يقول الصبان في حاشيته:
إن مبادِي كلِّ فنٍّ عشرةْ *** الحدُّ والموضوعُ ثم الثمرةْ
ونسبةٌ وفضلُهُ والواضعْ *** والاسمُ لاستمدادُ حكمُ الشارعْ
مسائلٌ والبعض ُبالبعضِ اكتفى *** ومن درى الجميعَ حازَ الشرفا
Әр ғылымның негіздері он: 1 атауы, 2 анықтамасы, 3 қайнаркөзі, 4 негізін қалаушысы, 5 тақырыптары, 6 қарастыратын мәселелері, 7 қатыстылығы, 8 шариғат үкімі, 9 артықшылығы, 10 пайдасы, осылайша аталмыш барлық негіздер бір-бірін толықтырады. Ал кім осылардың барлығын қанық білсе шарапатқа ие болады.
1. АТАУЛАРЫ
- Таухид
- Ақида
- Дін негіздері
- Иман
- Фиқһ әл-Әкбар
- Кәләм
2.АНЫҚТАМАСЫ
علم الكلام -علمٌ يُقْتَدَرُ معه على إثبات العقائد الدينية بإيراد الحجج ودفع الشبه عنها.
Ақида ғылымы дегеніміз – дәлелдерді келтіру арқылы діни наным–сенімдерді бекіте отырып күдіктер мен күмәндарға тойтарыс беруге мүмкіндік беретін ғылым.
Анықтаманы талдау:
«дәлелдер» сөзіндегі мақсат – сенімге қатысты келген құранның аяттары мен мутауатир хадистер және ақылдың үкімдерінен туындаған кескінді қағидаттар мен ережелер.
Сенімге қатысты келген аяттарға мысал келтірер болсақ:
- ﴿ آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِ مِنْ رَبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ ۚ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِنْ رُسُلِهِ ﴾
«Пайғамбар өзіне Раббысы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын алаламаймыз…»
- · ﴿ قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ * اللَّهُ الصَّمَدُ * لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ * وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ ﴾
«(Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Алла, жалғыз.
Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж)
Ол тумады да, туылмады.
Әрі оған ешкім тең емес».[1]
- · ﴿ لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ ۖ وَهُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ ﴾
«Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші».[2]
«Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды».
Сенімге қатысты келген хадистерге мысал келтірер болсақ:
- · «أنْ تُؤْمِنَ باللَّهِ، ومَلائِكَتِهِ، وكُتُبِهِ، ورُسُلِهِ، والْيَومِ الآخِرِ، وتُؤْمِنَ بالقَدَرِ خَيْرِهِ وشَرِّهِ»
Имам Муслим өзінің сахихтер жинағында Омардан (р.а.) жеткен мына хадисті келтіреді: Алла елшісі (с.а.с.) Жәбрейілдің сұрағына – «Иман дегеніміз Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ахырет күніне, жақсылық пен жамандық тағдырдан екендігіне иман келтіруің» деген.
Сенімге қатысты ақылдың үкімдерінен туындаған қағидаттар:
Әрбір жаралғанның жаратушысы болуы керек.
«діни наным-сенімдер» – ислам дініміздегі мұсылмандардың білуі мен мүлтіксіз сенуі міндетті болған сенімдік мәселелер.
Мысалы: Шәһкәрім Құдайбердіұлы атамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде былай дейді: «Соның ішінде иманның жеті рәкіні бар:
«Аманту бил-лаһи уа малағикатиһи уа құтубиһи уа расулиһи уал-йаумил-аһири уал-қадари хайриһи уа шарриһи мин Аллаһи Таъала уал-баъси баъдал-маути» — бұлардың мағынасы: әуелі Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне нандым, періштелердің барлығына нандым, пайғамбарларына жіберген кітаптарының баршасына нандым, барша пайғамбарларына нандым, ақирет күні болмағына нандым, барша жақсылық, жамандық істер Алла тағаланың тағдырынсыз болмайтұғынына нандым һәм өлген соң тіріліп сұрау беретұғынымызға нандым».
«күдіктер мен күмәндар» – тура жолдағы мұсылмандарды адастыру мен жүректеріне шүбә салу мақсатында өзге дін өкілдері мен дінсіздердің, тіпті мұсылмандардың араларынан шыққан адасқан түрлі жамағаттар мен топтардың ұсынатын қате әрі жалған ақпараттары.
Мысалы: Иса (а.с.) Құдайдың баласы, періштелер Құдайдың қыздары, әйел баласының жүкті болуы жаза үшін жасалынған, Құдай күшіне мінген боз баланың кейіпінде немесе даналыққа жеткен ақ сақалды қарттың бейнесінде деп айтатын өзге дін өкілдерінің сөздері.
Құдай жоқ, әлем өздігінен кездейсоқ пайда болған, адам баласы өмірге бір-ақ рет келеді де қайта тірілмейді, адам маймылдан жаралған, дін деген адамды басқару үшін қолдан құрастырылған заңдылықтар деп айтатын дінсіздердің сөзлері.
Алланың мекені, денесі мен пішіні бар, ақылға шариғаттан бұрын жүгіну керек, Абу Бакр мен Омар (р.а) Алиден (р.а.) басшылықты тартып алған, пір Әзірейіл періштеден қайтыс болған адамның жанын тартып алып қайта тірілте алады деп айтатын мұсылмандардың ішінен пайда болған адасқан топтардың сөздері.
3. ҚАЙНАР КӨЗІ
Сенімге қатысты келген құранның үкім аяттары мен мутауатир хадистер және ақылдың үкімдерінен туындаған кескінді қағидаттар мен ережелер.
Құран аяттарынан мысал:
- ﴿ لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ ۖ وَهُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ ﴾
«Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші».[3]
Хадистен мысал:
عَنْ مُعَاذِ بْنِ جَبَلٍ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَا مُعَاذُ أَتَدْرِي مَا حَقُّ اللَّهِ عَلَى العِبَادِ؟»، قَالَ: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ، قَالَ: «أَنْ يَعْبُدُوهُ وَلاَ يُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا، أَتَدْرِي مَا حَقُّهُمْ عَلَيْهِ؟»، قَالَ: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ، قَالَ: «أَنْ لاَ يُعَذِّبَهُمْ»
Муъаз бин Жәбәл жеткізген хадисте былай дейді: Пайғамбар (с.а.с.): «әй Муъаз құлдардың бойындағы Алланың ақысы не екендігін білесің бе?» – деді, ол – Алла және Оның елшісі білушірек, дейді. Сонда Алла елшісі: «олар Оған құлшылық етіп, ешнәрсені серік қоспаулары. Ал құлдардың Алланың алдындағы ақыларын білесің бе?» деп сұрағанда – Алла және Оның елшісі білушірек, дейді. Ол: «(Алла өз құлдарын) Азапқа салмауы», дейді.[4]
Ақыл қағидаларынан мысал:
Бөлшек бүтіннен кіші.
Екі қарама-қайшы ұғым бір заттың бойында бір сәтте жиналуы мүмкін емес.
4. НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Ақида ғылымы пән ретінде Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалар (р.а.) заманында болған емес. Белгілі себептерге байланысты бұл ғылымның кейбір мәселелері қағаз бетіне ең алғаш рет табиғиндердің заманында түсе бастады. Алайда ең бірінші ақида ғылымына толыққанды негіз ретінде жазылған кітап әрине имам Әбу Ханифаның (80-150жж.һ.) «Фиқһ әл-Әкбар» кітабы екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Ал аталмыш ғылымның ең алғаш негізін қалап жүйесін түзген, тараулар мен тармақтарға бөліп, егжей-тегжейлі зерттемелерді жазған ғалымдарға келер болсақ олар – имам Әбул-Мансур Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Мәтуриди әс-Самарқанди әл-Ансари (237-333жж.һ.) мен имам Али ибн Исмаил Абул-Хасан әл-Ашғари (260-324жж.һ.) болып табылады. Аталмыш екі ұлы ғалымның мектебі бүкіл әлем мұсылмандарының ұстанымына айналған. Дәлірек айтқанда жер бетіндегі мұсылмандардың шамамен 80% пайызы осы екі мектептің ерушілері.
5.ТАҚЫРЫПТАРЫ
Ақыл мен нақылдың беретін дәлелдік тұстары. Ақида ғылымы қарастыратын тақырыптары екіге бөлінеді негіздік (іргетасы) және мақсаттық. Негіздік дегеніміз мақсаттық ілімдерге жетуге құрал ретінде падаланылатын ұғымдар. Немесе мақсаттық ілімдердің іргетасын қалаушы ұғымдар. Мысалы үшін ақылдың үкімдері, әлемнің жаратылғандығы, соның ішінде жауһар (атом) мен жай-күйлер (сипаттар) сынды тақырыптар. Ал мақсаттық тақырыптар болса құдайлық, пайғамбарлық және ақырет күндік наным-сенімдер.
6. ҚАРАСТЫРАТЫН МӘСЕЛЕЛЕРІ
Құдайлық, пайғамбарлық және ақырет күндік наным-сенімдерге қатысты барлық мәселелер мен зерттемелер. Атап айтқанда Алланың барлығы, бірлігі, жаратылысқа ұқсамауы сынды, пайғамбарлардың хақтығы, күнә атаулыдан таза болулары және жәннәт пен тозақтың бар екендігі, амал дәптерлерінің таратылуы сынды мәселелер.
7.ҚАТЫСТЫЛЫҒЫ
Ақида ғылымы шариғи ғылымдардың тамыры болып табылады. Тақырыптары мен мәселелері қалған тармақтық ғылымдардардан тәуелсіз әрі өзгеше болып келеді. Сонымен қатар ол мақсаттық ғылым. Ал мақсаттық ғылымдар үшеу:
- ақида ғылымы (Жәбрейілдің (а.с.) хадисіндегі иман ұғымы)
- фиқһ ғылымы (Жәбрейілдің (а.с.) хадисіндегі ислам ұғымы)
- тасаууф (Жәбрейілдің (а.с.) хадисіндегі ихсан ұғымы)
Ал осы мақсаттық ғылымдарға жеткізетін құралдық ғылымдар да үшіу:
- араб тілі
- логика (المنطق)
- фиқһ негіздері (أصول الفقه)
8. ШАРИҒАТ ҮКІМІ
Сенімде соқыр еру жүзеге аспайтын мәселелерді білу әрбір мұсылманға жекелей парыз, ал қалғанын білу жалпылай міндетті.
9. АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Кез-келген ғылым өзі қамтыған мағлұматтарының құндылықтарына қарай дәрежесі де жоғарылай береді. Ақида ғылымы Алла Тағаланың заты мен сипаттарына және Пайғамбарлар мен олардың тұлғаларына сонымен қатар ақырет күніне қатысты болған мәселелерді зерттейді. Ал бұл мәселелер дініміздің ең басты ұғымдары мен негіздері болып табылады. Қалған шариғат ғылымдары болса сол басты ұғымдарға негізделеді. Сенімі жоқ адамның құлшылығы бекері сондықтан. Сол себепті ақида ғылымы дініміздегі ең шарапатты, орны биік, дәрежесі үстем ғылым.
10.ПАЙДАСЫ
Қате сенімнен арылып хақ сенімде
болу. Қисынсыз ақпараттар мен жалған мағлұматтарды ұсынушылардың құрығына түспей
ақиқатты жүрегіне жат қылу арқылы Алланың мәңгі азабынан құтылып, шексіз
разылығына бөлену.
[1] Ыхлас сүресі, 1-4 аяттар.
[2] Шура сүресі, 11 аят.
[3] Шура сүресі, 11 аят.
[4] Имам Бухари жеткізген.
Мамедалиев Нұрсултан Шымкент қаласы орталық мешітінің найб имамы