«Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар»[1]

Адам баласы жан мен тәннен жаратылған. Тән қалауын күнделікті өтеп жатырмыз. Шаршасақ – ұйықтаймыз, шөлдесек – су ішеміз, қарнымыз ашса – тамақ жейміз. Бір сөзбен айтқанда, тән қалауларын өтеуде ешқашан шаршамаймыз. Ал, жанымыздың яғни, рухымыздың қалауын қалай өтеп жатырмыз? Жанға да азық керек емес пе? Алла Тағала:

﴿أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ﴾

 «Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады»,[2]деп, тыныштық іздеген рухымыздың тек Алланы зікір қылумен, құлшылық, ғибадат жасаумен тыныш-талатындығын білдірген. Соны дұрыс түсінбеген адам жүрегі не нәрседен тыныштық тауып, қана-ғаттанарын білмей шарқ ұрады. Тынымсыз жанына тыныштық іздеп, әр нәрсеге бір ұмтылып, шарасыздықтан басын кейде тасқа, кейде ағашқа соғып жатады. Бұл адам баласының әлсіз болып жаратылғанының белгісі. Бұл туралы Алла Тағала Ниса сүресінде былай айтқан:

﴿وَخُلِقَ الْإِنْسَانُ ضَعِيفًا﴾

 «Өйткені адам баласы әлсіз жаратылған».[3]

Өмірдің қиыншылықтарына тап болған адам үшін уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын бақсы-балгерлер ең жақын адамындай көрінері де рас. Еңсесi түсіп езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына демесiн, сүйеу тапқысы келерi ақиқат. Осылайша, көңілі жүдеу жандар жарнамасы құлақ жарар емші, балгерлерге барып, алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын болжатып, соған қарай әрекет еткісі келеді. Бағын аштырамын деп барып, бағын қаштырып жатыр, жолымды аштырамын деп, жаптырып жатыр.

Қазіргі кездегі халық арасында балшы, емшілерге барып, соларды жағалап кеткендердің саны көбеюде. Алла Тағала:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾

«Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтан-ның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтылар-сыңдар»,[4]деп, оларға барып, бал аштыру былай тұрсын, сақтаныңдар яғни, жоламаңдар деп ескертеді. Әрине барлық емші, сынықшыларды даттауға болмайды, олардың да арасында ауруды, емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, Алланың қалауымен берілген бұл міндетті аманат санап емдейтіндер бар. Құран аяттарының сырларын түсініп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйретіп кеткендей, дем салып емдейді.

Алайда, адамдарды алдап, көзбояушылықпен емдейтіндер де аз емес. Ондай адамдардың көп жағдайда жындармен байланысы бар. Оны олар білмеуі немесе біліп, жасыруы мүмкін. Cүлеймен пайғамбардың қиссасында келгендей, өзінің Алладан жіберілген пайғамбар екенін мойындату үшін Балқис патшайымның тағын кім бірінші әкеледі дегенде бір жын: «Мен сіз орныңыздан тұрғаныңызша алып келемін», – деді. Енді бірі: «Сіз көзіңізді ашып-жұмғанша алып келемін», деп айтуы –жындардың Алланың қалауымен берілген аса зор жылдамдық, әрі құдірет иесі екенінің дәлелі. Ол жайында Құранда:

﴿قَالَ يَـٰأَيُّهَا ٱلْمَلَؤُا أَيُّكُمْ يَأْتِينِى بِعَرْشِهَا قَبْلَ أَن يَأْتُونِى مُسْلِمِينَ  ﴿ ٣٨ ﴾   قَالَ عِفْرِيتٌ مِّنَ ٱلْجِنِّ أَنَا ءَاتِيكَ بِهِۦ قَبْلَ أَن تَقُومَ مِن مَّقَامِكَ ۖ وَإِنِّى عَلَيْهِ لَقَوِىٌّ أَمِينٌ   ﴿٣٩﴾   قَالَ ٱلَّذِى عِندَهُۥ عِلْمٌ مِّنَ ٱلْكِتَـٰبِ أَنَا ءَاتِيكَ بِهِۦ قَبْلَ أَن يَرْتَدَّ إِلَيْكَ طَرْفُكَ ۚ فَلَمَّا رَءَاهُ مُسْتَقِرًّا عِندَهُۥ قَالَ هَـٰذَا مِن فَضْلِ رَبِّى لِيَبْلُوَنِى ءَأَشْكُرُ أَمْ أَكْفُرُ ۖ وَمَن شَكَرَ فَإِنَّمَا يَشْكُرُ لِنَفْسِهِۦ ۖ وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ رَبِّى غَنِىٌّ كَرِيمٌ  ٤٠﴾

«Әй қауым! Олар маған бой ұсынып, келуден бұрын, оның тағын маған қайсың әкелесіңдер?»,-деді.(39) Жындардан бір ғыприт: «Оны орныңнан тұруыңнан бұрын келтіремін. Шын оған күшім жетеді де сенімдімін» деді. (40) Сондай өзі кітап ғылымына ие біреу де: «Оны кірпік қағуыңнан бұрын келтіремін» деді. (Сүлеймен Ғ.С.) оның, жанына келтіріліп, қойылғанын көрген сәтте: «Бұл Раббымның кеңшілігі. Шүкірлік қылам ба, нәсүкірлік қылам ба, мені сынау үшін. Кім шүкірлік қылса, әрине өзі үшін қылады. Ал кім нәсүкірлік етсе, Раббым бай да (оның шүкірлігіне мұқтаж емес), өте жомарт».[5]

Яғни, жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту бір мезеттің ісі. Қазіргі кездегі кейбір көріпкелдердің өзіне келген адамдар жайында толық мәлімет білуі – осы жындардың көмегі арқылы жүзеге асады. Көріпкел өзінің бойында керемет қасиет пайда болғандай сезініп, бұл сыбырлаушы екінші жақты оның аталары деп пайымдайды… Сөйтіп, ол өзін көріпкел, балшымын деп жариялайды. Құран Кәрімде «Нәс» сүресінде жындардың адамға әсері жайында:

﴿مِن شَرِّ ٱلْوَسْوَاسِ ٱلْخَنَّاسِ﴿٤﴾ ٱلَّذِى يُوَسْوِسُ فِى صُدُورِ ٱلنَّاسِ﴿٥﴾ مِنَ ٱلْجِنَّةِ وَٱلنَّاسِ ٦﴾

(4) «Сыбырлап азғырушының кесірінен», (5) «Сондай адамдардың көкейлеріне салатын»; (6) «Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын» де», [6]делінген.

Бал ашу — болжам жасаудың ертеден келе жатқан түрі. Ежелден қалыптасқан бұл дәстүр Фирдоусидiң әйгiлi «Шахнама» дастанында:

«Отырып үкамалар құрға салды,

Құрғаның құралдарын қолға алды.

Қарасып, сiз баяндап берiңiз деп,

Кошауаттың үйдi алдына өңшең палды», –деп жырланған.

Енді бәз біреулер Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз деп жатады. Бәрібір мұның барлығы да «бал ашушылыққа» жатады. Яғни, ғайыпты біліп, айтқысы келушілік болып саналады. Ал оларға барып, болжауларына сеніп, олардың айтқандарын растайтын адамдар да кездеседі. Енді осы емшіге бару, бал аштыру шариғат тұрғысында дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ туындайды. Бұл тұрғыда ескерілетін жалғыз нәрсе: ғайыпты білуші бір Алла.

Құран Кәрімде:

﴿قُل لَّا يَعْلَمُ مَن فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُۚ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ﴾

«Көктер мен жердегi көместi Алладан басқа ешкiм бiлмейдi»[7],делінген. Сондай-ақ Алла Тағала «Жын» сүресінде:

﴿عَالِمُ الْغَيْبِ فَلَا يُظْهِرُ عَلَىٰ غَيْبِهِ أَحَدًا ﴿٢٦﴾ إِلَّا مَنِ ارْتَضَىٰ مِن رَّسُولٍ فَإِنَّهُ يَسْلُكُ مِن بَيْنِ يَدَيْهِ وَمِنْ خَلْفِهِ رَصَدًا﴾

 «Алла Тағала  ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды, тек разы болған елшілеріне білдіреді. Өйткені Алла өзінің елшісінің алды-артына күзетші қояды»[8], деген.

Ғайып ол келешекке тән нәрселер. Демек, алдымызда не күтіп тұрғанын болжап біле алмаймыз. Олай болса, бұл аяттан түсінетініміз: Алла Тағала ғайыпты қарапайым кез келген адамдарға айтпайды. Сондықтан «мен ғайыпты білемін» деген адам Құранға қарсы шыққан адам болып табылады. Себебі: Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ مَنْ أَتَى كَاهِنًا أَوْ عَرَّافًا فَصَدَّقَهُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنْزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ

«Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болатын болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) келтірген дінге қарсы шыққанмен тең»[9], – дейді.

Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Алланың әміріне қарсы шығады. Кейбіреулер емші, балгерлерді қасиетті адам деп әспеттейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бал ашып, ғайыпты болжауға тырысып, өтірік әрекетімен Аллаға қарсы шығып отырған адам қалай қасиетті болмақ.

Айша анамыз (р.ғ.-һа): «Бірде бір топ адам Алла Елшісінен (с.ғ.с) сәуегейлер жайлы сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  «Олардың айтатыны шындық емес»,-деді. Екі әлем Сардарына осы сауалды қойғандар: «Уа, Алланың Елшісі! (с.ғ.с) кейде олардың бізге айтқандары рас болып жатады»,-деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) оларға: «Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періште-лерден) ұрлап алып, кейін оны досының (яғни, балгердің) құлағына сыбырлайды. Ал, балгерлер сол сөзге өз ойынан жүз өтірік қосып (болашақты білетіндей бал ашады)»-деп айтты»[10], – деген.

Кей кезде балгерлердің айтқанының дәл келетіні рас. Бұны олардың жындармен байланыста болғанымен түсіндіруге болады. Жындар көбінесе рухани төмен, тәні лас адамдарға кіреді, сондаай-ақ кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп оларды алдап‑арбау арқылы, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Негізінен, жындар ғайыппен байланысты мағлұ-маттардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар, көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді. Бұл жайында Құранда: 

﴿وَأَنَّا لَمَسْنَا السَّمَاءَ فَوَجَدْنَاهَا مُلِئَتْ حَرَسًا شَدِيدًا وَشُهُبًا ﴿٨﴾ وَأَنَّا كُنَّا نَقْعُدُ مِنْهَا مَقَاعِدَ لِلسَّمْعِ ۖ فَمَن يَسْتَمِعِ الْآنَ يَجِدْ لَهُ شِهَابًا رَّصَدًا ﴿٩﴾ وَأَنَّا لَا نَدْرِي أَشَرٌّ أُرِيدَ بِمَن فِي الْأَرْضِ أَمْ أَرَادَ بِهِمْ رَبُّهُمْ رَشَدًا ١٠﴾

«Әрине көкке қарманғанымызда оны қатал күзетші және атылған жалындарға толтырылған түрде таптық, Әлбетте тыңдау үшін аспанның кей орындарында отыратын едік. Енді біреу тыңдамақшы болса, оны көздеген жұлдызды көреді. Әрине білмейміз; жер жүзіндегілерге жамандық ойланылуда ма? Немесе оларға, Раббылары жақсылық қалауда ма?».[11]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және бір хадисінде: «Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді»[12], деген. Яғни, ол адамның намазы, құлшылығы, тілегі қабыл болмайды деген сөз. Ғибадаттың үлкені – намаз. Намаз қабыл болмағаннан кейін басқа ешбір амалдар да қабыл болмайды.

Демек, ол адамның Алла Тағалаға жақындайтын есіктердің бәрі жабылады деген сөз. Осылайша, көп адамдар емші-балгерлерге жолымды аштырамын деп барып, өз қолдарымен жолдарын жаптырып жатқандықтарын білмейді. Алла Тағала:

﴿وَيَقُولُونَ لَوْلَا أُنزِلَ عَلَيْهِ آيَةٌ مِّن رَّبِّهِ فَقُلْ إِنَّمَا الْغَيْبُ لِلَّهِ فَانتَظِرُوا إِنِّي مَعَكُم مِّنَ الْمُنتَظِرِينَ٣﴾

 «Және олар: «Оған, Раббылары тарапы-нан бір мұғжиза неге түсірілмейді?» – дейді. Сонда сен оларға: «Негізінен, көмес Аллаға тән. Сондықтан күтіңдер! Мен де сендермен бірге  соны тосамын!» – де»[13], дейді.

Иә, басқаны айтпағанда, Құранда қайта-қайта ескертіліп, болатыны анық қиямет күнінің де қашан боларын ешбір Пайғамбар білмеген. Осындай болатыны айқын, айтылған мәселелердің нақты шешімін білмейтін пенделер тағдыр сырларын, бір адамның жеке өміріне қатысты мәселелерді қайдан біле қойсын?! Жоғарыда айтылған аяттар мен хадистерден аңғарғаны-мыздай, балгерлерге бару, олардың айтқандарына сену өте ауыр күнә болып есептеледі. «Құдайдан қорықпаған ғана құмалақ тартады» деп қазақ даналары бекер айтпаған. Ненің қашан, қайда болатынын, біреудің өмірі мен ажалының қашан және қай жерде келетінін де тек қана Алла біледі. Дәуіт пайғамбардың ұлы Сүлейменнің (а.с) өмірі ғана емес, өлімі де адамзат баласына үлгі боларлық. Бұл жайында Құранда:

﴿فَلَمَّا قَضَيْنَا عَلَيْهِ الْمَوْتَ مَا دَلَّهُمْ عَلَىٰ مَوْتِهِ إِلَّا دَابَّةُ الْأَرْضِ تَأْكُلُ مِنسَأَتَهُ ۖفَلَمَّا خَرَّ تَبَيَّنَتِ الْجِنُّ أَن لَّوْ كَانُوا يَعْلَمُونَ الْغَيْبَ مَا لَبِثُوا فِي الْعَذَابِ الْمُهِينِ ١٤﴾

«Біз Сүлейменге өлімді жібергенімізде мұны тек жердің құрты ғана аңдады, сөйтіп, оның аса таяғын кеміріп тауысты. Жындар оның өлгенін Сүлеймен (а.с) тақтан құлаған кезде ғана білді. Егер жындар ғайып ілімді білсе, мұндай масқара қорлықта жүрмеген болар еді»[14].

Алла Тағала игі істер атқару үшін Сүлеймен (а.с) пайғамбарға жындарды бағындырып беріп, оның қызметіне салған. Құранда:

﴿وَحُشِرَ لِسُلَيْمَانَ جُنُودُهُ مِنَ الْجِنِّ وَالْإِنسِ وَالطَّيْرِ فَهُمْ يُوزَعُونَ﴿١٧﴾ حَتَّىٰ إِذَا أَتَوْا عَلَىٰ وَادِ النَّمْلِ قَالَتْ نَمْلَةٌ يَا أَيُّهَا النَّمْلُ ادْخُلُوا مَسَاكِنَكُمْ لَا يَحْطِمَنَّكُمْ سُلَيْمَانُ وَجُنُودُهُ وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ﴾

«Сүлейменнің жыннан, адамдардан, құстардан әскерлері жиналды. Сонда олар толық басқарылуда еді»[15],-деген. Әйтсе де оған (а.с) жындардың барлығы емес, бір тобы ғана бағындырылды. Тағы бір аятта:

﴿يَعْمَلُونَ لَهُ مَا يَشَاءُ مِن مَّحَارِيبَ وَتَمَاثِيلَ وَجِفَانٍ كَالْجَوَابِ وَقُدُورٍ رَّاسِيَاتٍ ۚ اعْمَلُوا آلَ دَاوُودَ شُكْرًا ۚوَقَلِيلٌ مِّنْ عِبَادِيَ الشَّكُورُ ١٣﴾

«Олар Сүлейменнің қалауымен құрылыстар, көлдей ыдыстар және орнатылған қазандықтар жасайтын еді»[16].

Яғни, жындар оған сарайлар, мешіттер салып беретін болған. Міне, осылайша, Сүлеймен (а.с) пайғамбар жындарға үлкен мешіт салғызады. Сол уақытта өзіне ажал сәті жақындағанын сезген Сүлеймен (а.с) құрылыс жүріп жатқан жерге тағын қойып, сонда отырып аса таяғына сүйенген күйі жан тапсырады. Жындар оны тірі екен деп ойлап, бас алмастан жұмыстарын атқара береді. Алайда, біраз уақыт өтіп, Сүлеймен (а.с) сүйеніп отырған таяқты құрт кеміріп, таяқ сынғанда Сүлеймен пайғамбардың денесі жерге сылқ етіп құлайды. Сонда ғана оның өлгенін білген жындар жан-жаққа тарап кетеді. Егер жындар ғайыпты білер болса, қастарында отырған Сүлейменнің (а.с) өлгенін білер еді.

Хазіретті Әлидің халифа болып тұрғанында мынандай бір оқиға болған еді.

Хазіретті Әли (р.а) сарбаздарымен жорыққа шыққалы тұрғанда, Ибн Ауф атты көріпкел халифаға: «Тап қазір жолға шықпа, үш сағаттан соң шық. Сонда жеңіспен ораласың, ал қазір шықсаң жеңіліп қайтасың», – дейді. Сонда Хазіретті Әли (р.а): «Біз көріпкелдерге жүгінбейміз, біз Аллаға ғана тәуекел етеміз! Құранда кімде-кім көріпкелдің сөзіне сенсе, Алланың сөзіне сенбегені, кәпір болғаны делінген. Сондықтан біз тап қазір сәтсіздік жорылып тұрған кезде шығамыз», – дейді. Сосын адамдарға қарап: «Уа, мұсылмандар! Көріпкелдердің айтқандарына сенбеңдер! Себебі көріпкелдер – сиқыршылардың бір түрі. Ал сиқыршылар құдайсыздардың бір түрі. Құдайсыздардың барлығы да тозаққа тасталатынын сіздер білесіздер!» – деп, сол сағатта жорыққа аттанады. Алланың қалауымен бұл сапардан жеңіспен сәтті оралады. Елге оралған соң ибн Ауфқа және адамдарға егер көріпкел айтқан сағатта сапарға шыққанымызда  мына көріпкел «мен айтқан соң ғана жеңіске жеттіңдер» деп дандайситын еді. Бірақ біз көріпкелдің шықпа деген сағатында шығып, жеңіспен оралдық. Барлық нәрсе Алланың қолында. Сондықтан мұсылмандар, бір Аллаға ғана тәуекел етіңіздер, көріпкелдерге сенбеңіздер, себебі біздің сүйенеріміз құдыреті күшті Алла!» – деді.

Міне, жоғарыда келтірген аят, хадистерді ескерер болсақ, шығатын қорытынды бір – болашақты болжайтын бақсы, балгерлердің сөзі мен әрекеттері емес. Емшілердің шариғатымызға қайшы емдері асыл дінімізде рұқсат етілмеген істер. Шипа беруші, шипа алушы да – бір Алла. Қасиетті Құран Кәрімде:

﴿ وَنُنَزِّلُ مِنَ ٱلْقُرْءَانِ مَا هُوَ شِفَآءٌ وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَۙ وَلَا يَزِيدُ ٱلظَّـٰلِمِينَ إِلَّا خَسَارًا﴾

«Құраннан мүміндерге шипа және рахмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі»[17],деп, мүміндердің басқа біреуге емес, тек Өзіне, түсірген сөзіне ғана сенім артып, бас июлерін бұйырады. Осыны есте сақтап, адасудан сақ, дінімізге берік болайық, бауырлар!

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] «Мәида» сүресі, 90-аят.

[2] «Рағд» сүресі, 28-аят.

[3] «Ниса» сүресі, 28-аят.

[4] «Мәида» сүресі, 90-аят.

[5] «Нәміл» сүресі, 38-40 аяттар.

[6] «Нәс» сүресі, 4-6 аяттар.

[7] «Нәміл» сүресі, 65-аят.

[8] «Жын» сүресі, 26-27 аяттар.

[9] Ахмад, 2/429 бет.

[10] Бұхари, Тәухид 57.

[11] «Жын» сүресі, 8-10 аяттар.

[12] Мүсілім және Ахмад.

[13] «Юнус» сүресі, 20-аят.

[14] «Сәбә» сүресі, 14-аят.

[15] «Нәміл» сүресі, 17-аят.

[16] «Сәбә» сүресі, 13-аят.

[17] «Исра» сүресі, 82- аят.

 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38