Мекке – мұсылмандардың қасиетті шаһары, оның «мүкәррәмә» («аса қадір тұтатын») деген теңеуі бар. Алла Тағаланың сөзі жазылған Құран Кәрімде Меккенің «Умм әл-Қура» («қалалардың анасы»), Бекке (шаһарлардың көне атауы), «әл-Бәләд әл-әмин» («Қауіпсіз қала») деп те атайды.
Мекке шаһары Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласынан 74 шақырым жерде таулы аймақта орналасқан.
Ер және әйел адамға қажылықтың парыз болуының шарттары:
- Мұсылман болу;
- Ақыл-есі бүтін болу;
- Балиғат жасына толу;
- Бас бостандығы болу;
- Дүние мүлкі болып, шамасы келу;
- Әйел адаммен бірге махрамның болуы.
Қажылық не умраны жасауға ниет еткен мұсылман бауырым!
- Қажылық және умра жасауда Аллаға жақындауды және Оның ризалығын табуды ниет етіңіз. Соның нәтижесінде атаққұмарлық, мақтаншақтыққа, жалған атаққа және рияға жол бермеңіз.
- Сапарға шығуға дейін алған қарыздарыңызды өтеңіз, қолыңызда аманат заттар болса иесіне қайтарыңыз немесе сапарға шығып бара жатқаныңызды ескертіңіз.
- Өткен күнәларыңызға өкініп, тәубеге келіңіз және ондай күнәларды қайталамауға шешім қабылдаңыз.
- Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болсаңыз, кешірім сұраңыз. Егер ол әділетсіздік мал-дүниеге байланысты болса, оны өз иесіне қайтарып, орнын толтырып, кешірім сұрап, ризалығын алыңыз.
- Қажылық және умраға адал жолмен тапқан қаражатыңызды пайдаланыңыз. Өйткені Аллаһ кемшіліктерден Пәк әрі пәк нәрсені ғана қабыл етеді.
- Барлық күнә атаулыдан бойыңызды аулақ ұстаңыз, ешкімге зиян тигізбеңіз, балағаттамаңыз, сыртынан тілдемеңіз, дауласпаңыз және өтірік айтпаңыз.
- Қажылық пен умраның үкімдерін үйреніңіз.
- Барлық парыздарға, оның ішінде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөліңіз, Құран оқыңыз, зікір, дұға қылыңыз, адамдарға қарайласыңыз, мұқтаждарға көмек қолын созып, кедей-кепшікке садақа таратыңыз, дұрыстыққа бұйырып, теріс істерден қайтару сияқты сауапты іс-амалдарды көбейтіңіз.
- Жолсерік ретінде ізгі, салиқалы кісілерді іздегеніңіз дұрыс.
- Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінезде болыңыз.
- Сапарға шығар алдында отбасыңызға Аллаһқа бойсұнуда болуды табыстаңыз.
- Сүннетте келген, сапар барысында айтылатын дұғаларды қалдырмай айтып жүріңіз.