Ассаляму алейкум қалайсыздар.?
Сұрақ: Қайтыс болған адамның бір мүшесін донор ретінде алуға болады ма?
Осы жайында ҚМДБ ұстаздарының уағыздары бар ма?
Немесе осы жайында аят-хадистер барма? Омар Амантаев.
Құрметті Омар Амантаев ҚМДБ-ның пәтуа бөлімінің 10.04.2017 жылғы берген пәтуасын сізге жауап ретінде ұсынамыз:
Ағзаны ауыстырудың үкімі
بسم الله الرحمن الرحيم الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين ” أما بعد“
Рақымды, Мейірімді, Алланың атымен!
Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты жаусын! Қазіргі медицинада жиі қолданылатын трансплантация дегеннің мағынасы (лат. transplantatio – ауыстырып қондыру, салу, отырғызу), адам мен жануардың мүшелерін, тіндерін бір ағзадан (донордан) екінші ағзаға (реципиентке) ауыстырып, қондыру.
Жалпы трасплантация жасау, яғни бір адамның (тірі бола ма немесе өлі бола ма) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру шариғатта жәйіз болып саналады. Бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде белгілі бір шарттарымен толық орындалуы тиіс. Ағза ауыстырудың жәйіз екеніне мыналар дәлел болады:
Бірінші: Алла Тағала адам баласын ардақтады. Ол жайлы Жаратушы Иеміз:
وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلا.
«Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік»[1], – дейді. Сондықтан Ислам адам тәні мен өміріне зиян тигізбеуге үндейді.
Адамның денсаулығына зиян келтіретін нәрселерден алыс болуға шақырып, харамға, зұлымдыққа алып баратын істерге жоламауды бұйырды. Бірақ, ауырған сәтте емделу жолдарын іздеуді міндеттеді. Алла Тағала:
وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ.
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[2], – деп бұйырған.
Усама бин Шәриктен жеткен риуаятта ол былай дейді: «Шөл далада өмір сүретін бір араб келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» – деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Оны білгені білді, білмегені білмеді», – деп жауап берді»[3].
Міне, ағзаны ауыстыру адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі. Екінші: Бұл амал Құранда айтылғандай, бір адамды тірілтумен тең. Алла Тағала былай дейді:
مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا.
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық етпеген біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең»[4].
Адамның денсаулығына төніп тұрған зиянды кетіру үшін ағзаны тіріден тіріге ауыстыруға рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыруға да болады. Әрине өлген адам Құран[5] мен хадисте[6] айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болғанымен, өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырса да оның құрметі төмендемейді. Өйткені, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі, тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттап, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді.
Фиқһта ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені, ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы екіталай. Осыған орай ананың өмірі жатырдағы баладан жоғары тұрса, онда өлі адамның ағзасын тіріге де ауыстыруға болады. Бұл өлген адамға зиян жасаған болып саналмайды. Ендеше ағзаны ауыстыруға рұқсат ету қандай жағдайда болсын, сауда-саттықтан аулақ болып, донардың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеуі шартталған.
Ал жалпылама тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін мынадай шарттар сақталуы тиіс:
Бірінші: тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға ауыстыру шарттары:
1. Мүшені ауыстыруға аса қажеттілік, зәрулік болса. Яғни, сенімді әрі әділ медицина мамандарының шешімімен ағзаны ауыстыру – науқас адамды ауруынан айықтырудың жалғыз жолы һәм емі болуы тиіс. Сондай-ақ ағзасын беруші балиғат жасына жеткен ақылды, өз еркімен беруі шарт.
2. Ағзаны өзгеге ауыстырып салу отасы сәтті әрі пайдалы болатынына толықтай көз жеткізу. Бос нәрсе және қажетсіз қинау болмауы керек. Өйткені, кейбір денелер басқа дене мүшелерді қабылдамау ықтималы да бар.
3. Донардың ағзасын алу отасы оған ешқандай зиян тигізбейтініне немесе өмір тіршілігіндегі амалдарына кері әсерін бермейтініне медицина мамандарының нақты тұжырымдары болуы тиіс[7]. Өйткені, науқастың мүддесі ағзасын беруші адамның мүддесінен жоғары емес. Шариғатымыз бәріне бірдей талап қояды. Зиянды зиянмен жоюға болмайды. Исламда өзіңе де, өзгеге де зиян келтіріп, зарар тигізуге болмайды. Бұл мәселеде егер пайдалы жағы басым болса, әрі әділ сенімді дәрігерлер ағза берушіге отадан кейін өміріне ешқандай кері әсері болмайтынын айтса, онда донардың өз ағзасын беруіне кедергі жоқ.
4. Бұл амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз іске асуы тиіс. Демек, ағза сатылмауы тиіс.
5. Ең кемі үш адамнан құрылған әділ, сенімді әрі оларға ота жасауда келіп-кетер пайдасы тимейтін дәрігер мамандарынан құралған комиссиясының ота жасалмай жатып, (емдеудің бұл амалы реципиентке (ағза мүшелері ауыстырылып жатқан адамға) нақты пайдасы тиетінін және донорға (ағзаны берушіге) келешекте денсаулығына, өміріне зияны тимейтіні жайлы) жазбаша түрде нақты шешім шығарып, оны донар мен науқасқа беруі шарт.
6. Ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт.
Екінші: өлінің ағза мүшелерін тірі адамға ауыстыру шарттары:
1. Ағза берушінің шариғи көзқарасы жағынан өлім халі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене-мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлген болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болуы керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері алынса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.
2. Ағзаны ауыстыру, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс.
3. Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Алайда, ағзаны ауыстыру адамды қорлауға алып бармауы тиіс. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы керек. Себебі, бұл Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет. Алла Тағала былай дейді:
وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ.
«Расында Адам баласын ардақтадық»[8].
4. Өліден тіріге ауыстырғалы жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт.
5. Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Және ағзаны ауыстыру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс.
Міне, осы сияқты пәтуаны Мысырдың бұрынғы мүфтилері де шығарған, атап айтқанда, 1959 жылы Хасан Мамун, 1966 жылы Ахмад Хариди, 1979 жылы Жәддул Хақ Али Жәддул Хақ, 1989 жылы Мухаммад Сайд Тантауи шығарған. Сол сияқты «Әл-Азһар» университетінің бас шейхы Ахмет әл-Тайып және д. Али Жума да пәтуа берген.
[1] «Исра» сүресі, 70-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 195-аят.
[3] Ахмад риуаяты.
[4] «Мәида» сүресі, 32-аят
[5] Алла Тағала былай дейді: وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ. «Расында Адам баласын ардақтадық» («Исра» сүресі, 70-аят).
[6] Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең» (Ибн Мәжә риуаяты).
[7] Егер адамның мүшесін ауыстыру өлімге алып барса, мысалы жүрек секілді, онда донар рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Өйткені, оның берген рұқсаты өзін-өзі өлтіргенмен тең. Ал, рұқсат етпесе, онда ешбір айыпсыз адамды өлтірген болады. Бұл екеуі де шариғатта бекітілгендей, харам.
Егер ағзасын ауыстыруы өлімге алып бармайтын болса, (яғни ол мүшесіз өмір сүре алатын болса), оның көрінісі мынадай:
Егер ағза мүшесін ауыстырумен іске жарамсыз болып қалса, донар рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Мысалы: екі қолды немесе екі аяқты ауыстыру, онсыз өмірлік кәсібін жасай алмайды. Сондықтан бұл жағдайда ағзаны ауыстыру харам болмақ. Ал екі көздің бірін немесе екі бүйректің бірін немесе тістердің бірін немесе қанның кейбір бөлігін ауыстыру болса, онда кісінің рұқсатынсыз харам болады. Тіпті көпшілік ғалымдар оның рұқсатымен болса да харам болады деді. Бұл нәрселер фиқһ кітіптарында адамға және оның мүшелеріне зиян келтіру жайында нақты баяндалған.
[8] Исра сүресі 70-аят.
Ақпарат көзі: http://fatua.kz/kz/post/view?id=828