бір адам былай деді: «Сендер иеміз Тәңір» деген адамды өлтірмексіңдер ме? Ал, ол шынында да сендерге Тәңір тарапынан айқын дәлелдер алып келді ғой. Егер ол өтірікші болса өтірігінің жазасын өзі тартады. Ал, шын айтса әлгінде сендерді қорқытқан жазасының бір бөлігі сендерді табады. Анығында, Алла шектен шыққан суайтты тура жолға салмайды» (Ғафир сүресі, 28-аят).

«Ей, жұртым! Сән-салтанат бүгін сендердің қолдарыңда. Жерде (Мысырда) сендер үстемсіңдер. Егер бізге Құдайдың қаһары келсе, одан құтылуға кім жәрдем бермек?». Сонда Перғауын былай деді: «Сендер үшін мен нені дұрыс тапсам, соны мәслихат етемін. Тура жолға сендерді мен ғана бастаймын» (Ғафир сүресі, 29-аят).

«Иман келтірген кісі айтты: «Ей, жұртым! Мен сендерді жікке бөлінушілер ұшыраған жағдайғңа душар болып қаласыңдар ма деп қорқамын. Пенделеріне Алла зұлымдық жасауды қаламайды» (Ғафир сүресі, 30-31-аяттар).

«Ей, қауым! Сендерге келетін қиямет күнінен қорқамын» (Ғафир сүресі, 32-аят).

«Сендер ол күнде (тозақтан қашып) кейін шегінесіңдер. Бірақ Құдайдың қаһарынан құтылуға болмайды. Алла кімді жолдан тайдырса, оны ешкім түзу жолға түсіре алмайды» (Ғафир сүресі, 33-аят).

«Бұрын сендерге Жүсіптің де айқын дәлелмен келгені даусыз еді. Ол әкелген дәлелдерден де үнемі шет қалдыңдар, тіпті ол өлгенде ешбір дәлелсіз-ақ «Бұдан кейін Алла ешқашан пайғамбар жібермейді» дедіңдер. Шектен шыққандар (дінде) шектелгендер осылай азғындық жолға түсіреді» (Ғафир сүресі, 34-аят).

МҮЪМИН КІСІНІҢ ДАҒУАСЫН ЖАЛҒАСТЫРУЫ

 Перғауын мен оның қауымы адасқан беттерінен қайтпады. Ал, мүъмин кісі хақ жолын насихаттауын тоқтатпай, дағуасын жалғастыра берді. Бұл дүниенің өткінші, ал ақиреттің мәңгілік үй екенін, осы дүниеде істеген жамандығың үшін ол жақта жаза барын, ал егер жақсылықтар істесең  оған лайық сый берілетінін баяндады. Ешқандай пайда бермейтін, шапағат та ете алмайтын жалған құдайларға табынбауға шақырады. Түбінде бәрінің барар жері ахирет, бір Құдайдың алды екенін, сондықтан жалғыз Жаратушыға ғана иман ету керектігін ескертті. Мүъмин кісінің мұндай насихаты Перғауын әулетінің наразылығын тудырды. Сөйтіп, олар оны өлтірмекші болды. Алайда Алла сондай ортада тәуекелге барып, кәпірлерді иманға шақырған пендесін Перғауынның зұлымдығынан қорғап қалды. Бұл туралы Құран былай баяндайды.

«(Перғауын әулетіндегі) мүъмин былай деді: «Ей, жұртым! Сендер маған еріңдер. Мен сендерді тура жолға бастаймын» (Ғафир сүресі, 38-аят).

«Ей, жұртым! Бұл дүние тіршілігі уақытша ғана. Ал, ахирет – мәңгілік орын» (Ғафир сүресі, 39-аят).

«Кімде-кім (бұл дүниеде) әлдебір жамандық жасаса, оған (ахиретте) сонысына лайық жаза беріледі. Ер болсын, әйел болсын, ізгілік жасаса, олар ұжмаққа кіреді. Жәннәтта оларға көл-көсір ризық беріледі» (Ғафир сүресі, 40-аят).

«Ей, жұртым! Мен сендерді тозақтан құтылуға шақырсам, сендер не үшін мені тозаққа шақырасыңдар? (Ғафир сүресі, 41-аят).

«Сендер мені Аллаға күпірлік және  оған серік келтіруге шақырасыңдар ма? Керісінше, мен сендерді әрі үстем, әрі кешірімшіл (Аллаға) сенуге шақырамын» (Ғафир сүресі, 42-аят).

«Сендер мені ғибадат етуге шақырған (бұттарың), анығын айтсақ, бұл дүниеде де, ахиретте де (маған табын деп) шақырған жоқ қой. Біздің соңғы баратын жеріміз – Тәңір алды. Әспенсігендер тозақ тұрғыны болады» (Ғафир сүресі, 43-аят).

«(Азап тартқанда) сендер менің осы айтқанымды еске аласыңдар. Мен бүкіл ісімді Аллаға тапсырамын. Анығында Алла пенделерін көріп тұрады» (Ғафир сүресі, 44-аят).

«Алла оның Перғауын тобының қаскүнемдігінен сақтады. Перғауын тобына ең қатал жаза жіберді» (Ғафир сүресі, 45-аят).

ПЕРҒАУЫННЫҢ МАҚТАНУЫ

 Перғауын солайша күнәсына күнә жамай берді. Патшалығына масаттанып,  шалқып-тасып: «Ей, қауым, бұйрық беретін де, жарлық шығаратын да мен емеспін бе? Мысыр патшалығы да, сарайымды аралап ағып жатқан Нил өзені мен оның тармақтары да менікі. Осының бәрі менің ұлылығымның белгісі. Ал, мына Мұсада не бар? Не байлығы, не билігі жоқ.  Онымен тұрмай түсініксіз бірдеңелер айтып бастарыңды шатастыруда. Егер ол Құдайдың қалаулысы болса патшалар секілді неге нөкері жоқ? Сөзін айғақтайтын періштелері, еріп жүретін көмекшілері қайда? Неге алтын алқалар тағып, безендірілген киім кимеген?» – деп қауымының алдында лепіре сөйледі.

Надан қауым Перғауынның осындай көпірме сөзіне иланып, Мұсаның айтқандарына құлақ аспай,  адасқан қалпында қалды.

«Ей, жұртым! Мысыр патшалығы мен менің астымда ағып жатқан мына өзендерді менікі емес деп кім айтады? (Менің) ұлылығымды көрсеңдер етті? Сөзі түсініксіз мынау (быдық) адамнан гөрі мен жақсы емеспін бе?» (Зуһруф сүресі, 51-52-аяттар).

«Оған аспаннан алтын білезіктер неге түспеді? Әйтпесе (оның пайғамбарлығына айғақ болу үшін) жолдас болып, періштелер неге ере келмеді?» (Зуһруф сүресі, 53-аят).

«Өз қауымын (осылай) алдағандықтан, бәрі Перғауынға бойұсынды. Өйткені олар шынында да пасық жұрт еді» (Зуһруф сүресі, 54-аят).

ПЕРҒАУЫН МЕН ОНЫҢ ҚАУЫМЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

 Мұсаның тамаша уағыздары Перғауынға мен оның қауымына пайда бермеді. Керісінше олар одан әрі шектен шығып, иман келтірушілерді азаптауды күшейте түсті. «Ей, Тәңір! Шынында, сен Перғауынға ұлықтықты, оның қауымына дүниенің көркін, мал-байлықтың қуанышын, әсем киімдер, сарайлар, бақшалар мен билік бердің. Бірақ олар бұл нығметтеріңді түсініп те, бағалап та жатқан жоқ. Керісінше адамдарды иман-сенімнен тайдыруда. Е, Тәңірім, олардың байлықтарын жойып, жүректерін одан әрі қатайт. Өйткені олар азапты көздерімен көріп, қайғы-қасіреттің дәмін татпайынша иманға келмейді», – деп  Мұса Тәңіріне тіл қатты.  Алла інісі екеуінің дұғасына жауап беретінін білдірді.

«Ей, Жаратқан! – деді Мұса. – Адамдарды өз жолыңнан аздыру үшін Перғауынға және оның қауымының үлкендеріне тіршілік дүниесінде жиһаз-жасау, түрлі-түрлі дәулет бердің. Сол дәулетті енді жойып жібер. Көңілдерін онан әрі қарайт. Сонысымен олар иман айтпай, қатты азап көрсін» (Жүніс сүресі, 88-аят).

«Екеуіңнің тілегіңе мен тіл қаттым, – деді Тәңірі. – Тура жолдан таймаңдар, надандар жолына түспеңдер» (Жүніс сүресі, 89-аят).

Алла Мұсаның дұғасын шынымен қабыл етті. Сөйтіп, Перғауынды мен оның қауымына Алланың азабы кезек-кезегімен келе бастады. Бірақ мұны олар бәрібір түсінбеді. Бір жақсылыққа жетсе өздерін соған лайықпыз деп санады. Ал, жауын жаумай, ағаштар жеміс салмай немесе егін шықпай жайсыздыққа ұшырай қалса оны Мұсадан көрді. Оларға бұл  қиындықтардың Алладан келіп жатқанын олар ұқпады.

«Шынында Перғауынның және оның әулеттерінің ғибрат алуы үшін Біз оларды жылдар бойы тапшылыққа тап келтіріп, жемістерінің түсімін азайту арқылы сынға алдық» (Әғраф сүресі, 130-аят).

«Егер әлдеқалай жақсылық жетсе, біз бұған хақылымыз дейді де, әлдеқалай жамандық бола қалса, бұл Мұсаның және онымен бірге болғандардың кесірі дейді. Оларға жеткен жақсылық та, жамандық та Алла – жазған тағдыр. Бірақ олардың көпшілігі мұны түсінбейді» (Әғраф сүресі, 131-аят).

Сөйтіп, Перғауын мен қауымы жамандықтарын жалғастыра берді. Сондықтан Алла оларды түрлі сынаққа салды: жеріне топан, тасқын су жайылды, егіндерін шегіртке жеді, құрбақалар қаптап, адамдар мен хайуандардың тыныштығын алды, түрлі жәндіктер  тарап, астың, судың тазалығын бұзды, олардың мұрындарынан, ауыздарынан қан ақты, денелері әлсіздене бастады. Бұл азаптың бәрі  Мұсадан болып жатыр десті. Солай ойлаған олар Мұсаға: «Біз сенің Тәңіріңе иман келтіреміз, Бәни Исрайлды сенімен жібереміз» ,- деді. Бірақ олар берген уәделерінде тұра алмады.

«Көзімізді байлау үшін қанша кереметтер келтірсең де біз саған тіпті де сенбейміз», – дейді Перғауын жұрты» (Әғраф сүресі,132-аят).

«Айқын керемет етіп Біз оларға топан қаптаттық, шегіртке, бит-бүрге, бақа, шаян жібердік. Сонда да менмендіктері (иман айтуға) иілдірмеді. Сөйтіп, күнәһар қауым болып қалды» (Әғраф сүресі, 133-аят).

«Бастарына пәле келгенде олар: «Ей, Мұса! Алланың өзіңе берген уәдесі бойынша жалбарынып Тәңіріңді шақыр. Егер сен біздің басымызды мынау тауқыметтен құтқарсаң, саған сөзсіз иман келтіреміз, әрі Исрайл әулетін сенімен бірге жібереміз», – деген болатын» (Әғраф сүресі, 134-аят).

«Бастарыңдағы пәлекетті уақытша әкеттік, бірақ сол сәтте-ақ уәделерінен тайқып шыға келді» (Әғраф сүресі, 135-аят).

БӘНИ ИСРАЙЛДЫҢ ҚҰТЫЛУЫ ЖӘНЕ ПЕРҒАУЫН ӘСКЕРІНІҢ ОПАТ БОЛУЫ

Алла Мұсаға Мысырдан шығып кетуге әмір етті. Сөйтіп, ол қауымы Бәни Исрайлды ертіп түнде Мысыр жерінен Палестинаға қарай жасырын шығып кетті. Мұны білген Перғауын өзіне қарайтын жердегі қалалардан көп қол жинап Бәни Исрайлдың ізінен қууды бұйырды. Перғауын қашушылар тобының әлсіздігін білгендіктен олардан қорықпады. Тек олар байлықтарымызды, қымбат бағалы заттарымызды алып кетті деп ашу-ызаға булығып,  Бәни Исрайлдың артында қалған мүліктерді, жерлерді, бау-бақшаларды, кен орындарын басып қалуға ұмтылды. Бұл нығметтерді олар мәңгілікке қалдырып шыққан болатын. Өйткені олар бұл жаққа енді қайтып оралмайтын еді. Ал,  оларды Палестинада басқа нығметтер күтіп тұрған-ды.

Бәни Исрайл Қызыл теңіздің Сувеис каналына келіп жетті. Күн шыға  олар арттарынан Перғауын әскерінің де қуып жеткенін көріп жүректерін қорқыныш биледі. Перғауынмен шайқаса аларлықтай шамалары жоқ, ал алдарында теңіз. Көздеріне ажал елестеп үрейлері ұшты. Мұса оларға: «Қорықпаңдар, шынында, менің Тәңірім менімен бірге. Ол бізді құтқаратын жолды көрсетеді»,- деді. Сол кезде Алла Мұсаға теңізді таяғымен ұруға уахи қылды. Солай еткен уақытта су қақ жарылып, Бәни Исрайл ұрпақтарының санына қарай он екі тармақ құрғақ жол ашылды. Су биік тауға ұқсап екі қапталда жал болып тұрып қалды да, Бәни Исраил осы ашылған жолмен аман-есен теңізден өтті. Бұл кезде Перғауын да жағаға жетіп қалған еді. Теңіздегі ашылған жолды ол да көрді. Сөйтіп, бұл жолға олар да түсті. Алайда олар жол ортасына жеткен сәтте су жабылып қалды да, олардың барлығы суға кетті. Алла Мұса мен Бәни Исрайлды осылай құтқарды.

Құранда Перғауын әскерінің теңізге қалай қарық болғаны жан-жақты баяндалған.

«Сендердің қуғын көретіндеріңде сөз жоқ, – деп аян бердік біз (Мұсаға)… Ендеше, құлдарымды түн қатырып алып шығып кетіңдер!» (Шуара сүресі, 52-аят).

«Перғауын дереу қалаларға кісі жіберді» (Шуара сүресі, 53-аят).

 «Анығында, бұлардың тобы (тым) көп емес. Сонсына қарамай олар біздің ашуымызға тиді. Ал, біз болсақ, өте сақ (ширақ) топпыз», – деді ол» (Шуара сүресі, 54-56-аяттар)..

«Ақыры олардың (Перғауын тобының) өздері жұрдай болды. Біз оларды бау-бақшаларынан да, бұлақ-бастауларынан да, тіпті қазына-мүлік, сән-салтанатты мекен-жайларынан да айырдық» (Шуара сүресі, 57-58-аяттар).

«Олардың орнына Исрайл ұрпақтарын мұрагер еттік» (Шуара сүресі, 59-аят).

«(Перғауындар) Исрайл әулеттерінің соңынан күн шыға қуды» (Шуара сүресі, 60-аят).

«Екі топ бір-біріне таяғанда (Перғауын тобы қуып жете бергенде), Мұсаның қасындағылар: «(Сөз жоқ, біз қолға түсетін болдық», – деді» (Шуара сүресі, 61-аят).

«Тіпті де олай емес!» – деді Мұса. – Анығын айтсам, Тәңірім менің жағымда. Маған сол жол көрсетеді» (Шуара сүресі, 62-аят).

«Таяғыңмен су бетін ұр!» – деп аян еттік біз. (Мұса таяғымен су бетін ұрды). Өзен қақ бөлініп, екі жағы таудай-таудай болып тұра қалды» (Шуара сүресі, 63-аят).

«Соңындағыларды да жеткіздік» (Шуара сүресі, 64-аят).

«Мұсаны, оның қасындағылардың бәрін құтқарып (судан өткізіп) жібердік. Басқалары (Перғауын тобы) суға набыт болды» (Шуара сүресі, 65-66-аяттар).

«Әрине, осында (мол) ғибрат бар еді. Бірақ олардың көбі бұған сенбеді» (Шуара сүресі, 67-аят).

Құран Перғауынның қалай өлім құшып, ал Бәни Исрайлдың қалай құтқарылғанын тағы былайша суреттейді. 

 «Менің үмметтерімді түн ішінде алып шығып кет. Сендердің қуғын көретіндерің даусыз» (Духан сүресі, 23-аят).

«Теңізді тыныш етеміз (сен өтіп болғанша, жолыңды ашып қоямыз), ал олар (Перғауын қауымы) сөз жоқ, суға бататын қауым» – деді Алла» (Духан сүресі, 24-аят).

«(Олар суға батты). Көптеген бақшалар, бұлақтар, көркем жайлар бос қалды» (Духан сүресі, 25-26-аяттар).

«Олардың қарық болған игіліктері артта қалды. Біз оны басқаларға мұра еттік» (Духан сүресі, 27-28-аяттар).

«Оларға аспан да, жер де жылаған жоқ. Олардың күткендері болмады» (Духан сүресі, 29-аят).

«Демек, Біз Исрайл әулетін қор болатын азаптан – Перғауын пәлесінен құтқардық. Ол шын менменсіген, шектен шығып кеткен жан еді» (Духан сүресі, 30-31-аяттар).

Құран аяттары Бәни Исрайлдың сабырлылық көрсеткені үшін жақсылыққа жеткенінен хабар береді.

«Қорланған қауымды (Исрайл әулеттерін) Біз өзіміз құнарлы етіп жаратқан жердің (Шам жерінің) шығысы мен батысына мұрагер еттік. Төзімділік көрсеткені үшін Исрайл қауымына Тәңірінің берген уәдесі толық орындалды. Перғауын және оның әулеттерінің тұрғызғандарын (үйлерін), салғандарын (бау-бақша, егістіктерін) ойран еттік» (Әғраф сүресі, 137-аят).

Құранда Перғауынның суға батып опат болғаны, денесінің кейін табылғаны және оның осы күнге дейін сақталғаны сипатталады.

«Исрайл әулеттерін Біз теңізден өткізіп жібердік. Күл-талқан етпек болып Перғауын және оның жасақтары олардың соңына түсті. Суға батып бара жатқанда Перғауын: «Иманымды үйірдім. Исрайл ұрпағы иман айтқан Тәңірден басқа Тәңір жоқ екен. Мен мұсылман болдым», – деді» (Жүніс сүресі, 90-аят).

«Бұрын Аллаға қарсы болып, бұзықтық жасағандардың қатарында едің, тәубеге енді келген екенсің» (Жүніс сүресі, 91-аят).

«Кейінгілерге ғибрат болу үшін бүгін сенің сүйегіңді (денеңді) құтқарайық», – дедік Біз. Шынын айту керек, көп адамдар біздің бұл белгімізден бейхабар» (Жүніс сүресі, 92-аят).

Құран аяттары кейінгілерге сабақ болуы үшін дәлел ретінде Перғауынның денесін Алланың сақтап қалғанын көрсетеді. Перғауынның Мысырда Бәни Исрайлды қуғын-сүргінге салып қудалағаны Тауратта да әңгімеленеді. Перғауын оларға Фитум, Рағмисис қалаларын салғызған. Бұл қалалардың орындары археологиялық қазбалар арқылы анықталған. Сифрулхруждың бірінші және екінші бөлімдерінде Мысыр патшасының өлгені, Мұсаның Бәни Исрайлды Мысырдан шығару үшін жіберілгені баяндалған. Перғауынның денесі 1900 жылы, яғни  християн жыл санауы бойынша Құран түскеннен кейін он үш ғасырдан соң Лухсурдағы Амнахтаб патшаның қабырынан табылған. Дененің басқа біреудің қабірінен табылуы оның ажалының шынымен де кенеттен болғандығын, сондықтан оған арнайы салтанатты орын дайындалмағанын дәлелдейді.  Перғауынның денесі бүгінде Мысыр мұражайында жатыр.

ПЕРҒАУЫН ӘУЛЕТТЕРІНІҢ АХИРЕТТЕГІ ЖАҒДАЙЫ

 Құран аяттары Перғауын әулеттерінің қияметтегі жағдайынан да хабар береді. Олардың тозақта болатыны, онда ұдайы азап тартатыны, сол үшін бір-бірін кінәлайтыны және мұның бәрінің Алланың жазасы екені айтылады.

«Алла оны Перғауын тобының қаскүнемдігінен сақтады. Перғауын тобына ең қатал жаза жіберді» (Ғафир сүресі, 45-аят).

«Таңертең де, кешке де олар отқа (тозаққа) бет алып тұрады. Қиямет қайым болғанда: «Ей, Перғауын тобы! Азаптың ең ауырына (тозаққа) кіріңдер», – делінеді» (Ғафир сүресі, 46-аят).

«Тозақ ішінде олар өзара таласады. Әлсіздер кеудемсоқтарға: «Сендер сондай тәкаппарланып жүретін едіңдер, ал біз сендерге ілесіп едік, енді неге өздеріңді тозақтан құтқармайсыңдар?» – дейді» (Ғафир сүресі, 47-аят).

«Сөз жоқ, біздің бәріміз де тозақтамыз, – дейді аздырушылар. – Пенделері арасында Алла шынында да үкім шығарды» (Ғафир сүресі, 48-аят).

УӘДЕЛІ ЖЕРГЕ ЖЕТКЕННЕН СОҢ

 Мұса Бәни Исрайлды бір Аллаға ғибадат қылуға шақырды. Олар мысырлықтармен аралас-құралас болып жүрген кезде солар секілді көп құдайлыққа әдеттеніп кеткен еді. Теңізден аман-есен өтіп, Перғауыннан құтылған соң да олар Мұсадан шоқынатын пұт құрып беруін талап етті. Мұса олардың надандығына қатты налып, ондай ғибадат істерінің босқа кететінін айтып қатаң ескерту жасады. Пұттарға шоқынған перғауындықтардың өмірінің өліммен аяқталғанын мысал етті. Бұларды Перғауынның азабынан құттқарған бүкіл әлемнің Тәңірінен асқан Құдай болмайтынын түсіндірді.

«Исрайл әулетін Біз теңізден өткізіп жібердік. Пұтқа табынып жатқан бір жұртты жанап өткенде олар: «Ей, Мұса! Аналардікі сияқты бізге де бір пұт орнатып бер», – деді. «Сендер шынында да надан халық екенсіңдер,- деді Мұса оларға» (Әғраф сүресі, 138-аят).

«– Олардың жалған діндері сөзсіз күйрейтін дін, әрі еткен істері де бекер болмақ» (Әғраф сүресі, 139-аят).

 «Әлемде сендерді артық жаратқан Алладан артық Тәңірді қайдан таппақпын?» – деді (Мұса)» (Әғраф сүресі, 140-аят).

БӘНИ ИСРАЙЛҒА АЛЛАНЫҢ ҚҰРМЕТІ

 Бәни Исрайл жүріп отырып теңіздің шығыс жағалауына шықты. Ішетін, көліктерін суаратын су таба алмай қиналды. Олар Мұсаға наразылықтарын айтып, су тауып беруін  талап етті. Алла Мұсаға таяғымен тасты ұруды бұйырды. Ол тасты ұрған кезде одан жарылып он екі бұлақ пайда болды. Сөйтіп, әр руға арнайы жеке бұлақ шықты. Олар Сина ойпатына жетіп тоқтады. Күн өте ыстық болып, паналайтын, көлеңкелейтін мекен де, ағаш та табылмады. Олар тағы да Мұсаға шағым айтты. Мұса Тәңіріне дұға жасады. Алла оларға күннің ыстығынан сақтану үшін бұлт жіберді. Енді оларды тағамдары таусыып аштық қинай бастады. Мұса Тәңірінен тағам сұрады. Алла оларға әл-мән, әс-сәлва деген тағам түсірді. Әл-мән тастарға, ағаш жапырақтарына ауадан түсетін шық сияқты, дәмі шырын балға ұқсас нәрсе болатын. Ал, әс-сәлва бөдене құсының еті еді. Алла оларға осы нығметтерді пайдалануды бұйырды. Бірақ олар мұның бәрін менсінбей астамшылық жасады. Сөйтіп, олар өздеріне өздері зұлымдық келтірді.

«Біз оларды он екі тайпаға бөлдік. Қауымы шөл далада Мұсадан су сұрағанда Біз оған: «Таяғыңмен тасты ұр», – деп аян бердік. Сонда тастан он екі бұлақ атқылап шықты да, әр қауым өзінің суатын білді. Бастарына бұлт көтеріп, көлеңке еттік те, алуа мен бөдене түсіріп бердік. «Жеңдер біз берген дәмді тағамдарды», – дедік сонан соң. Олар (бұл ризықтан бас тартып) бізге түк те кесір жасаған жоқ, қайта өздеріне өздері кесір тигізді» (Әғраф сүресі, 160-аят).

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38