1) Парыз амалы: ислам дінінде орындалуы нақты, бұлтартпайтын дәлелмен бекітілген амалды «Парыз» деп атаймыз. Мысалы: намаз оқу‚ ораза ұстау‚ зекет беру‚ т.б.сияқты.
Парыздың үкімі: Парыз амалын орындаған кісі зор сауапқа ие болады‚ ал орындамаған кісі күнәһар болып‚ о дүниеде қатты азапқа душар болады. Ал оның парыз амал екендігіне сенбеген немесе оны мүлдем жоққа шығарған адам діннен шығады.
Парыздың екі түрі болады.
а) Парыз айн: Әрбір мұсылман адамның міндетті түрде орындауы қажет болған амал «парызы айын» деп аталады. Мысалы, бір күнде бес уақыт намаз оқу сияқты т.б.
ә) Парыз кифая: Егер бірнеше мұсылман адам орындаған жағдайда басқалардың мойнынан парыздығы түсетін амалдар «парызы кифая» деп аталады. Мысалы‚ жаназа намазын оқу. Бірақ егер ешбір себепсіз жаназа намазы оқылмай қалса‚ оның күнәсі барлығының мойнына жүктеледі.
2) Уәжіп амалы: Парыз амалы сияқты нақты болмағанымен күшті бір дәлелмен орындалуы міндеттелген ғибадаттың түрі «уәжіп» деп аталады. Мысалы‚ айт намазын оқу‚ пітір садақасын беру және құрбан малын шалу сияқты т.б.
Уәжіптің үкімі: Уәжіп амалдарын орындаған адам мол сауапқа ие болады‚ ал орындамаған кісі немесе орындау мүмкіндігі бола тұра тәрк еткен кісі ақыретте қатты азап шегеді.
3) Сүннет амалы: Парыз бен уәжіп амалдарынан басқа пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибадат ниетімен жасаған амалдары «Сүннет» деп аталады. Сүннеттер екіге бөлінеді:
а) Бекітілген сүннет амалдары (сүннеті муәккәдә). Пайғамбарымыздың әрдайым орындаған амалдары. Мысалы, Таң, бесін‚ ақшам намаздарының сүннеттері сияқты.
ә) Бекітілмеген сүннет амалдары (сүннеті ғайру муәккәдә). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кей кезде орындамаған сүннеттері жатады. Мысалы‚ екінті намазының сүннеті мен құптан намазының алғашқы сүннеті сияқты.
Сүннет амалының үкімі: Сүннеттерді орындаған кісі сауап алады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мейір-шапағатына бөленеді. Ал орындамаған кісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мейір шапағатынан құр қалады.
4) Мұстахаб амалы: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кейде істеп‚ кейде істемеген амалдарына «мұстахаб» амалы деп аталады. Мысалы: «Дұха» намазын оқу сияқты.
Мұстахабтың үкімі: Мұстахаб амалдарын орындаған кісі сауап алады‚ ал орындамаған кісі күнәһәр болмайды.
5) Мубах амалы: Бұл амалды орындаушы адам орындағаны үшін сауап та алмайды‚ орындамағаны үшін күнәһәр да болмайды Яғни орындап‚ орындамауы адамның өз еркінде болған амалда. Мысалы, отыру‚ жүру сияқты т.б.
6) Харам: Дінімізде орындауға қатаң түрде тыйым салынған амалдар. Жазықсыз адам өлтіру‚ ұрлық жасау‚ ішімдік ішу‚ құмар ойындарын ойнау‚ доңыз етін жеу‚ ата-анаға қарсы келу сияқты т.б.
Харамның үкімі: Харам амалды орындаған кісі қатты азаптанып жазасын тартады. Алладан қорқып, харамнан сақтанған адам сауап алады. Харам амалын жоққа шығарған адам діннен шығады.
7) Мәкруһ – орындалуы харам амалы сияқты болмағанымен дінімізде орындалуы құпталмайтын, әдепсіз деп саналатын іс-әрекеттер. Мәкруһ амалдары екіге бөлінеді:
а) Харамға жақын мәкруһ – уәжіптерді орындамау сияқты т.б. Үкімі: Мұндай мәкруһті орындаудан сақтанған адам сауап алады. Ал істеген кісі күнәһар болады.
ә) Халалға жақын мәкруһ – сүннет пен мұстахабтарды орындамау сияқты т.б. Үкімі: Осы сияқты мәкруһтардан сақтанған адам сауап алады да‚ ал орындамаған адам жазаланбайды.
8) Муфсид: Бастап қойған ғибадаттарды бұзатын әрекеттер. Мысалы‚ намаз кезінде сөйлеу‚ ораза ұстап жүрген кезде біле тұра‚ әдейі тамақ ішіп-жеу. Бұндай жағдайда намаз да‚ ораза да бұзылады. Оны қайта өтеу қажет болады. (Толығырақ ғылымхал кітаптарынан немесе мешіт имамдарынан сұрап білуге болады.)
Шымкент орталық мешіті