Намазға дейін жасалатын абзал істің бірі – тұла бойдағы, киімдегі және намаз оқитын жердегі ластықтарды тазалау. Бұл намаздың жарамды болуы үшін керекті шарт. Егер бір кісі намазын өтеп болып, артынша денесінен немесе киімінен, яки намаз оқыған жерінде намазға кедергі келтіретін мөлшерде нәжісті көзі шалған болса, сол жерді тазалар намазын қайта өтеуіне тура келеді.
Ал енді сіздің сұрағыңызда айтылғандай, намаз оқу үшін төсеген жайнамаздың (төсеніш) бір шетіне нәжіс тисе немесе төгілсе, бірақ тура намаз оқыған жерінде жоқ болса оқыған намазы жарамды болып саналады. Төсеніш үлкен, мейлі кіші болса да бәрібір. Кісінің тұрған жері мен сәждеге баратын жері таза болса, намазға кедергі емес.
Сондай-ақ, нәжіс жердің үстіне таза нәрсе төселіп, ол нәжіс жоғары жағына өтпесе намаз жарамды, ал жоғары жағына өтіп, денеге тиетін болса, намазға кедергі жасайды.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы