Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах, яғни ерікті істер бар. Мысалы, той-жиындарды өткізу жолдары, салт жоралғылары әр халықта әр түрлі. Олардың барлығын шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатырған ғұрыптар. Сондай ұлттық және тілдік ерекшелітерге қарсы шығу білімсіздік. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуін аталмыш аятта алла Тағала былай деп баян етеді: «Біріңді-бірің танып алуларың үшін, сендерді ұлттарға және руларға жіктедік». Жаратқанның өз жаратылысына бекітіп берген заңы. Енді жер бетіндегі әрбір ұлттың өз салт-дәстүрі бар. Ислам діні ұлттық ерекшеліктерді жоюға мүлде шақырған емес әрі мүлде шақырмайды да. Керісінше, әрбір елдің өзіне тән жағымды, дұрыс әдеп-ғұрыптары мен салтдәстүрлерінің сақталуына ерекше мән береді. Қазіргі қазақ қоғамында дінге деген құштарлық жастар арасында басым, әрі мешітке келушілердің негігзі бөлігіде солар. Ал, жастар өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, көптеген қателіктерге ұрынады. Құран мен хадистердің негізгі мұраттарын түсінбей қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады. Енді сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалыптасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді. Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатырған діні Ислам, шариғаттағы іс-амал мазхабы- ұлы имам Әбу Ханифаның мазхабы. Ал, діни дүниетанымдық ұстанымыИсламның негізгі қайнар бұлағы Құран мен сүннетке негізделген. Ислам ғұламаларының бірі Имам Срахси шариғатқа қарсе келмеген әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе шариғатпен бекітілгенмен тең болады. Біздің мақсатымыз- ұлттық болмыс, табиғатымызбен сабақтам шариғаттағы Ханафи мазхабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеп, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіріп, сақтау.
Омаров Өмірсерік Шымкент қаласы, «Айқап» мешітінің имамы