Қайырымдылық — көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйішпеншілікпен нақты көмек. Адамның адамгершілігін көрсететін, Алла тағаланың рақымы мен мейіріміне бөлендіретін амал. Алла тағала қасиетті Құранда садақа мен жәрдем берушілер жайлы Бақара сүресінің 272- аятында: «Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)»- деген. Ақырет пайғамбары Мұхаммед (с.а.с): Ислам бес негізден құралған- деген. Соның ішінде Құдай тағала сауабын ақыретте өзі беретін, «пендем оразаны мен үшін ұстады, оның сауабын мен беремін»- дейтін қасиетті Рамазан айындағы ораза. Бұл айда жасалынған әрбір амал еселеніп жазылады. Біреуге бір құрма беріп болсын ауыз аштырыңдар деген Расулалла (с.а.с) хадисін сахабалар мен табиғиндар, өткен ата- бабаларымыз еш ұмытқан емес. Қадірлі болған Рамазан айында денсаулығы жеткен әрбір мұсылман баласы ораза ұстап, кеш батарда ауыз ашарға асығуы- неткен керемет көрініс десеңші! Бұл айда сонымен бірге зекет беру- өз мал- жаныңыздың амандығын сақтау, алдыға келер пәлекеттерден қорғану. Мұсылман- мұсылманға бауыр демекші, осы айда әрбір мұсылман өзінің бауырына артылса көршісіне, одан артылса діндес бауырларына көмек қолын созуы ізгіліктің көрінісі. Мақтарал ауданында әрбір жыл сайын рамазан айында қайырымдылық іс- шарасы өтеді. Сол қайырлы шара биыл да Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінде жалғасын тапты. Аудан бойынша орналасқан қалалар мен ауылдардың (Атакент кенті, Асық ата кенті, Мырзакент кенті) тұрғындары «Нұғман» мешітіндегі шараның қатысушылары болды. Жетісай қаласында орналасқан көмекке мұқтаж жандарға, сонымен бірге мүгедектер қоғамында тіркеуде тұрған 1,2- топтағы мүгедек жандарға және де әлеуметтік қолдауда тіркеуде тұрған 1,2,3- топ мүгедектеріне жалпы құны 3,315,000 болатын азық- түлік 170 адамға(әрбір адам басына 1 қап ұн, 1- қап күріш, 5л сұйық май, 10кг макарон, 5кг қант, 1-дана қара, көк шай, 2-дана тұз, 2-дана иіс сабын, 2-дана кір сабыны, 2-дана тіс щеткасы,1-дана тіс пастасы, 30-дана жұмыртқа,1-дана сұйық сабын (шампунь), 2кг ұнтақ, ыдыс жуғыш ұнтақ, 2-дана тәтті печенье) тарқатылды. Сонымен бірге жаздық және күздік киімдер (ерлер, әйелдер), аяқ- киімдер мен бас орамалдар (жаздық шортылар 100 дана, күздік жүннен тоқылған шалбар «трико»- 100 дана, аяқ- киімдер- 50 дана, жазғы фирмалық көйлектер- 100 дана) тұрмыстық жағдайы нашар адамдарға берілді. Отбасылық табысы өте аз және мүлдем жоқ болып есептелген 35 отбасына (5000,10000,15000,20000 теңгеден) қаржылай көмек жасалынды.
Жалпы, Қасиетті Рамазан айында жасалынған игі бастамалар мен іс- шараларға 3,427,000 тг қаржы жұмсалды. Әр жыл сайынғы өтетін «Рахымы мол Рамазан айы»- атты іс- шарамен қоса Мақтарал ауданында орналасқан әрбір мешіт өз өңірінде орналасқан төмен жағдайлы отбасыларға қаржылай және материалдық тұрғыдан көмек көрсетуде.
Мақтарал аудандық орталық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі