Бүгіндегі жастарға оқу
міндет,
Тек кана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса баска елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп – деп
Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай жастарымыз жан-жақты білімді, салихалы болса,
игі еді. Еліміздің ертеңі – білімді жастар – ұлт болашағы екені
бәрімізге белгілі. Жас ұрпақты жақсылыққа жетелеп, бойындағы қабілетін
көру, дамыту, оны одан әрі жетілдіру бағыт сілтеу – бүгінгі күнде өзекті мәселе
болып отыр. Қашанда болсын, ілгерілеуге апаратын алғы шарт – сапалы білімге
келіп тірелері бәрімізге аян. Ал сол білімнің ордасы, мектеп және Жоғары білім
ордалары екені бәрімізге белгілі. Мектеп және Жоғары білім ордалары
болашақта ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдентер, мерейін
өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де,
қасиетті мекен. Осындай білім ұяларының негізгі тірегі мен жүрегі –
білімді де білікті ұстаз. Абай атамыз «Адамның адамшылығы жақсы ұстаз-дан»
дегендей, сондай құтты мекеннен, аяулы ұстаздан адамзат баласының барлығы
тәлім-тәрбие алып, өсіп өнеді. тарихта
ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап,
әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім
– Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз
тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде
бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы
түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем
қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің
бәрін алдым» деп еске алатын болған.
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде:
«Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар»-деген.
Хазреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», – деп, бір әріп үйреткен адамның өзі үлкен құрметке лайық екендігін білдірген.
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызды жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», – деп, өзін ілімге баулыған, әдеп пен тәрбие үйреткен ұстазына өмір бойы қалтықысыз құрмет жасап, үнемі жақсылық тілеп өткендігін айтқан.
Әлемге Исламды паш еткен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және тарих беттерінде өшпес із қалдырған осындай ұлы тұлғалардың өсиет сөздері біздер үшін әрдайым бағыт болуы шарт. Кез келген шәкірт ұстазын құрметтесе, сол ұстаздан пайдалы білім ала алады.
Білім алу әрі іздену әр-бір жастың негізгі қалауы болуы тиіс. Себебі білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі.
Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.)
«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» –деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен.[1] («Алақ» сүресі,1-5 аяттар)
Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндайды:
«Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!»[2], деген. («Зумар» сүресі, 9-аят)
Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердін дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда:
«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар»[3], деген. («Мужәдәлә» сүресі,11-аят)
Пайғамбарымыздың хадистерінде де ілім жайында аз айтылмаған. Тіпті, Пайғамбарымыз сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткендігін тарихтан білеміз.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) білім турасында машһур хадисте былай айтқан:
«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз»,- деген.
Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр ықазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.
Негізінен Алла Тағаланың кітабында және Оның Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде ілім (ғылым)сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтиды. Ғылымдарды: діни және зайырлы ғылымдар деп екіге бөліп қарастыруымызға болады.
Шариғат ілімі дегеніміз – бүкіл дүниені кім жаратқандығын, қандай мақсатпен жаратқандығын, қалай жаратқандығын және сол дүниеде өмір сүру жолдарын үйрететін ғылым. Шариғи білімді меңгерген адам алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Сондай-ақ, өлімнен кейін де өмір бар екенін, адам өзі Алланың алдында істеген істері үшін сұраққа тартылатынын біледі. Сондықтан, Алланың бекіткен адал заңын бұл дүниеде берік ұстануға тырысады.
Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.
Зайырлы білімді меңгерген адам да алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Қалай дейсіз бе?! Алла Тағала Құранда адамдарды ойлануға, айналадағы жаратылыстарға қарап, оның кереметтігіне көз жеткізуді бұйырады. Осы арқылы дүние заңдылықтарының даналықпен орналастырылғандығын түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді.
Сол себепті, әрбір адам, дінін сүйетін мұсылман өзі таңдаған білім жолы саласында биіктерді бағындырып, мамандығын терең игеруі қажет.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Алланың біздерге аманат етіп берген ғұмырында білім алуды еш тоқтатпай егеменді еліміз Қазақстанды әлемге паш етіп, ата-баба үмітін ақтайық!
Керімбеков Анарғали Пірәліұлы ҚМДБ Шымкен қаласы Жастар ісі секторы жауаптысы