Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын.
Ең әуелі күллі әлемнің Раббысы болған Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Алланың ең сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммед Мұстафаға Алланың салауаты мен сәлемі болсын.
Атам қазақ «Дәстүріңді баққаның- үмітіңді жаққаның» – десе, келесі мақалында «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа»- деген. Айналамызға назар салып, өзге елдер мен ұлттарға көңіл аударар болсақ, әр елдің, ұлттың салты мен дәстүрі бар. Сол секілді қазақ елінде де ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпы бар. Тарих беттерін парақтап еске алар болсақ, жаугершілік заманында қазақ халының ұстанып отырған діні мен дәстүрін, салты мен ғұрпын ұмыттыру үшін діні мен дәстүрін, әдет-ғұрпын тықпалағанын көреміз. Ал дінін, тілін және дәстүрін ұмытқан елдің болашағы қайдан болсын. Қазақтың сан ғасырдан бері сүйегіне сіңіп кеткен салт-дәстүрінің басым көпшілігін дініміз Исламда да құпталған. Тіпті шариғаттағы кейбір үкімдер сол елдің дәстүріне, ғұрпына қарап, үкім шығарып пәтуә берген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,– деп бұйырған. (Ағраф сүресі, 199 аят).
610- жылы Алла Елшісі (Оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) 40 жасында пайғамбарлық келген кезде арабтардың алуан түрлі дәстүрі мен ғұрыптары бар еді. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) Ислам діні келді, дәстүр мен ғұрып мүлде керек емес деген жоқ. Раббымыз Алланың бұйрық-тыйымына сай келгендерін қабылдап, сай келмегендерін тыйым салды. Қазақ елінің Ислам дінімен қауышқанына шамамен он екі ғасырдан астам уақыт өтті. Сол уақыттан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Соның бір дәлелі ретінде қазақ халқында хадистердің ойынан туындаған мақал-мәтелдердің бірнешеуін мысал ретінде келтірсек болады:
- Алла Елшісі (Оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Өтіріктен сақтан. Себебі өтірік пен иман бір жерде болмайды»,- деген. Осы хадисте атам қазақ: «Өтірікшіде иман жоқ», келесі сөзінде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,- деп мақалға айналдырып, өскелең ұрпағына өтіріктен бойын аулақ ұстауды өсиет еткен.
- Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) өз сөзінде: « Тәкәппарлығынан киімінің етегін жерге сүйретіп жүргендерге Алла қиямет күні назарын да салмас»,-деген (Мүслим, либас, 2087). Ал халқымыз осы хадистен оймақтай ой түйіп: «Тәкәппарды Тәңір сүймес»,- деген мақал айтқан.
- Адамзаттың ардақтысы Расулулла (Оған Алланың салауты мен сәлемі болсын ) былай деген: « Алла Тағала үмбетімнен қате, жаңлыс және мәжбүрлікпен жасалғандардың жазасын кешірген», -деген (Ибн Мәжә, Талақ, 2035). Осы хадистің пікіріне сүйенген халқымыз: «Жаңлысқанға жаза жоқ»,- деп кейінгі ұрпаққа мақал қалдырған.
Құрметті мұсылман бауырлар, қазақ елі біз де ата-бабаларымыз секілді дінімізді дұрыстап ұғынып, сенімімізге селкеу түсірместен дәстүрімізді дәріптесек, еліміздің болашағы жарқын болмақ.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік заман болсын. «Әмин»
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Дін мен
дәстүр кітабы.
2. Хадис- ғұрпымыз, сүннет- салтымыз кітабы.
Қымбатов Бегайдар Шымкент қаласы, «Әл-Муслим» мешітің имамы