Бұл сарапталып алынған мәселе өзара талас-тартыс тудырып отырған мәселелердің ішіндегі ең бірегейі десек, асыра айтқандық емес. Әрине, бұл мәселе тап бүгінгідей ортаға қойылған жоқ. Керісінше, намазда «әмин» дауыстап айтылады ма, әлде іштей айтылады ма дегенге негізделіп қойылды. Негізінде төрт мазһабтың басында тұрған ғұламаларымыз, мұжтахидтеріміздің барлығы бір ауыздан, намазда «Фатиха» сүресінен соң «әминді» айтуды сүннет деп келіскен. Ал «әминді» дауыстап айту немесе айтпау жайлы екі түрлі жолды ұстанған. Кейбіреулері – Шафиғи мен Ханбали мазһабының ғұламалары «әминді» дауыстап айтуды абзал санаған болса, кейбір ғұламаларымыз әсіресе Ханафи мен Малики мазһабының ғұламалары «әминді» іштей айтуды абзал көрген. Себебі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етілген хадистерде екі жағына да дәлел табылған. Кейін әрбір тарап өздерінің не үшін бір жағын абзал санағанын түсіндіру мақсатында өз дәлелдерін келтірген және екінші тараптың дәлелдеріне де өз пікірлерін айтқан. Біз олардан хабарымыз бар ма, жоқ па белгісіз, бірақ тап осы мәселеде талас-тартыс (ихтилаф) шығарғанымыз анық. Енді болар іс болды десек те бәрібір пайдасы болар деген ниетте Алладан көмек сұрап, осы мәселе бойынша нендей әңгіме сөздер болғанын түсініп, бағамдауға бір талпынып көрсек деген үміттеміз. Тақырыпқа кіріспес бұрын мынаны айтып өткеніміз абзал болар, осыны жазып отырған қызметшілеріңіз өзі ұстанған мазһабқа байланысты намазда «әминді» ішінен оқитындарға да, «әминді» намазда дауыстап айтатындарға да өз құрметін білдіреді. Әсіресе, осы мәселеде ижтихад жасаған сәлафи салих ғұламаларымыздың барлығына құрметпен бас иеді. Олардың еш қайсыларына сәл болса да бір орынсыз пікір немесе соған ұқсас сөздер болмауын ниет етеді. Себебі ол ғұламаларымыз істеген ісі тура болса екі сауап, қателескен болса бір сауап алып кеткен. Өткендерімізге, әсіресе өткен ғұламаларымызға құрмет ету біздің борышымыз.
«Әминді» дауыстап айтуға келіскендердің дәлелдері
Енді намазда «Фатиха» сүресін оқып болғаннан соң «әминді» дауыстап айтуды абзал санағандардың дәлелдеріне тоқталып өтеміз. Бұл жақтың ең танымал уәкілі, алдында айтып өткеніміздей Шафиғи мен Ханбали мазһабтары болып табылады.
Бірінші дәлел: Имам Бұхари Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қашан имам «…ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» – десе әмин деңдер. Өйткені, кімнің айтқаны періштелердің айтқанымен тура келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» – деген. Имам Шафиғи мен имам Ханбали және олармен пікірлес жақтар осы хадиске сүйеніп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам «әмин» десе бізге де «әмин» деуімізге бұйыру да, ендеше біз де «әмин» деуіміз керек дейді. Ал, «әминді» іштей айтуды құп көретіндер Ханафилер мен Маликилер. Олар «әмин» деп айту өте дұрыс, сол үшін біз де солай айтамыз. Бірақ бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «әминді» дауыстап айтыңдар деп тұрған жоқ қой. Сондықтан бұл хадисті «әминді» дауыстап айтуға дәлел қыла алмайсыздар дейді. Расында бұл хадис екі жаққа да дәлел бола алады.
Екінші дәлел: Имам Мүслим Әбу Муса әл-Ашғаридан (р.а) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізге хұтба қылып, бізге сүннет жайлы баяндады да намаз оқығанда сапқа тұрыңдар, біреулерің сендерге имам болсын, ол тәкбір айтқан кезде сендер де тәкбір айтыңдар. Қашан ол «…ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» десе, сендер әмин деңдер. Алла Тағала қабыл етеді» – деген. Бұл хадис-шариф жайында да осы тараптағылар бірінші хадистегідей айтады. Сөзді түйіндеп айтар болсақ «әминді» дауыстап айту жайында бекітілген үкім жоқ екендігін аңғарамыз. Негізінде дауыстап айтуға дәлірек үкім болмағандықтан «әминді» іштей айтуды абзал санайтындардың пікірлері «әминді» дауыс шығарып айту абзалырақ дейтіндердің пікірлерінен жоғары тұрады. Және осыған ұқсас бір-екі риуаяттар келтіріледі. Олардың кей сөздері басқа болғанымен мағынасы бір. «Әминді» дауыстап айту абзал дегендер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әмин деп айтқаны жайындағы хадистерді де дәлел ретінде келтіреді.
Үшінші дәлел: Хафиз Әбу Бишр әд-Дауалиби келтірген риуаятта Уайл ибн Хужр әл-Хазрами (р.а) былай дейді: «Алла Елшісінің (с.ғ.с) намазда болғанын көрдім. Тіпті о жағынан да, бұ жағынан да көрдім. Ол кісі: «…ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» деп қырағат қылғаннан кейін, даусын созып «Әәәмиин» деді. Мұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын». Қарсы жақ осы және осыған ұқсас хадистерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) имам болып тұрып, «әминді» айтқандығын алға тартады. Бірақ бұл, имамның артында тұрып намаз оқып жатқан кісілерге «әминді» дауыс шығарып айтсын дегенге дәлел бола алмайды, дейді. Сонымен бірге, хадисте дауысын созып айтты дейді, дауыстап айтты делінген жоқ. Әдетте имамның бірінші сапта тұрған кісілер есітетіндей дәрежеде дауыс шығаруы бір нәрсені дауыстап айту делінбейді. Себебі көп сахих риуаяттарда келуінше, Алла Елшісінің (с.ғ.с) бесін намазында кейбір аяттарды бірінші қатардағылар есітетіндей дәрежеде дауыс шығарып оқығаны белгілі. Бесін намазында дауыс шығарып қырағат қылынбайтындығы да баршаға аян. Екіншіден, тап осы хадистің имам Ахмад, Әбу Дәуд ат-Таиулуси, Әбу Иағло әлМүсили, имам Дора Қутни және имам әлХакимдер келтірген басқа бір риуаятта, ол кісі: «…ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллинге» жеткенде дауысын бірінші қатардағылар есітетіндей дәрежеде төмендетіп, «әмин» деді, деген сөздермен келтіреді. Демек, сол намаз дауыс шығарып қырағат ету керек болған намаз болса да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Фатиха сүресін дауыстап оқып болған соң, бірінші қатардағылар еститіндей дәрежеде ғана шығарып «әмин» деген. Оның үстіне Уайл ибн Хужрдың (р.а) «Мұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын» – деген сөздерін дәлел қылып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «әминді» айтқан болса да тәлім ретінде айтқан, дейді. Себебі Уайл ибн Хужр әл-Хазрами (р.а) иамандық (иемендік) басшы кісілерден болған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хабарларын естіп Мәдина қаласына өзі арнайы барады. Ислам дінін қабылдап, бір аптадай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында тәлім алып, намаз оқуды үйреніп, сосын өз еліне қайтып кеткен. Міне осыған байланысты көрген-естігендерін кейінірек риуаят қылып берген. Ең маңыздысы, әуелде айтып өткеніміздей Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «әминді» айтқан болса да имам болып тұрып айтқан. Бұл риуаяттың қауымға «әминді» дауыстап айтуына қандай қатысы бар дейді ханафилықтар. Сондықтан болса керек, қазіргі таңда «сүннет тұрғанда фиқһтың не керегі бар?»- дейтіндер өз тартысуларында «әминді» дауыс шығарып айтуға жоғарыдағы риуаяттарды дәлел қылып келтірмейді. Жоғарыдағы (үшінші дәлел) хадисті риуаят еткен кісі. Сайд Сабиқ «Фиқһус-сүннә» кітабында төмендегі сөзді жазады: «Намаз оқушы Фатиханы оқып болғаннан соң әмин деуі сүннет. Дауыстап оқылатын намазда дауыстап оқып, сырлы оқылатын намаздарда дауыс шығарылмайды. Нуғайм әлМужмирден риуаят етіледі, ол кісі Әбу Һурайраның (р.а) арқасында тұрып намаз оқыдым. Ол «Бисмилләһир рахманир рахим» деді, сосын Фатиха сүресін оқыды, «уаладдоллинге» жеткен кезде әмин деді. Адамдар да әмин деді, деген» Сайд ас Сабиқтың бұл сөздері туралы оның өзіне ұқсап амал ететін хадис ғалымдарының бірі Насриддин Албани ол сөздердің орынды емес екендігін айтып жауап қайтарады. Өйткені, бұл риуаятта дауыс шығарып айтылғаны дәлірек айтылмаған. Риуаят етуші жақын тұрып айтылған «әминді» есіткен болуы мүмкін. Кейін Сайд Сабиқ: «Ибн Зубайр және онымен бірге болғандар «әминді» айтқанда, мешітте қатты дауыс шыққан» деген сөзді келтіреді. Насриддин Албани болса, бұған жауап ретінде былай деп жазады: «Ілесушілердің «әминді» дауыс шығарып айтулары жайында бұдан басқа деректер жоқ. Бұл толық дәлел бола алмайды. Өйткені оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с) дейін жеткізбеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «әминді» дауыс шығарып айтқаны жайлы хадистер келді де бірақ ол хадистердің біреуінде де сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) арқасында тұрып «әминді» дауыстап айтты деген сөз жоқ». Шейх Насриддин Албани бұл мәселе жөніндегі сөздерінің жалғасында имам Шафиғи де кейінірек «әминді» іштен айту абзал екендігіне қайтқаны жайлы және өзінің «Умм» атты кітабында «әминді» дауыстап айтуды дұрыс санамаймын деп жазғандығын келтіреді. Бұл, басында «әминді» дауыстап айту абзал деген ғұлама адамның, кейінірек басқа дәлелдермен танысып шығып, өзінің бірінші сөзінен қайтқанын көрсетеді. Хадис ғұламаларының қазіргі таңда көп сөз болып жүрген мешітті басына көтеріп «әмин» делінгені жайындағы риуаяттардың өте әлсіз (дағиф) екендігін түсіндіріп бергеніне аңдап қарағанымыз жөн болар.
«Әминді» іштей айту абзал дейтіндердің дәлелдері
Бұл пікір негізінде Ханафи мазһабы жағынан айтылғандығын алдында атап көрсеткен едік. Енді Ханафи ғұламаларының дәлелдеріне тоқталайық. Әуелі бір нәрсені ескертіп қойғанымыз абзал болар. Ханафи ғұламалары кейбіріміз аузымызға не келсе соны айтып жүргеніміздей, адамдарды тек қана өз пікірімен жүруге үндемейді. Олар әрбір үкімге Құран мен сүннеттен дәлел келтіруге тырысқан. Дәлірек айтқанда Құран мен сүннеттен алынған үкімдерді қарапайым кісілерге жеткізуге тырысқан. Бұл жөнінде төменде келтірілетін хадистерден біліп алсақ болады.
Бірінші дәлел: «Әмин» сөзі -дұға болып саналады. Оның мағынасы дұғаны қабыл ет! – дегені. Дұғаны қалай қылу жөнінде Құранда Алла Тағала былай дейді: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді». «Ағраф» сүресі, 55 аят. Осы аятқа қарағанда «әминді» іштен айтудың қажеттігі шығады.
Екінші дәлел: «Әмин» сөзі Құран аяты емес екені барлығымызға белгілі. Оның үстіне арабша да емес. Ал «Әғузу билләһи минәш шәйтонир ражим» – деген Құраннан және оны Құран оқығанда айту уәжіп қылынған. Солай бола тұрса да «Әғузу билләһи минәш шәйтонир ражимді» намазда ішімізден айтамыз. Олай болса, не үшін «әминді» дауыстап айтуымыз керек?!
Үшінші дәлел: Хасаннан (р.а) риуаят еткен хадисте: «Самура ибн Жундуб және Имран ибн Хусайн (р.а) өткенді еске алып отырды. Самура ибн Жүндуб (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі сәктаны (бір шама үнсіз тұруды) тәкбир тахриманы айтқанда және «ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» қырағатынан соң қолданатынын есіне сақтап қалғандығын айтты. Имран ибн Хусайн бұл кісінің сөзіне иланбады. Кейін екеуі Убай ибн Кағбке (р.а) хат жазды. Екеуіне қайтарған жауап хатында: «Тап солай, мұны Самур ибн Жүндуб жадында жақсы сақтап қалыпты, делінген екен» – деп риуаят қылынған. (Имам Әбу Дауд және басқа да хадис ғұламалары риуаят еткен). Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз бастағандағы тәкбір айтудан кейін де, «Фатиха» сүресін оқып болғаннан кейін де біршама үнсіз тұруды әдет қылған. Міне, осы амалдарды атқару үстінде сахабалар да тап осылай істеген екен. Ханафи ғұламалары өз дәлелдерін бекемдей түсу үшін осы мағынаға жақын тағы бірнеше риуаяттарды келтірген.
Төртінші дәлел: Әбу Уайл (р.а) риуаят етеді: «Али және Абдуллаһ Бисмилләһир рахманир рахимды да, әғузуды да, «әминді» де дауыстап айтпайтын еді» – деген. (Имам Әбу Дауд және басқа да хадис ғұламалары риуаят еткен). Хазреті Али мен Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а) сияқты Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) әр уақыт бірге жүрген, өте ілімді сахабалардың «әминді» іштерінен айтулары да күшті дәлел болып саналады. Басқа бір риуаятта Омардың да (р.а) «әминді» ішінен айтып намаз оқығаны мәлімделеді. Ханафи ғұламалары тап осы мағынадағы басқа да аты мәшһүр сахабалардың риуаяттарын келтіреді.
Бесінші дәлел: Намаз өте маңызды (танымал) ғибадат болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз парыз болған күннен бастап әр күні намазды жамағатпен оқыған. Ол кісінің қалай намаз оқығанын барлық сахабалар көріп байқап отырған. Егер «әминді» дауыстап айту абзалырақ болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның ара жігін ажыратып берген болып және бұған еш күмән да қалмас еді. Алла Елшісінің өзі имам болып, кейде үйрету үшін бірінші саптағылар еститіндей қылып «әмин» дегенінен басқа ешбір дәлел жоқ, әсіресе, имамға ұйыған кісілердің «әминді» дауыстап айтқандары жөнінде ешбір риуаят жоқ. Құрметті оқушылар! Біз «әминді» намазда іштей айту абзал ма, әлде сырттай айту абзалырақ па? деген мәселе бойынша бұрынғы ғұламаларымыздың сөздерін барынша қысқаша түрде ғана келтірдік. Сондай-ақ, бұрынғы ғұламаларымыздан екі тараптың да дәлелдерін келтірдік. Ендеше, бұрыннан-ақ қарастырылған нәрсені қайта қозғаудың не керегі бар?- деген сауалдың туындауы өз-өзінен түсінікті. Иә, әуелі бір нәрсені жақсылап зерттеп алмай тұрып, көпшілікке айтылатын болса, оның арты қолайсыз жағдай туғызатындығы күмәнсіз.
(Материал «Талас-тартыстар» атты кітаптан алынды) Шымкент қаласы орталық мешіті