Адамның жақсы-жаман болмағы қасындағы жолдасына да байланысты. «Жолдасыңды айт, сенің кім екеніңді сосын айтайын» дейді халық даналығы. Осы дүниедегі жолдастардың, дос-жарандардың көпшілігі Қиямет күні бір-біріне дұшпан болады екен. Өйткені олардың достығы Алланың разылығы үшін, шын ықыласпен болмаған. Алла Тағала былай дейді:

«Сол күні (Қиямет күні) бір-бірін жақсы көретін достардың тек тақуалардан басқалары бір-біріне дұшпан болады» (Зухруф, 67).

Алланың елшісі (с.а.с.) де үмбетіне айтқан өсиеттерінде жақсымен жолдас болуды үндеген.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кісі досының дінінде болады, сондықтан қайсыбіреулерің кіммен дос болатынына қарасын». (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Яғни, кісінің дос-жаранының, жүрген ортасының иманы, дініне беріктігі қандай болса, өзінің де рухани халі сондай деңгейде болмақ.

Алла Тағаланың разылығы үшін дос болып, бір-бірін ақиқатқа, жақсылыққа үндеген жолдастар ғана Қиямет күні ерекше мәртебеге ие болады екен.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Өзінен басқа ешқандай көлеңке болмаған күні (Қиямет күні) Алла Тағала жеті адамға көлеңке береді. Олар: әділ имам (басшы да жатады), ғибадатпен есейген жас жігіт, жүрегі мешітке байланған кісі, Алла жолында бір-бірін жақсы көріп, бауырласып, Алла үшін жиналып, Алла үшін тарқасқан екі жолдас, атақты һәм сұлу әйел күнә істеуге шақырғанда, «мен Алла Тағаладан қорқамын» деп бас тартқан ер, жасырын түрде садақаны көп бергені сонша, оның санын білмейтін бай, оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам». (Бұхари риуаят еткен).

Расында адамның жақсы болу, жаман болуы қасында жүрген, табақтас дәмдес болып, бірге тіршілік қылы жүрген жолдасына тікелей байланысты.

Әбу Мұсадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Салихалы сұхбаттас пен жаман сұхбаттастың мысалы хош иісті мискті көтеріп жүрген кісі мен ұстаның көрігіндей. Мисктің иесінен не оны (мискті) сатып аласың, не оның жұпар иісін сезесің. Ал теміршінің көрігінен не денең, не киіміңе шоқ тиіп күйесің немесе оның күлімсі исін сезесің». (Бұхари риуаят еткен).

Әбу Сағидтен (р.а.) және Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла қандай да бір пайғамбардың жібермесін, қандай да бір әміршіні орынбасар қылмасын, оларға жақын екі топ болады: жақсылыққа бұйырып, итермелейтін топ, жамандыққа бұйырып, итермелейтін топ. Олардың (әміршілердің) Алланың сақтағаны ғана сау болады». (Бұхари риуаят еткен).

Уаһб ибн Мунәббиһ былай деген: «Дәуіт (а.с.) әулетінің даналықтарының бірі мынадай: «Әрбір ақылды пенде үшін ешқашан естен шығармауы тиіс төрт сағат бар: ұлы әрі даңқты Раббысына мінәжат ететін сағаты, өз-өзіне есеп беретін сағаты, айыбын, кемшілігін бетіне басып, нәпсісі туралы шынайы сөйлейтін достарына баратын сағаты және нәпсісін адал әрі көркем қызықтармен оңаша қалдыратын сағаты».

Үмбетіміздің тарихында талай тақуалар, ғұламалар, ұлы адамдар өз-өздеріне есеп беріп отыруды дағдыға айналдырған. Олай болмағанның өзінде өзінің мінін бетіне басып айтатын шыншыл адамдармен жолдас болған. Көптеген билікке жеткен әділ әміршілердің, байлыққа ие болған ақылды бай-бағландардың ғалымдарға, би-шешендерге, ақындарға өздерінің сындарын сипаттатып мақтатып, сосын міндерін айтқызып даттатып отырған. Ондағы мақсаттары нәпсілерінің жайына қанығу, имани-рухани ахуалын сыртқы көзбен безбендеп, бағамдау. «Сырт көз сыншыл» дегендейін, адамның өзі көрмеген мінін басқа біреу көруі кәдік. Сырт көзге сын айттыруы арқылы ақылды адам өз мінін біліп, сосын оны түзетуге талпынары хақ.

Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Бізге кемшілігімізді көрсеткен адамға Алла рахым қылсын», – деген.

«Сын түзелмей мін түзелмейді» дейді халық даналығы. Қазақ халқының тарихында да атақты хандардың қателігін бетіне басатын жыраулары, билері болған. Осы мақсатта «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген қағида енгізіп, шындықты шырылдатып, айыпты бетке айтқанды жазаламаған. Мысалы, атақты Бұхар жырау Абылай ханға ақылын айтып отыратын ақылшы, кеңесшісі болған. Кей-кейде хан көтеріліп, қарашаға қаһарын төге бастағанда ақиқатты айтудан ештеңеден тайсалмайтын жырау:

Ей, Абылай, Абылай!

Мен сені алғаш көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Төле бидің түйесін баққан құл едің!

– деп, ханды қатыгездіктен, қателіктен қайтарып отырған. Абылайдың Абылай болуы да Бұхар сияқты ақылгөйлерінің арқасында болса керек немесе керісінше, Бұхардың Бұхар болуына да Абылайдың көрегенділігі мен имандылығы себеп болса керек.

Шынайы дос-жаранның қадірін жете білген халқымыз қол көтеріп, бата қылса да, Жаратқаннан жақсымен жақын, жаманнан жырақ болуды сұраған.

Жақсылармен жанастырсын,

Жамандардан адастырсын!

Сонымен бірге жолдастың жаманынан сақтандыратын мынадай дұғалар да бар.

Оқылуы: «Аллааһуммә иннии әъуузу бикә мин йәумис-суу’, уа мин ләйләтис-суу’, уа мин сәәъәтис-суу’, уа мин саахибис-суу’, уа мин жәәрис-суу’ фии дәәрил-муқаамә».

Мағынасы: «Уа, Алла! Мен Өзіңмен күннің жаманынан, түннің жаманынан, сағаттың жаманынан, жолдастың жаманынан, тұрақты мекендегі (ақыреттегі) көршінің жаманынан сақтанамын». (Табарани риуаят еткен).

Оқылуы: «Аллааһуммә иннии әъуузу бикә мин жәәрис-сууи фии дәәрил-муқаамә, фаиннә жәәрәл-бәәдиәти йәтәхәууәл».

Мағынасы: «Уа, Алла! Мен Өзіңмен тұрақты мекендегі (ақыреттегі) жаман көршіден сақтанамын, ал көшпелі мекендегі (осы дүниедегі) көрші ауысады». (Хаким, Нәсәи риуаят еткен).

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38