Намаздың ақыл-есi дұрыс, балиғат жасына толған әрбiр мұсылманға парыз екендігіне ғалымдар бірауыздан келіскен.
Намаз және ораза тек қана тәніміз арқылы орындалатындықтан өкiлеттiлiк жүрмейдi. Яғни, біреудің орнына басқа береу намаз оқып немесе ораза ұстап бере алмайды. Бұл құлшылықтарды әрбір мұсылман өзі орындауға міндетті. Ал, енді намаздың әрбір мұсылманға парыз екендігін жоққа шығарған адам дiннен шығады. Өйткенi намаз кесiмдi түрде аят, хадис және ижмә дәлелдерiмен бекiтiлген. Жалқаулық себебімен немесе намазға немқұрайлықпен қарап, оны тәрк еткен адам діннен шықпағанымен күнәһар, әрі пасық болады.
Намаз оқымау — дүние мен ахирет азабына душар етеді. О дүниеде тозаққа кіруге себеп болады. Бұған байланысты Құран Кәрімде:
«Олар жәннәттарда тұрып күнәһарлардан: «Сендердi «Сақар» жәһаннамға итермелеген не?-деп сұрасады. Олар: «Бiз намаз оқушылардан емес едiк» дейді», [1]-деген аят бар. Тағы бір аяттарда:
«Олардан (бұл пайғамбарлардан) кейiн орындарына намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (Қияметте) адасуларының сазайын тартады. Бірақ кімде-кім тәубе етіп, иман келтірген түрде ізгі амал жасаса, міне, солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жәннатқа кіреді»[2].
«Сондай намаз оқушыларға нендей өкiнiш! Олар намаздарын немқұрайды оқиды»,[3]–делінген. Пайғамбары-мыз (с.ғ.с) да:
«Бiле тұра намазды тастаған адамға Алла және Оның елшісінің көмегі болмайды», [4]-деген.
Ал, басқа хадистерінің бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Кiмде-кiм екiнтi намазын оқымаса, оның амалы босқа кетедi».[5]
«Кiмде-кiм немқұрайлықпен үш рет жұма намазын оқымаса, Алла Тағала оның жүрегiне мөр соғады»,[6]-деген.
Намазды тәрк еткен кісі күпірлік еткен болып санала ма, жоқ па деген сұрақ төңірегінде дін ғұлама-ғалымдары арасында бұрын да, қазір де талас туып келеді.
Қалай болғанда да мұсылман адамға парыз болып жүктелген намаздарды өтемеу еш дұрыс емес. Себебі адамнан Қиямет күнінде ең алдымен осы парыз намаздары сұралады. Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Қиямет күні пенденің амалдарынан ең алдымен есепке тартылатыны — оның намазы. Егер оның намазы дұрыс болса, онда оның құтылып, әрі игілікке қол жеткізгені. Ал, егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға душар болғаны»,[7]-деген.
Мұсылман кісі үшін өзін ең көркем бейнеде жаратып, өмір берген Алла Тағаланың оны ашулы күйде қарсы алуынан асқан қорқынышты сәт бар ма?! Әрине, жоқ. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):
«Кімде-кім намазды тәрк ететін болса, онда ол (Алла Тағала) оған ашуланған күйде жолығады»,[8]-деген хадисін ешқашан жадымыздан шығармағанымыз жөн.
Ибн Әмр бір күні намаз жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқанын еске түсіріп, ол кісі (с.ғ.с):
«Егер кімде-кім намазын берік ұстаса, ол оған Қиямет күні нұр әрі анық, нақты дәлел және оны құтқарушы болады. Ал, егер кімде-кім оны берік ұстамаса (намазды орындамаса-ауд.), онда ол оған нұр да, анық, нақты дәлел де және құтқарушы да болмайды. Ол кісі (намазды өтемеген кісі) Қиямет күні Қарунмен, Перғауынмен, Һәмәнмен және Убәй бин Халафпен бірге болады»,[9]-деген еді дейді.
Бұл аты аталғандар мұсылманшылықты әсте мойындамай, күпірлікпен күн кешіп, кәпір болып жан тапсырған кісілер. Сондықтан бұл хадис кімде-кім намазды өтемесе, онда ол кісі осы айтылған кісілермен тозақ отында бірге болады деген мағына береді.
Бұл аталмыш хадисті кейбір ғалымдар егер кімде-кімнің билігі, қол жеткізген мансабы намаз өтеуіне кедергі болып жатса, онда ол Перғауын сияқты күн кешкен болып, Қиямет күнінде онымен бірге болады. Ал, егер кімде-кімге алған атағы, халық арасындағы беделі кедергі болып жатса, онда мұндай кісі Һәмән сияқты күн кешкен болып, Қиямет күні онымен бірге болады. Ал, енді кімде-кімге жиған мал-мүлкі намаз оқуына кедергі болып жатса, онда ол Қарун тәрізді күн кешкен болып, Қиямет күні онымен бірге болады. Ал, кімде-кімнің жасап жүрген сауда-саттығы намаз оқуына кедергі болатын болса, онда ол да тура Убәй бин Халаф сияқты болып, Қиямет күні онымен бірге болады деп түсіндіреді.
Расында, намаз өтеу адам баласынан оншалықты көп уақытты талап етпейді. Олай болса адам баласы Алланың берген рызық-несібесін ішіп-жей отыра, төсеніш ретінде жаратқан жерінде еркін жүріп, керемет сұлу табиғаттың әсемдігіне көзі тоймастай қарай отыра Алла Тағалаға бір сәт уақытын бөліп, рукуғ жасап, маңдайын сәждеге қойып, намазын өтеп, шүкіршілік етуге қалайша сараңдық етеді? Бұлай етіп жүрген кісілер өздерінің ақыл көкжиегінің қаншалықты тар екендігін аңғармай ма? Табиғатқа көз салып, ой жүгірткен адам жаратқан бір Алланың барлығын сөзсіз мойындайды. Әрі күнделікті бес уақыт намаз өтеу арқылы Оған жақындай отырып, өзінің Аллаға деген мақтау-мадақ, шүкіршілігін айтып, Одан осы дүниедегі тіршілігі мен о дүниесінің жақсылығын, әрі салихалы ғұмыр кешіп, о дүниеде шынайы бақытқа қол жеткізгендер қатарында болуды тілейді. Мұндай кісілердің жан-дүниесі тынышталып, жандары жай тауып, ешкімге де жамандық ойламайды. Ал, енді өзін жаратып, ана құрсағында жатқанда-ақ ең көркем бейне берген өз Жаратушысын танымай, мына түкке татымас тіршіліктің, мал-мүлік, байлық жиюдың соңына түсіп дүниеқоңыздыққа бой алдырып, жандары жай таппай, жүректерін қараңғылық басып жүрген жандар қаншама! Мұны олар өздерінше бақытқа балайды. Шалқаңдап шалқып жүреді. Бірақ қаперсіз бұл тіршілігінің соңының, о дүниедегі жағдайының қалай боларын, Алланың алдына барғанда сұрақтан қара терге қалай малынатынын ойламайды. Мұндай жандарға Алла қаласа мейірімділікпен қарап, рақымшылық жасайды, қаламаса, қатаң жазаға тартып, азаптайды.
Намазын ұмытып, ұйықтап немесе жалқаулықтан уақытында оқи алмаған адам қаза етедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде:
«Кімде-кім бір намазды (оқуды) ұмытатын болса, ол есiне түскенде дереу оқысын. Ұмытылған намаздың бұдан басқа кәффәраты жоқ»,-деген. Имам Бухари мен Муслимнің басқа бір риуаятында:
«Егер сендердің бірің намаз уақытында ұйықтап немесе ұмытып намазын оқымаса, есiне түскенде дереу оқысын»,30-делiнген. Фиқһ ғалымдарының басым көпшiлiгiнiң пiкiрi бойынша намазын ұйықтап немесе ұмыту сияқты үзiр себепке байланысты уақытында оқи алмаған адамдар секілді намаздарын ешбір себепсіз, жалқаулықтан оқымаған кісілер де оны қаза етіп оқулары, Аллаға тәубә және истиғфар етулері қажет. Алла Тағала Өзiне серiк қосудан басқа күнәларды қаласа кешiредi. Намазды да қамтитын осы кешiрiмнiң ауқымы туралы әр түрлi дәлелдер бар. Құран Кәрiмде былай баяндалады:
«Шүбәсiз Алла өзiне серiк қосқанды кешiрмейдi. Мұның сыртында, қалаған адамын кешiредi…».[10]
Убада бин әс-Салих риуаят еткен бiр хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Құлдарына парыз еткен бес намазды ауыр көрмей, лайықты түрде, кемшiлiксiз оқыған адамды Алла Тағала жәннәтiне кiргiзуге сөз бередi. Бiрақ намазды орындамаған-дарға мұндай сөзi жоқ. Қаласа кешiредi, қаламаса азаптайды»,[11]-деген.
Әбу Һурайрадан (р.ә) риуаят етiлген мына хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Қиямет күні пенденің амалдарынан ең алдымен есепке тартылатын — оның намазы. Егер оның намазы дұрыс болса, онда оның құтылып, әрі игілікке қол жеткізгені. Ал, егер намазы дұрыс болмаса, онда ол апатқа ұшырап, қайғыға душар болғаны. Егер оның парыз намаздары кем болса Алла Тағала: «Қараңдар, мұның нәпiл намаздары бар ма? Онымен парыз намаздардың кем-кетігін толтырайық»,-дейді. Сосын оның басқа (парыз) амалдары да осы тәрізді (есептеледі)»,[12]-деген.
Бұл хадистен парыз намаздардың кемшiлiгiн сүннет, нәпiл намаздар толықтыратындығын аңғарамыз. Негізі парыз, уәжiп немесе сүннет деп бөлмей құлшылықтардың мейлінше көбірек орындалуы мұсылмандардың негізгі мақсаты болуы тиіс. Өйткенi бұл дүниелiк тыныштық және рухани бақыттың көзi болумен қатар, ахирет үшiн де ең үлкен дайындық болып табылады.
Иә, өзін мұсылман санап, бірақ намазын тәрк ететін кісілер осы айтылғандарға құлақ асып, тәубелеріне келсе ғой! Намаздарын тәрк ету арқылы өздерінің қаншалықты үлкен күнәға батып жатқандарын білсе-ші!
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Бұл пайғамбарлардан кейін намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (Қиямет күнінде) адасуларының сазайын тартады. Ал, бірақ кімде-кім тәубе етіп, иман келтірген түрде ізгі амал жасаса, міне солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жәннатқа кіреді»,[13] -дейді. Олай болса тәубеге келіп, бес уақыт намазды өз уақытында өтеп, ізгі амалдар жасауға асығайық.
[1] Әл-Мүддәссир сүресі, 40-43-аяттар.
[2] Мәриям сүресі, 59- 60-аят.
[3] Әл-Мәғун сүресі, 4-5-аяттар.
[4] Ахмад бин Ханбал, V, 238, VI, 44.
[5] Әл-Бухари, Мәуақит, 15, 34; Нәсай, әс-Салат кітабы, 15.
[6] Ән-Нәсәй, Жұма, 2; Әт-Тирмизи, Жұма, 7; Ибн Мәәжә, Иқама, 93.
[7] Әт-Тирмизи, әс-Салат, 188; Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 145; Ән-Нәсәй, әс-Салат кітабы, 9; Тахрим, 2; Ибн Мәәжә Иқама, 202.
[8] Әл-Мәнзаридың Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб кітабының 1/195.
[10] Ән- Ниса сүресі, 48-аят.
[11] Әбу Даут, Үтір, 2, Ән-Нәсәй, әс-Салат кітабы, 6; Әд-Дарими, әс-Салат кітабы, 208; Мәлик, Әс-Салатул-Ләйл, 110.
[12] Әт-Тирмизи, әс-Салат, 188; Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 145; Ән-Нәсәй. әс-Салат кітабы, 9; Тахрим, 2; Ибн Мәәжә, Иқама, 202.
[13] Мәриям сүресінің 59-60 аяттары.