Шаш бояудың болатындығына қатысты мұсылман ғалымдарының арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Бірақ, оны қараға бояп-боямауға қатысты әр-түрлі пікірлер бар. Негізінен, ислам діні келгенге дейін иудей мен христиан дін адамдары әдеміленудің Құдайға құлшылық жасаушы адамдарға жараспайтындығын алға тартып ағарған шашты боямайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға ұқсамау үшін сахабаларына «Иудейлер мен христиандар шаштарын боямайды. Ал сендер керісінше жасаңдар (бояңдар)», – деген (Бұхари, Әнбия, 50, Мүслім, Либас, 80).

Ал қара түске боямауға қатысты мына оқиға келтірілген. Мекке алынған күні әз. Әбу Бәкірдің әкесі Әбу Кухафаның шаштарының ап-пақ болып ағарып кеткенін көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ақ басқан шаштарын өзгертіңдер, бірақ қарадан сақтаныңдар» деп ескерткен (Әбу Дәуіт, Нәсәи, Ахмад ибн Ханбал). Осы және өзге де хадистерге сүйенген кейбір ғалымдар қара түске бояуды харамға жақын жағымсыз іс (тахриман мәкрух) деген. Дегенмен Сағыд ибн Әбу Уаққас, Ұқба ибн Амр, Жәрир секілді кейбір сахабалар және кейінгі кезеңде келген кейбір ғалымдардың шашатарын қара түспен бояғандықтары да мәлім. 

Түйіндейтін болсақ, шаш бояу әйелге де, ер кісіге де рұқсат етілген. Егер, ер кісі жас болса қара түске бояса да болады. Ал егер егде тартқан кісі болса ақ сақалдығының белгісі ретінде бояма-ақ қойғаны абзал. Осы жерде мына мәселеге де абай болған жөн. Шашты бояған кезде ғұсылға немесе дәретке кедергі келтірмейтін, су өткізетін қына секілді табиғи бояуларды қолдану керек. Ал шашта арнайы қабат қалыптастыратын май немесе лак секілді су өткізбейтін заттарды қолданудан абай болу керек.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

дінтанушы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38