Ғалымдар «сахаба деп кімді айтамыз» деген мәселеде түрлі пікір айтқан. Мәселен, усули (дін негіздері саласының) ғалымдары: «Сахаба» деп «Нәбимен (с.ғ.с) ұзақ мерзім сұхбаттас болумен қатар оған ерген» адамды есептеп, Нәбиді (с.ғ.с) көрген бірақ, алайда онымен әңгімелеспеген әрі оған ермеген адамды «сахаба» деп есептемеген.
Тіл саласының ғалымдары «сахаба» ұғымын тіл ғылымы тұрғысынан қарап, сұхбаттасу мерзімін негіз ретінде қарастырмаған. Яғни, сұхбат бір ай, бір жыл, не болмаса бір сағат болуы ықтимал деген.
Мухаддистер, мәселен имам Ибн Хажәр (р.а), «сахаба» сөзіне түсініктеме беріп айтады: «Пікірлердің басымы: «сахаба» деп Нәбимен (с.ғ.с) жүздескен, мұсылман болған әрі мұсылман болып жан тапсырған адам айтылады. Бұл санатқа Нәбиді (с.ғ.с) бір мәрте болса да көрген мүміндер жатады. Бұл мәселеде оның Нәбимен (с.ғ.с) жүздесу мерзімі, оның Нәбиден (с.ғ.с) риуаят еткені не болмаса риуаят етпегені, Нәбимен (с.ғ.с) бірге соғысқа қатысқан-қатыспағаны, сұхбаттасқан-сұхбаттаспағаны есепке алынбайды. Нәбидің (с.ғ.с) зағип замандас мұсылман да сахаба болып есептеледі.
Нәбидің (с.ғ.с) көзі тірісінде кәпір болып, кейін ол дүние салғаннан соң иманға келген, Пайғамбарымызды (с.ғ.с) пайғамбарлық басталудан бұрын көрген мүмін Кітап иелері, Нәбидің (с.ғ.с) көзі тірісінде иманға келіп, бірақ діннен қайтып муртад болған адамдар сахабалар қатарына жатпайды. Ал дінді қабылдап, кейін муртад болған, сонан соң қайта иманға келген адам, ол тіпті содан соң Нәбиді (с.ғ.с) қайта көрмесе де, сахабалар қатарына жатады».
«Сахаба» сөзінің ұғымына қатысты осы тәрізді пікірді имам Бұхари, имам Ахмад ибн Ханбал т.б. айтқан.
Жоғарыда айтылғанды тұжырымдайтын болсақ, «сахаба» дегеніміз, ол: Нәбиді (с.ғ.с) мүмін болған халде көрген әрі иманды болып жан тапсырған мұсылман.
Құран сахабалар (р.а) жайында.
Хақ Тағала «Фатх» сүресінің 29-шы аятында айтады:
مُّحَمَّدٌ رَّسُولُ اللهِ وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاء عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَآءُ بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعًا سُجَّدًا يَبْتَغُونَ فَضْلاً مِّنَ اللهِ وَرِضْوَانًا سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِمْ مِنْ أَثَرِ السُّجُودِ….
«Мұхаммед (с.ғ.с) – Алланың пайғамбары. Онымен (с.ғ.с) болғандар[1] кәпірлерге қатаң, өзара рақымды. Олар әрдайым Алла Тағаланың кеңшілік-мархаматы мен разылығын тілеп бас иіп, сәжде етіп жатқанын көресің. Олардың жүзінде сәжде ізі бар».[2]
«Онымен (с.ғ.с) болғандар кәпірлерге қатаң, өзара рақымды» – бұл Хақ Тағаланың: «Олар мүміндерге жұмсақ, кәпірлерге қатал», -дегеніне сай,[3] кәпірлерге қатаң болып, мүміндерге мейірімділік ету және кәпірлерге қарағанда қабағын шыту, ал мүміндерге қарағанда жайдары болу мүміндердің сипаты. Әрі Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 123-ші аятында бұл мәселеге қатысты: «Олар сендердегі күш-қуатты көрсін», – деген.
«Олар әрдайым Алла Тағаланың кеңшілік-мархабаты мен разылығын тілеп бас иіп, сәжде етіп жатқанын көресің» – бұл мүміндер намазды көп оқитынына меңзейді. Ал, намаз – амалдардың абзалы. Сонымен қатар, бұл ықылас пен Жаратушы Иенің мол сауабынан үміттенудің үлгісі. Сауап дегеніміз, ол – Хақ Тағаланың разылығы және Оның кеңшілігіне тола жәннат. Ал, Жаратушы Иенің разылығы: «Алла Тағаланың разылығы барлық нәрседен ұлы», – дегенге сай,[4] барлық нәрседен де абзал.
«Олардың жүзінде сәжде ізі бар» – Ибн Аббас (р.а) бұл сөздің ұғымына қатысты: «Бұл – көркем бейненің сипаттамасы»,-десе, Мужәһид: «Ол – Алла Тағалаға көну мен бойсұнушылық»,-деген.
Әс-Садди айтады: «Намаз жүзді әсемдейді».
Имам Ахмад және имам Әбу Дәуід Ибн Аббастан (р.а) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (с.ғ.с): «Игілікті ұстану, көркем бейне мен үнемділік[5] – пайғамбарлықтың[6] жиырма бестен бір бөлігі», –деген.
Сахабалар (р.а) ниет, ықыласқа ден қойып, амалдарын көркем үлгіде орындайтын. Осы себептен сахабаларға (р.а) назарын салған әрбір адам олардың көркем бейнелері мен амалдарына таңдана қарайтын.
Мәлік (р.а) айтады: «Шамды иеленген христиандар сахабаларды (р.а) көрсе: «Хақ Тағаламен ант етеміз! Бізге хауарилер[7] жайында хабар жеткен болса,[8] бұлар сол хауарилерден де абзал»,-деп айтатын. Мен соны естідім. Олар рас айтты». Себебі бұл үмбет Құраннан ілгері түсірілген Қасиетті Кітаптарда[9] мақталып, дәріптелген. Ал үмбеттің ұлысы да, абзалы да Расулуллаһтың (с.ғ.с) сахабалары (р.а). Хақ Тағала Өзінің Қасиетті Кітаптарында оларды ерекше мақтаған. Сондықтан да осы аятта: «Міне, бұл олардың Тәурат пен Інжілдегі сипаттамасы»,-деген.
Расулуллаһ (с.ғ.с) сахабалар туралы. Әбу Һұрайра (р.а) айтады:
أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَتَى الْمَقْبُرَةَ، فَقَالَ: السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ دَارَ قَوْمٍ مُؤْمِنِينَ. وَإِنَّا، إِنْ شَاءَ اللهُ، بِكُمْ لاَحِقُونَ. وَدِدْتُ أَنَّا قَدْ رَأَيْنَا إِخْوَانَنَا» قَالُوا: أَوَلَسْنَا إِخْوَانَكَ، يَا رَسُولَ اللهِ؟ قَالَ: أَنْتُمْ أَصْحَابِي وَإِخْوَانُنَا الَّذِينَ لَمْ يَأْتُوا بَعْدُ
«Расулуллаһ (с.ғ.с) қабірстанға келгенде: «Әс-саләму ғәләйкум, уа мүміндер мекенiнiң тұрғыны болған қауым! Бiз де, Құдай қаласа, сендерге қосыламыз. Мен бiздiң бауырларымызды көрудi қалаймын»–дедi. Сахабалар: «Уа, Расулуллаһ! Бiз Сiздiң бауырларыңыз емеспiз бе?»-деп сұрағанда, Ол: «Сендер Менiң сахабаларымсыңдар. Менiң бауырларым – әлi дүниеге келмегендер»–деп жауап бердi».[10]
Түсiнiктеме: «…сахабаларымсыңдар» – яғни, дiндегi бауыр болумен қатар, сахабасыңдар.
«Менiң бауырларым…» – яғни, сахаба болмаған, бiрақ мұсылман болу себебiнен дiндегi бауыр. Мәселен, қазiргi дәуiрдегi өмiр сүрiп жатқан мұсылмандар.
Расулуллаһ (с.ғ.с) айтады:
لاَ تَسُبّوا أصْحَابِي، فَوَالذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ أنْفَقَ أحَدُكُمْ مِثْلَ أُحُدٍ ذَهَبَاً مَا بَلَغَ مُدّ أحَدِهِمْ وَلاَ نَصِيفَهُ
«Менің сахабаларымды сөкпеңдер! Жаным билігінде болған Алла Тағаламен ант етемін! Сендердің бірің тіпті Ухуд тауындай алтын сарып етсе де олардың бірі жұмсағанның жартысын да сарып еткен болмайды».[11]
Мұның мәнісі: сахабалар (р.а) өздері мұқтаж бола тұрғанынан қарамастан қолында барын дін үшін жұмсаған болатын.
Нәби (с.ғ.с) айтады:
مَنْ سَبَّ أَصْحَابِي فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللَّهِ، وَالْمَلائِكَةِ، وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ
«Менің сахабаларыма тіл тигізгенге Алла Тағаланың, періштелердің және адамдардың лағнеті болсын!».[12]
مَثَلُ أَصْحَابِي فِي النَّاسِ كَمَثَلِ الْمِلْحِ فِي الطَّعَامِ
«Менің сахабаларымның мысалы астағы тұз тәрізді».[13]
Яғни, тұз астың дәмін кіргізгендей сахабалар дүние тіршілігіне мән берген.
Ғалымдар сахабалар (р.а) туралы.
Абдуллаһ ибн Омар (р.а) айтады:
لا تَسُبُّوا أَصْحَابَ مُحَمَّدٍ فَلَمَقَامُ أَحَدِهِمْ سَاعَةً خَيْرٌ مِنْ عَمَلِ أَحَدِكُمْ عُمْرَهُ
«Мұхаммедтің (с.ғ.с) сахабаларына тіл тигізуші болмаңдар! Өйткені, олардың бір сағаттық ісі сендердің өмір бойын істегендеріңнен абзал».[14]
Абдур-Рахман ибн Язид (р.а) айтады:
عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ يَزِيدَ قَالَ: قَالَ عَبْدُ اللَّهِ بن مسعود: أَنْتُمْ أَكْثَرُ صَلَاةً، وَأَكْثَرُ صِيَامًا، وَأَكْثَرُ جِهَادًا مِنْ أَصْحَابِ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَهُمْ كَانُوا خَيْرًا مِنْكُمْ. قَالُوا: فِيمَ ذَاكَ يَا أَبَا عَبْدِ الرَّحْمَنِ؟ قَالَ: كَانُوا أَزْهَدَ مِنْكُمْ فِي الدُّنْيَا، وَأَرْغَبَ مِنْكُمْ فِي الْآخِرَةِ
«Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а): «Сендер Нәбидің (с.ғ.с) сахабаларынан көп ауыз бекітіп, намаз оқисыңдар әрі ижтиһад етесіңдер. Дегенмен, сахабалар (р.а) сендерден абзал»-деді. Сонда адамдар: «Уа, Абдур-Рахманның әкесі! Не себепті,?»-деп сұрады. Ол: «Себебі, олар сендерден гөрі дүние ісінде тақуа және Ақыретке ынталы болатын».[15]
Ғубайд ибн Ғумайр (р.а) айтады:
مَا الْمُجْتَهِدُ فِيكُمْ إِلا كَاللاعِبِ فِيمَنْ مَضَى
«Сендердің араларыңдағы мүжтаһидтерің ілгеріде болғандардың ойнағаны тәрізді».
Башар ибн Әл-Харис (р.а) айтады:
أَوْثَقُ عَمَلِي فِي نَفْسِي حُبُّ أَصْحَابِ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
«Менің ең сенімді ісім – Мұхаммедтің (с.ғ.с) сахабаларын жақсы көру».
Әһлүс-сунна уәл-жамаға ғалымдары хазіреті Әлидің (р.а) мына сөзімен бірауыздан келіскен:
خَيْرُ هَذِهِ الْأُمَّةِ بَعْدَ نَبِيِّهَا أَبُو بَكْرٍ ثُمَّ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا وَاتَّفَقَ أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى بَيْعَةِ عُثْمَانَ بَعْدَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا
«Нәбиден (с.ғ.с) соң бұл үмбеттің қайырлысы Әбу Бәкір (р.а), кейін Омар (р.а). Ал Омардан (р.а) соң сахабалар Османға (р.а) байғат беруге бір ауыздан келіскен».
Біз, мұсылман үмбеті, сахабаларға (р.а) сын тақпаймыз. Олар жайында жаман айтпаймыз. Сахабалар (р.а) – үмбеттің ең абзал бөлігі.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, сахабалар (р.а) қателескен болса, Хақ Тағала олардың күнәларын тәубесін қабыл ету, күнәға кәффарат болатын мол сауапты нәсіп ету не болмаса қатеге лайық сынақ беру арқылы кешірді. Өзгеше болуы да мүмкін емес! Өйткені сахабалар (р.а) – үмбеттің ең абзал бөлігі. Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (с.ғ.с):
خَيْرُ الْقُرُونِ قَرْنِي الَّذِي بُعِثْت فِيهِمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ
«Үмбеттің жақсысы – мен пайғамбар етіліп жіберілген уақыттағы үмбеттің бөлігі. Кейін солардан кейінгілері, кейін солардан кейінгілері» –десе,
Ибн Масъуд (р.а) айтады: «Біреуге еруін қалаған адам марқұмдарға, яғни сахабаларға (р.а) ерсін… Мұхаммедтің (с.ғ.с) сахабалары (р.а) үмбеттің ең абзал, ілімді, пәк, жүректері игі бөлігі. Дінді бекем ету мақсатында Хақ Тағала оларды Нәбидің (с.ғ.с) серігі етті. Сахабаларға (р.а) тағзым етіп, оларға ересіңдер. Көркем мінезділік пен ізгі тіршілік мәселесінде сахабаларды (р.а) өнеге тұтыңдар. Себебі олар тура жолда еді».[16]
Сахабалардың (р.а) өнегелі өмірі – имандылық-тың айқын бейнесі және мұсылмандықтың қайнар көзі. Бұл мәселеде ешбір күмән жоқ!
Бұл үмбет – «…жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаратын және Хақ Тағалаға ақиқат иман келтірген адамзат үшін игі бір» үмбет.[17]
Бұл аятта үмбеттің «игі» болудың себебі айтыл-ған. Ол: жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару.
Тәпсіршілер айтады: «Иман барлық нәрсенің негізі әрі имансыз ешбір игі амал қабыл етілмейтініне қарамастан, бұл аятта жақсылыққа үндеу және жамандықтан қайтару жайында алдымен айтылған. Мұның мәнісі: ілгерідегі үмбеттер де иманды болған. Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбеті дәл осы жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтарғандықтан басқа үмбеттен жоғары тұр. Әрі бұл – осы үмбеттің ерекшелігі. Ал, имансыз ешбір амал есепке алынбауы себепті жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтарумен қоса иманды болуды «ең абзал үмбет» болудың шартына қосқан».
Сахабалар (р.а) «ең абзал үмбет» болу жолында Жаратушы Иенің талабына сай жаны мен малын құрбан етті. Сондықтан болар Расулуллаһ (с.ғ.с): «Сендердің абзалдарың – Менің дәуірімде өмір сүргендерің»,-деген. Біздің мұсылман болуымызға да сахабалардың (р.а) құрбандықтары себеп десек қателесе қоймаймыз.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] яғни, сахабалар (родиял-лаһу ъанһум). «Тафсирүл-Жәләләйн».
[2] «Фатх» сүресі, 29-аят.
[3] «Мәида» сүресі, 54-аят.
[4] «Мәида» сүресі, 54 аят.
[5] яғни, ысырап етуден сақтану.
[6] бұл Пайғамбарларға ﴾r﴿ тән сипаттар. Осы үш сипатты иеленген адам бойына Пайғамбарларға ﴾r﴿ тән сипаттарды сіңірген болады.
[7] хауари – Иса пайғамбар u заманында Оған ерген мұсылмандар.
[8] яғни, хауарилердің имандылығы, тақуалығы т.с.с. жайында.
[9] яғни, Тәурат, Забур, Інжілде.
[10] Мүсілім, 249.
[11] Бұхари, 3470.
[12] Табарони.
[13] «Әл-Жәмиғус-сағир», 8160.
[14] Имам Ахмад,1/57; имам Ибн Мажә, 162
[15] Табарони.
[16] «Мишкат», 1/32.
[17] «Әли Имран» сүресі, 110 аят.