Аса қамқар, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Бүткіл адамзат баласын жоқтан бар еткен Алла Тағалаға мадақтар мен мақтаулар болсын. Пайғамбарлар сұлтаны, Алланың сүйген құлы Мухаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Ислам шариғатында негізгі дәлелдер төртеу: Құран Кәрім, Пайғамбарымыздың сүннеті, ижмағ және қияс. Муждаһид ғалымдар үкімдерді анықтау кезінде осы төрт негізге сүйенеді. Бұлардан бөлекте истихсан, истисхаб, мәсәлихул мурсәлә, ғұрып сынды бірнеше дәлелдерге де сүйенеді. Бірақ бұл аталғандар Фарғи яғни екінші дәрежелі сүйенетін дәлелдер. Ижмағ және ғұрыптың арасындағы айырмашылықты білу үшін, алдымен біз ижмағ деген не, ғұрып деген не екенін қысқа да нұсқа, әрі түсінікті етіп түсіндіре алсақ және олардың шариғаттағы орнын үйреніп білсек, арасындағы айырмашылықты анықтау оңай болады.

 Ижмағ сөзінің сөздік мағынасы: «Ымыраласу немесе бір мәселеде бір пікірге тоқталу» – деген мағыналарды білдіреді.

Шариғаттағы оның терминдік мағынасы: Пайғамбырымыз (с.ғ.с) өмірден өткеннен кейінгі дәуірде діни үкім туралы Ислам үмметінен болған муждаһид дәрежесіндегі ғұламалардың бірауыздан келісулерін ижмағ дейді. Бұл таным бойынша мынандай шарттар болуы керек:

а) Ижмағ жасау Ислам ғұламаларының бірауыздан ымыраға келуімен жүзеге асады. Қарапайып адамдардың немесе халықтың жиналып бірауыздан келіскен үкімдері ижмағ болып есептелінбейді.

ә) Ижмағ шариғат үкімдерінде жүзеге асады. Ол ғибадаттар мен фиқһ мәселелерге қатысты дүниелерде болады.

б) Діни емес мәселелердегі ауызбіршілік ижмағ болып есептелінбейді. Мысалы: әлдебір дәрінің, аталмыш бір сырқатқа шипасы болады деген секілді діни емес мәселелерде немесе тарихи бір оқиғалар төңірегінде ижмағ жүзеге аспайды. Ал енді ғұрыпқа келетін болсақ:

    Ғұрып – шариғат заңында кейбір жағдайларды шешуде бір құрал ретінде қолданылады, және бұл нәрсе дін ғалымдарымыздың арасында құпталған. Негізінен ғұрып сөзі сөздікте араптың әл-ғуруф сөзінен шыққан, мағынасы: адамдарға үйреншікті болған әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.Терминде: ақыл-ойдың құптауымен көңілдерге орныққан және адам болмысы қабыл алатын нәрселер.

Ғұрыптың шариғаттағы шарттары:

а) Ғұрыптың шариғаттағы шарттары фиқһта бірнешеуі көрсетілген. Ең негізгі шарт жоғарыда айтып өткен Құран Кәрім, Сүннет және Ижма, осы аталғандарға қайшы келмеуі тиіс.

ә) Халық арасында кең қолданылатын болуы керек және көпшілікке айқын әрі халық мойындайтындай болуы қажет, яғни жекелей немесе бірнеше адамға емес.

  Ижмағ мен ғұрыптың айырмашылығы:

а) Ижмағ шариғат негіздері ретінде ғұрыпқа қарағанда қуаттырақ. Өйткені ижмағ тек мужтаһид ғұламалардың бірауыздан шешкен шешімі. Ал ғұрып ойы озық ғлымдармен қоса, қарапайым ауам халықты да қамтитын ортақ танымыл іс.

ә) Ижмағ Ислам мужтаһид ғалымдарының бірауыздан келісуінен шығыды. Ал ғұрып әр елде, әр өлкеде әрқалай.

б) Ижмағ Ислам ғұламаларының бір мәселені терең ізденіп, зерттеу арқылы шыққан ортақ шешімі. Ал ғұрып адамдар арасында қалыптасқан үйреншікті іс-әрекеттер.

ҚМДБ Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, «Д.А.Қонаев» мешітінің ұстазы: Маматуллаев Нұрлан

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38