Алла Тағала Бақара сүресінде «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірілген ай», – деген.
Бұл аят мұсылман өміріндегі екі маңызды мәселеге нұсқайды. Рамазан айы – Пайғамбарымызға уахи келе бастаған ай және Құранның көп бөлігі Рамазан айларында түсірілген. Рамазан айы басталуымен әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманға ораза ұстау парыз. Ораза – адам баласының Жаратушысы Алла Тағаланың оған берген сансыз нығметі мен жақсылықтары үшін жасалған шүкіршілігі болып табылады. Рамазан айында уахидің түсе бастауының ескерілуі Құранның ұлылығын, Рамазан айының қасиеттілігін, Жаратушының талаптарын бойсұнып, Оған құлшылық етудің маңыздылығын жете түсінуге үндейді. Әр жылдың Рамазан айында Жәбрәйл періште Пайғамбарымызға Қасиетті Құранды дұрыс, рет-ретімен жаттауды тексеретін. Рамазан айы осыменде ерекше. Сонымен қатар жоғарыдағы аят, Қасиетті Құран – адамдарға тура жолды нұсқаушы, жүрекке нұр беруші және иманды нығайтудың бірден бір құралы екенін көрсетуде. Мұсылман үмбетінің қасиетті Рамазан айында бірауыздан күналарының кешірілуіне ұмтылуы, Жаратушының талаптарына жауап беру, тыйғанынан тыйылу, жақсылық істеуге тырысу Алланың жарылқауына қолжеткізудің бірден бір себебі. Рамазан айы – имандылық пен Алла тағаланың жарылқау айы болып табылады. Осы себептен Рамазан айында шайтанның азғыруы әлсіреп, шынайы адал ниет пен адамгершілік қасиеттері жандана түседі.
«Сәресі уақытында береке бар. Сондықтан бір жұтым су ішсеңдер де, оны қалдырмаңдар», – деген.
Сәресі күні бойы құлшылық қылып, Құран оқып, Алланы еске алуға күш береді. Рамазан айында ораза тұтушы адам жалқаулық, ықыластың жоғалуы секілді қиындықтарға тап болуы ықтимал. Өйткені ораза – тек ішіп-жеуден тиылу ғана емес, жаман сөздер мен жат қылықтан тосылу болып табылады.
Алла елшісі:
«Ораза – қалқан, сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа жол бермесін. Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: “Мен оразамын”, – деп айтсын», – деген.
Сәресі біздің ораза әдебін сақтауымызға жәрдем береді. Сондықтан да, сәресіне біраз уақыт бұрын тұрып, дұға мен кешірім тілеуге де уақыт бөлген жөн.
Ықыласпен дұға тілеуге ынталандыратын тағы бір уақыт бар. Құранда Алла Тағала өзінің тақуа құлдарын мақтап, олардың жәннатта мәңгі болатындары жайлы баяндайды. Ол адамдардың ерекшелігі сол, олар таң атар алдында және күн батқан уақытта Алла Тағаладан кешірім тілейді деп баяндалған.
Ол уақыт – ақшам намазының алдындағы уақыт. Қарның ашып, шөлдеп, әлсіреп тұрған кезде кез келген адам өзінің әлсіз пенде екенін түсінеді, Алла нығмет бермесе халінің мүшкіл болатынын мойындаған күйге енеді. Дәл осы уақытта ықылас пен ниет шынайы болады екен, ал шынайы ықыласпен жасалған дұға қабыл болатыны рас.
«Раббыларыңа іштей жалбарынып, дұға етіңдер. Шүбәсіз, ол шектен шыққандарды ұнатпайды»
Ауыз ашар алдында дұға тілеп, тәубе ету үшін бар мүмкіншілікті жасайық. Алла тағала баршамыздың ниетімізді қабыл еткей.!
Кентау орталық мешітінің бас имамы. Айекеев. Ғ.