Қажылық

Қажылық (шәууал, зулқағда және зулхиж-жаның онына дейінгі) белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрам байланып) міндеттенсе, қажылық кезінде әйелге жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға болмайды. Нендей жақсы іс істесеңдер Алла оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы – тақуалық. Ей, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар.

   Сендерге Раббыларыңның кеңшілігін іздеулеріңнің (кәсіп істеулеріңнің) оқасы жоқ. Қашан Арафаттан қайтсаңдар Машғарул-харамның қасында Алланы еске алыңдар. Сондай-ақ Оны, сендерді тура жолға салғанындай еске алыңдар. Өйткені сендер адасқандардан едіңер.

   Содан соң ел қайтқан жерден қайтыңдар да, Аллаһтан жарылқау тілеңер. Күдіксіз Аллаһ өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді. Қашан қажылық амалдарыңды өтесеңдер Минада Алланы ата-бабаларыңды еске алғандай, тіпті одан да артық еске алыңдар (зікір етіңдер). Сонда адамдардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде ғана жақсылық бер!» – десе, оларға ақыретте несібе жоқ. Олардан басқалары: «Раббымыз! Бізге дүниеде де, ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!» – дейді. Міне, осылар үшін амалдарынан үлес бар. Себебі, Алла есепті тез Көруші: (Бақара, 197-202).

Ең алдымен құлдарына қасиетті Үйге қажылық жасауды парыз қылып, оны күнә мен қателіктерден тазару жолы еткен Аллаға мадақ!

Бұрын-соңды тауап және сағи жасағандардың абзалы-ардақты Пайғамбарымызға, оның отбасына, сахабалары мен соңына ерген барша мүміндерге Алланың сәлемі мен салауаты болсын!

Қымбатты мұсылман бауырлар! Қасиетті жерге барып қажылық парызын өтеу ниетіңіз қайырлы болсын. Алланың ризашылығы үшін Пайғамбар сүннетіне сай умра мен қажылық рәсімдерін дұрыс орындау жолында Раббымыздан сіздерге жеңілдік беруін сұраймыз. Сауабы мол осынау ғибадаттарыңыз қабыл болып, дүние-ақыреттің нығметіне бөленулеріңізге тілектеспіз. Пайғамбарымыз:

«Умра умраға дейінгі аралықтағы (кіші) күнәларды жуып-шаяды, ал хаж мабрурдың (шынайы қажылықтың) сыйлығы тек жaннaт»,– деген (әл-Бұхари, Муслим).

Хаж мабрур дегенінің түсінігі

     Хаж мабрур дегеніміз – мұсылманның қажылық рәсімдерін аса ұқыптылықпен күнә-кемшіліктерге бой алдырмай орындауы. Бұл – Алла қабыл еткен қажылық. Оның белгісі адамның тәубеге келуі мен қайтып күнә жасамауға деген тоқтамы. Хаж мабрур – жалғандықтан аулақ шынайы қажылық. Ал оның сыйлығы тек қана жаннат.

Алла Тағала: «Қажылық– белгілі айлар. Кім ол айларда міндеттенсе, қажылық кезінде әйелге жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға болмайды. Нендей жақсылық істесеңдер, Аллаһ оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық. Ей ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар» (Бақара, 197);

«Шынында – қарсы болғандарға Алланың жолынан, сондай-ақ Біз: оның тұрғындары мен шеттен келуші адамдарға тең қылған әл-Харам мешітінен тосқандарға және кім онда зұлымдықпен жолдан шығуды қаласа, оған Жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз», – деген (Хаж,25).

Алла қажылықтарыңызды қабыл етіп, амалдарыңызға сауап жазсын және күнәларыңызды кешірсін. Жетекшіміз – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабалары мен соңынан ергендерге Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Баршаңызға Аллаһтың тыныштығы мен нұры жаусын!

Жер бетінің қай түкпірінде болса да мұсылмандардың жүректері қасиетті Қағбаға қарай соғып тұрады. Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) дәуірінен бері Алла үйіне қажылық амалдарын орындау үшін олар дүниенің әр тарапынан ағылады. Қағба Жаратқанға құлшылық қылулары үшін адамдарға арнап тұрғызылған алғашқы үй.

Алла Тағала: «Негізінде адам баласы үшін алғаш құрылған үй–Меккедегі (Қағба). Ол–бүкіл әлем үшін береке және тура жол. Онда ашық белгілер, Ибраһимның орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Аллаһ үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық өтеу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай»,–деген (Әлі Имран, 96-97).

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38