Пайғамбарымыз (с.а.с.) сабыр туралы болды көп өсиет қалдырды. Солардың бірі мынадай:
«Ешкім дәл сабырдай артық, кең сый-садақа берген емес»;
«Сабыр – (пендені) нұрландырушы сәуле».
Яғни, тіршіліктегі түрлі жағдайларда көркем түрде сабыр ету садақа бергеннен артық екен.
Әбу Мұса әл-Ашғариден Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Пенденің баласы қайтыс болғанда Алла Өзінің періштелеріне: «Пендемнің баласын алдыңдар ма?» – дейді. Олар: «Иә», – деседі. Алла: «Жүрегінің жемісін жұлып алдыңдар ма?» – дейді. Олар: «Иә», – деседі. Алла: «Менің пендем не деді?» – дейді. Періштелер: «Ол Сені мадақтады және «Иннә лилләһ уа иннә иләйһи ражиъуун» («Біз Алланікіміз және Оған қайтамыз») деп айтты (сабыр етті)», – дейді. Сонда Алла: «Ол пендеме жәннаттан бір үй салыңдар және оны әл-Хамд (мадақ) үйі деп атаңдар», – деп бұйырады». (Термези риуаяты).
Бірде Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына (р.а.) шығып: «Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?»– деп сұрапты. Сонда сахабалар (р.а.): «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!» – деп жауап беріпті. Пайғамбар (с.а.с.): – «Имандарыңның белгісі қандай?»– деп сұрапты. Сахабалар (р.а.): «Бәле-жалаға сабыр, жағдайға шүкірлік, тағдыр-қазаға разылық білдіреміз», – депті. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Олай болса, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген екен.
Үмбетіміздің тарихында болған талай тақуа тұлғалар сабыр туралы пікірлерін былайша білдірген екен.
Әбубәкір (р.а.) былай деген екен: «Сегіз нәрсе сегіз нәрсенің әшекейі. Кедейліктің әшекейі – тілемсектіктен бойын тарту, нығметтің әшекейі – шүкірлік ету, бәле-қазаның әшекейі – оған сабыр ету, білімнің әшекейі –салмақтылық, шәкірттің әшекейі – өзін төмен ұстауы, Алладан қорқудың әшекейі – көп жылау, басқаға жақсылық жасаудың әшекейі – міндетсінбеу, намаздың әшекейі – қорқынышпен оқу».
Омар (р.а.) былай деген екен: «Көп сырластарды көрдім, бірақ тілімді сақтаудан артық сырлас таппадым. Көп киімді көрдім, бірақ тақуалықтан артық киім таппадым. Көп мал-мүлікті көрдім, бірақ қанағаттан артық малды көрмедім. Жақсы істің көп түрін көрдім, бірақ насихаттан артық жақсылық көрмедім. Көп тағамдардың дәмін татып көрдім, бірақ сабырдың дәмінен тәтті дәм татып көрмедім».
Зун-нун әл-Мысри былай дейді: «Сабыр – теріс істерден алыстау, басқа бәле төнгенде байыпты болу, тұрмыстың таршылық тауқыметін татқанда мырза көңіл таныту».
Ескілерден қалған мынадай сөз бар: «Нәпсіқұмарлық патшаларды құл етеді. Ал, сабырлылық құлдарды патша етеді. Бұған Жүсіп пен Зылиханың қиссасы айқын мысал».
Хасан Басри былай депті: «Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ».
Бұрынғылардан қалған нақыл сөз: «Адамдардың ең бақыттысы – жүрегі таза, денесі сабырлы, қолындағы барға қанағат етушісі».
Бағзы даналар былай деген екен: «Алла Тағала үш нәрсені тек сүйген құлына береді: кедейлік, ауру және оларға сабыр қылу».
Хасан Басри былай дейді: «Өзі ақылды, көреген бола тұра сабырсыз адамды іздесең, табасың, өзі сабырлы болғанмен ақылды, көреген емес адамды іздесең де, табасың. Ал өзі ақылды, көреген әрі сабырлы пендені ілуде бір көресің. Алла Тағаланың: «Олардың араларынан Біздің әмірімізбен тура жолмен жүретін көшбасшыларды жасадық, олар сабыр етіп, Біздің аяттарымызға айқын сенетін» (Сәжде, 24) деп сипаттаған көшбасшы-имамдары, міне, солар».
Кейбір хакімдердің айтуынша иманның төрт нышаны бар. Олар: тақуалық, ұят, шүкірлік, сабырлылық.
Даналардан қалған сөз: «Төрт түрлі ғибадат бар: берген сертте тұру, шектерден асып кетпеу, жоқшылыққа сабыр ету, баршылыққа қанағат қылу».
Расында да сабырдың пенде үшін пайдасы көп. Ең басты пайдасы – екі дүниеде де есендікте болу. Оған қасиеттір аяттар дәлел. Құран Кәрімдегі ең қысқа сүрелердің бірінде осы дүниедегі адамзаттың бір тобынан басқаларының бәрі зиян шегіп, адасып жүргендігі айтылады. Құтылған топтың басты сипаттары –иман келтіріп, ізгі іс (намаз, ораза т.б.) істеу және бір-бірін ақиқатқа, сабырға шақыру екен. Ендеше сол сипаттардан мақұрым қалып, адасушы тобырдан болып қалмайық. Аталған сүре – Асыр сүресі.
Аса рахымды ерекше мейірімді Алланың атымен (бастаймын). «Заманаға серт! Расында адам баласы зиян шегуде. Тек иман келтіріп, ізгі іс істегендер және бір-бірлеріне хақты үгіттегендер, сабырды үгіттегендер ғана (зиян шекпеуде)».
Шымкент қаласы орталық мешіті