ҚМДБ «Д.А.Қонаев» мешітінің имамы, ХҚТУ Гуманитарлық ғылымдарының магистрі (Дінтанушы), Жомарт Дөрбетхан

Мұсғаб бин Ұмәйр (р.а.) (Арабшаمصعب بن عمير  ту. 585, өлім. 625) Мекке қаласында бай-бақуатты бір отбасында дүниеге келген. Әулеті, Құрайыш руына қарасты, Қағба қызметін (сидәна/хижәба) жасаушы Абдуддар ұлдарынан. Өзі жастайынан сал-серілікпен танылған, түрі сұлуша келген аққұба жігіт болатын. Үнемі әдемі киініп, бойына неше түрлі әтірлер себініп жүретіндіктен, ұдайы Меккелік қыздардың ауызында жүретін еді. Ол бір көшенің басынан түсіп өтіп шыққанға дейін, жүріп өткен жолдарында бұрқыраған әтірінің иісі қалып қоятын. Бай отбасы оған, не кием, не жеймін дегізбей молшылыққа үйретіп, жастайынан байлықты аяқтарының астына төсеп өсіреді.

Мұсғаб бин Ұмәйр (р.а.) алғашқы мұсылмандардың бірі ретінде Зейд бин Харистың (р.а.) тікелей ықпалымен дінді қабылдаған адам. Мұсылман болған алғашқы уақыттарында құлшылықтарын жасырын өтеп, өзінің сенімін отбасына сездірмеудің қамын жасап жүрді. Бірақ көп өтпей ұлдары Мұсғабтың (р.а.) ата-баба сенімі – надандық сарқыншақтарын тәрк еткенін білген анасы, оны ұстап алып өз үйін оған зындан қылып қамап қойды. Ата-анасының қыспағынан, олардың дінінен қайтару үшін жасаған әртүрлі зорлық-зомбылықтарына мойымастан төзіп, қабылдаған сенімінен таймады. Осылай біраз жылға жалғасқан қиыншылықтар сабырлы ұстанымның арқасында артта қалып, ата-анасы оны ақырында босатуға мәжбүр қалды. Ата-анасының бар істеген жазасы, ұлдарының қолына соқыр тиында ұстатпай үйден қуып шыққандығы болатын.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) сүйікті сахабаларын қорғау мақсатты пайғамбарлықтың 5 жылы асхабын Хабеш еліндегі әділ патшаның қол астында паналап тұруға жолдаған. Мұсғабта (р.а.) солармен бірге оннан аса адам болып, екі айдай сол елді паналап тұрды. Осы кезде елдің ішіне, Омар бастап барлық мүшриктер дінге өтіп Мекке қаласында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнапты деген хабар тарқады. Дін үшін көшкен сахабалар дақпырт сөзге сеніп Хабеш жерінде 2 ай тұрып елге қайта оралған еді. Бірақ, сахабалар естіген хабардың асыл-астары жалған болып шығып, Меккедегі сол баяғы діні үшін қыспақ заманға қайтадан тап келді. Сонда да, Мұсғаб бин Ұмәйр (р.а.) мойымас асылдың сынығы сардар сахабалармен бірге бірінші ақаба антына дейінгі уақытта Меккеде қалды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) пайғамбарлықтың 11 жылы хажылыққа келген Мәдиналық тұрғындармен жолығып алғашқы рет арада ресми уағдаластық орнатуымен мұсылмандар үшін жаңа бір бетбұрыс пайда болды. Уағдаластықтан соң Мәдиналық тұрғындардың сұранысы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) саңылақ сахабаларының ішіндегі Құранды мәнерлеп нақышына келтіре оқитын, әрі сол күнге дейін түскен аяттарды толық жатқа алған, Мұсғаб бин Ұмәйрді (р.а.) мұғалім ретінде аттандырды. Мұны біз, Ислам тарихындағы ең алғашқы ұстаздық үлгісі десекте болады. Сонымен қатар Мәдина қаласына ең алғашқы һижрет еткен сахаба болып есептеледі.

Мұсғаб бин Ұмәйр (р.а.) асыл дін үшін аттанған ұстаздық қызметін күнді-күнге жалғап мойымас қажырлықпен атқаруға тырысты. Дін ғылымдарын Мәдиналықтарға үйретуде Мұсғабқа (р.а.) өте үлкен қолғабыс жасап, аянбай тер төккен тағы бір сахаба Асғад бин Зурара (р.а.) еді. Асғад бин Зурара (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) нағашысы Нәжжар әулетінен шыққан сенімді әрі беделді, сол рудың билеушісі болатын. Сол кісінің қолдауымен көптеген беделді адамдарға дінді жеткізді. Мұсғабтың (р.а.) Құранды жатқа екпіндетіп, әуезді оқуымен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дінді үйрету методикасын жақсы меңгергендігі осы жерде ерекше пайдасын тигізді. Мұсғабтың (р.а.) алдында ру көсемдері Үсәйд бин Хұдайр мен Сағд бин Мұғаз (р.а.ма.) сынды саңылақтар дінді қабылдағанда олармен бірге өз рулары да Алланың жолдаған үндеуге құлақ асып хақиқат жолын таңдады. Мұсабтың (р.а.) мұғалімдік қызметтерде күндіз-түні еңбектенуі арқасында Мәдина қалқының күнделікті отырса-тұрса әңгімесі Исламға ойысып, негізгі талқыланатын мәселелері сол төңіректен орын тепті.

622 жылы хажылық маусымында Мәдина қаласынан араларында 2 әйел бар, Мұсғаб (р.а.) бастаған жалпы 75 адамнан құралған топ хажылық үшін жолға шықты. Алға жетелеген бар мақтаныш сезім – екі дүниенің сұлтаны Пайғамбарымызға (с.а.с.) қауышу еді. Мекке қаласына асыққан топтың алға жетелеген сүйіспеншілік сезімі қараңғылықтан адамзатты құтқару үшін жіберілген екі өмірдің сұлтанында тұрды. Бұлардың ішінде міндетін абыроймен атқарған табысты ұстаз, сүйінші хабарды жеткізуге асығуы өз алдына бір дастан. Сондықтан да ата-анасынан бұрын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйі оның әуелгі тұрағы болды. Мұсғабтың (р.а.) қажырлы еңбегі арқасында екінші Ақаба уағдаластығы болып өтті. Ендігі кезекте көштің беталысы Мәдина қаласы болатындығы белгіленіп, саңылақ сахабаларға мәлім етілді. Мұсғабтың (р.а.) келе жатқандығын естіп ата-анасыда аңсап отырған еді. Қалай болсада құрсағын жарып шыққан жан баласы ғой. Сол себепті Мұсғаб (р.а.) Меккеде үш ай қалып кейін көшті өзі бастап қайтадан кері қайтты.

Мұсғаб бин Ұмәйрдің (р.а.) һижреттен кейінгі өмірі де ұстаздық пен сардарлық өнегеге толы. Һижреттен соң Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүһәжірден Сағд бин Әбу Уаққасқа және әнсардан Әбу Аюуб әл-Ансариге (р.а.ма.) жолықтырып үшеуін бауыр қылды. Бәдір шайқасында мүһәжірлердің байрағын желбіретіп соғысып, жігерлі рухпен мұсылмандар жеңіспен оралды. Ұхуд шабуылында бүкіл мұсылмандардың туын желбірету мәртебесі Мұсғабқа (р.а.) беріліп соңына дейін аянбай арпалысты. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қасында шайқаста ақ байрағын жықпай желбіретіп, берік қорғаныстар жасады. Кезекті сондай бір қорғаныс кезінде Пайғамбарымызды (с.а.с.) таспен ұрып жаралаған мүшірік, Мұсғабты (р.а.) да қылышпен жаралап ақ байрақты желбіретіп ұстап тұрған екі қолын шынтақтан шауып түсірді. Ибн Камияның сілтеген осы қылышы екі қолын кессе де, кеудесімен ақ туды желбіретіп тіреп ұстаған Мұсғабты (р.а.) оның садағында керілген жебенің шыңылы шәһид етті. Шайқастан соң жоқшылықтың күйіндей киімімен өлі денесін көрген Расул Әкрам (с.а.с.) көңілі босап, жанындағы саңылақ сахабаларына сардар сахабасы бұрынғы өмірінде қызылды-жасылды киініп, ең дәмді тамақтар жеген дәурені рақат өмірін Алла мен Оның Елшісі жолына пида қылғанын ерекше тебіреніспен жеткізді.  Сөзінің соңында: «Мүминдердің арасында Аллаға берген сертінде тұрған нағыз ерлер бар. Олардың кейбірі уәдесінде тұрып, (Алла жолында) жанын пида қылды. Енді біреуі (өз кезегін) күтуде. Олар серттерінен әсте тайған да, әуелгі қалыптарынан еш айнығанда емес» – деген Ахзаб сүресінің 23-аятын оқыды. Сол себепті де кейінгі кезеңде саңылақ сахабалар молшылық ішінде өмір кешкен кезде ұдайы Мұсғабтың (р.а.) өмірін еске алып отыратын. Сол асыл сахабалардан Хаббаб бин Әрат (р.а.) Меккеден Мәдина қаласына дүниелік ешқандай мақсатсыз, тек Алла разылығы үшін һижрет еткендіктерін және дінмен қатар дүниеге ие болғандықтарын айтып, Мұсғаб (р.а.) бұлардың ішінде дүниелік ешбір нығметке қолы жетпей Ұхуд шайқасында шәһид кеткен. Оның киімін басына тартса аяғы, аяғына тартса басы ашылып қалғанда аяқ жағын шөппен тасалағандығын айтып – оның өнегелі өмірін кейінгілер үшін ғибрат қылып айтып отыратын еді. Өзгеден өзгеше биік тұлғалы ардақты сахаба Мұсғаб бин Ұмәйр (р.а.) өмірден өткенде мүминдердің анасы Зейнеп бинт Жахштың (р.а.ма.) туған сіңлісі Хамнамен отбасылы болатын. Сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бажасы әрі Ислам тарихындағы алғашқы мұғалім деген мәртебемен мәңгі бақиға көшті.

Қорта айтқанда Мұсғаб бин Ұмәйрдің (р.а.) жүріп өткен өмір жолы көпке ғибратты үлгі болары анық. Мәселен, дінді үйренуші адам үшін қажырлы талпыныс иесі, зұлымдыққа ұшыраушы үшін сабырдың көзі, өнеге іздеуші жас үшін жазулы дастан, өресі биік ұстаз үшін өнегенің қайнары, отан қорғаушы азамат үшін ұлағатты қайсар қолбасшы. Алланың тәрбиесін өзіне толық қабылдап қайнап піскен, нағыз тақуалықтың және ұстаздық қасиеттің шыңына шыққан адам.

ҚМДБ «Д.А.Қонаев» мешітінің имамы, ХҚТУ Гуманитарлық ғылымдарының магистрі (Дінтанушы), Жомарт Дөрбетхан

Ғибраттар:

  1. Алла мен Оның елшісі Мұхаммедті (.а.с.) жақсы көру.
  2. Дүниелік табыстан діннің қызметін жоғары қою.
  3. Ұстаздық дінді үйретуде Алланың нұсқауына және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегелі тәсілдеріне мән беру.
  4. Дін қызметін жасауда жеке бастың мүддесінен мұсылмандардың мүддесін жоғары қою.
  5. Дінді жеткізуде жұмсақтық пен салмақтылықты ту етіп ұстану.
  6. Дінді үйретуде алдын-ала дүниеқорлық жоспарларды мақсат қоюдан қашу.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Құран Кәрім
  2. Бұхари, «Жанайз», 26,27.
  3. Мүслим, «Жанайз», 44.
  4. Ибн Хишам, Әс-Сира, І том, 376.
  5. Ибн Әсир, Ұсдүл-Ғабә, Ү том, 181-184.
  6. Асым Көксал, Ислам тарихы, 236, ІІІ том 73-215.
  7. Рамазан Әл-Бути, Фиқһүс-Сира, 209.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38