Бүгін таңертең Шардара қаласы мен ауылдық округтерде орналасқан барлық мешіттерде айт намазы оқылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев орталық мешіттегі іс – шараға қатысып, жиналған жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Ардақты жамағат! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Алла Тағала Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен құлшылық – ғибадаттарыңызды қабыл еткей. «Бүгінгі ұрпақ әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деп Елбасымыз атап өткендей, ислам – барша адам баласын бейбітшілікке, амандыққа шақыратын дін. Ислам діні – бұл біздің ата – бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт – дәстүрлері мен әдет – ғұрыптарымен бірге бітісе қайнасып кеткен деуге болады. Бұл мемлекеттік саясаттың түрлі діндердің арасындағы қарым – қатынасты ұтымды реттеп отыруының жемісі. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстар, діндер арқылы келісімнің баға жетпес құндылықтарын басшылыққа ала отырып, дініміздің асыл құндылықтарын өркениетті жолдармен насихаттауға қызмет етуде. Құрметті жерлестер! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға береке – бірлік, барлық ізгі жақсылықтар тілеймін, – деді Арман Айдарұлы.
Аудан имамы Асылхан қажы Данияров та қасиетті Рамазан айын өз дәрежесінде өткізіп алған жамағатты айтулы мерекемен құттықтады. Барша қауымға айттан айтқа, оразадан оразаға аман – сау жете берулеріне тілектестігін білдірді.
Мұнан соң аудан басшысы мешітке жиналған жамағатпен бірге айт намазын оқыды. Айт намазынан кейін қасиетті Ораза айының құрметіне мешіт ауласында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында», – жасөспірімдер арасында түрлі спорттық іс – шаралар ұйымдастырылып, атап айтқанда, арқан тарту, гір көтеру, асық ойнау, қол күрестен сайыс өтіп жүлделер белгіленді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.