Нәпсімен күрес темірдей төзімділікті, асқан сабырлылықты талап етеді. Егер пенде көркем түрде сабыр ете білсе бұл күресте жеңіске жетеді. Ал егер сабыр ете алмай ақырында нәпсі мен малғұн шайтанға ерік беріп қойса жеңіліске, дәрменсіздікке ұшырайды. Сол жолмен жүре берсе, онда әуейілікке салынып, нәпсі мен шайтанның құлақкесті құлына айналады.
Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір сахабасына: «Жеңістің тек сабырмен, қуаныштың қайғымен және жеңілдіктің қиындықпен бірге келетіндігін білгейсің», – деген.
Алла Тағала әрдайым Өзінің қиындықтарға сабырлылық танытқан пендесінің қасынан табылатындығын айтып, иман келтіргендерді осы қасиетті ұстануға бұйырады. Сабырдың артықшылығын білдіретін туралы мынадай аяттар бар.
«Сабыр етіңдер! Расында Алла сабырлылармен бірге» (Әнфал, 46).
Қайбір иманды кісі Раббысының өзімен бірге болуын қаламайды дейсіз. Мына аятта оның басты шарты сабырлылық екендігі айтылып тұр.
«Егер сабыр етсеңдер, ол (сабыр) сабыр еткендер үшін қайырлы болады» (Нахыл, 126).
Сабыр ету – қиын-қыстау кездерде ең дұрыс шешім.
«Сабыр етпек көркем (іс)» (Жүсіп, 83).
Сабырлылық пен тақуалық – дұшпанға қарсы қолданатын ең басты құрал.
«Ал егер сабыр етіп, тақуалық қылсаңдар, сендерге олардың айла-шарғылары ешқандай зарар бере алмайды» (Әли Имран, 120).
Сабырлылық пен тақуалық – тозақтан құтылудың бірден-бір жолы.
«Уа, иман келтіргендер! Сабыр етіңдер, бір-бірлеріңді сабырға шақырыңдар, ынтымақтасыңдар және Алладан қорқып, тақуалық қылыңдар, бәлкім, сонда құтыларсыңдар» (Әли Имран, 200).
Пенде сабырлылығы арқылы Алланың сүйіктісіне айналады.
«Алла сабырлыларды жасқы көреді» (Әли Имран, 146).
Сабырдың жемісі, сабырлының жетер жеңісі – жұмақ. Яғни, сабыры арқылы пенде жәннатқа жетеді.
«Мен бүгін оларды сабыр еткендері үшін жеңіске (жәннатқа) жетушілер етіп, сыйладым» (Мүминун, 111).
«Уа, ұлым! Намаз оқы, жақсылыққа бұйырып, жамандыққа тыйым сал! Өзіңе келген қиындыққа сабыр қыл. Шындығында солар – ең шешімді істер» (Лұқман, 17).
Қандай жағдай болса да сыртқы әсерлерге әдемі түрде төтеп беріп, нәпсінің найсаптығы мен шайтанның шатастыруына жол бермеу – шынайы мұсылманның сипаты. Раббымыз адамдардан келетін жамандықтарға көркем сабыр қылып, оны жақсылықпен қайтарып, шайтанның азғыруынан сақтануға үндейді. Алла Тағала былай дейді:
«Жамандықты ең көркем жақсылықпен қайтар – Біз олардың (Құдайды) қалай сипаттап жүргендерін білеміз. «Раббым! Өзіңмен шайтандардың түйреулерінен сақтанамын. Раббым! Өзіңмен олардың қасымда болуынан сақтанамын» деп айт» (Мүминун, 96-98).
Мұсылман ғалымдарының айтуынша сабыр негізінен үш түрлі болады. Олар мыналар:
1. Тағатқа, яғни ғибадат, құлшылыққа байланысты сабыр. Мысалы, намазды, оразаны, зекет, қажылықты лайықты түрде орындауға сабыр ету. Әрбір мұсылманның мойнына жүктелінген міндетті парыздарды уақытымен орындау нәпсіні сындырудың бір жолы. Жұмыстың ауырлығын, ортаны, жағдайды тағы басқа түрлі жайттарды сылтауратып намаз оқымау, ораза тұтпау шынтуайтына келгенде нәпсінің жетегінде кету. Нәпсі адамға түрлі нәрселерді әдемі етіп, көрсетеді, тағат-ғибадатты орындамау үшін түрлі себеп-сылтауларды ойлап шығарады. Ал шындығында Ислам діні – жеңіл дін, өміршең дін.
2. Сабырдың күнәлы істерге байланысты түрі нәпсімен күресудің бірден-бір жолы десек болады. Өйткені пенденің алдынан кездесетін түрлі күнәлі істер, құмар ойындары, жаман әдеттерге көркем сабырмен айналып өту, нәпсіні ауыздықтап, ұстамдылық таныту нағыз мұсылманға ғана тән қасиет. Адам өзінің нәпсісінің жетегіне еріп, ойынханаға, лас жерлерге, жын-ойнақ орталарға барады. Оның ақыры күнәлы іске ұрындырады. Сондай-ақ, бір адамның сыртынан әңгіме айту – күнә. Біреудің сыртынан әңгіме айтқан адам сол кісінің күнәсын өзінің мойнына алады. Бұзық, былапыт сөздерді айту күнә, мұсылманға жат әдет. Қазір күнделікті көшеде көретін түрлі келеңсіз көріністерге көркем түрде сабыр етіп, иманын сақтау кез келген иманжанды пенде үшін күрделі міндет. Ал енді осындай қылықтардан Алланың разылығы үшін тыйылып, көркем түрде сабыр еткен жан нәпсісін жеңіп, тәрбиелеп, үлкен сауапқа ие болады.
3. Бәле-қазаға байланысты сабыр. Басқа түскен бәле-қаза, ауру, таршылық тағы басқа да сынақтарға сабыр ете білу шынайы мүмінге тән қасиет. Ең жақын адамы, туысы қайтыс болғанда сезімдерін билеп, «Алланың тағдыры» деп шынайы түрде мойынсұну иманы берік мұсылманның ғана қолынан келтін іс. Сол сияқты ауру-сырқауға, тұрмыс тауқыметіне сабыр етіп, оның сыйын Жаратушыдан күту нағыз мүміндік сипат.
Шымкент қаласы орталық мешіті