Бүкіл әлемнің иесі Ұлы Алла Тағалаға мақтаулар мен шүкірлер, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауат сәлемдер болсын.
Әлем мұсылмандары асыға күткен қасиетті Рамазанның игілігі мен жақсылық- сауаптары баршамызға нәсіп етсін.
Рамазан – бұл Құран айы. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны айыратын) дәлел түрінде Құран түсірілді» – деген. [Бақара сүресі, 185- аят]
Ол – мүміндер үшін шипа және Алланың рахметі. Үнемі Құран оқып, оны жаттап және амал етуші пендеге қияметтің күнінде Құран шапағатшы болатындығы да хадистерде жеткізілген.
Ибн Аббас (р.а) жеткізген хадисте Он сегіз мың ғаламның сардарының Рамазан айында атқарған амалдарынан хабар береді: «Алла Елшісі (с.а.с) адамдардың жомарты болатын. Ал, Рамазанда ерекше жомарттық танытатын. Жәбірейіл (а.с) Рамазанның әр түнінде Алланың Расулімен (с.а.с) жүздесіп, бірге Құран оқитын»- деп айтқан.
Ал, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а) келген хадисте Пайғамбар (с.а.с): «Кім Алла Тағала Кітабының бір әрпін оқыса оған одан бір жақсылық бар, әрі ол жақсылық он есе арта түседі. Әлиф-ләм-мимді бір әрп демеймін. Бәлкім, әлиф-бір әріп, ләм-бір әріп, мим-бір әріп» – деген. Құран Кәрім 114 сүре, 6000- нан астам аяттан тұрса, оның әрбір әрпінің саны қанша болмақ?! Міне, Құран оқушы адамның осыншама шексіз сауапқа кенелуі қандай бақыт. Және қиямет күніндегі жағдайына байланысты: «Оқы да жоғары көтеріл. Дүниеде қалай оқыған болсаң, солай оқи бер. Сенің жәннаттағы орның соңғы аятты оқитын жеріңде» – деп айтылады. Осыдан кейін біз бақыт егілген егістік болған Құран аяттарын көп жаттауға барынша әрекет етуіміз қажет. Ал, керісінше, «Ішінде Құраннан ештеңе болмаған адам – қираған үй тәріздес» – деген.
Егер, Алла қайсыбір пендесіне Құран берсе, Құран жаттауды нәсіп етсе, Алла тарапынан берген нағыз сый сол болмақ.
Құранды бастан аяқ оқып шығуды «Хатым» деп атайды. Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.һ): «Жылына екі рет хатым ету – Құранның ақысы» – деген.
Рамазан айында рахатқа бөлейтін Тарауих намазында да еліміздің көптеген мешіттерінде Құранды хатым етіп жатыр. Осы хатымдарға барып қатысудың өзі де Құранның ақысын беру болып табылады.
Пайғамбар (с.а.с) Рамазан айында үмметіне орындауы тиіс төрт амалды бұйырады. Олар:
1. Рамазан айында иман-ықыласпен ораза ұстау.
2. Үнемі Құран тіләуат жасау.
3. Тілін өтірік, өсек-ғайбаттан, жаман іс- әрекеттерден тыю.
4. Ораза ұстаған адамның аузын аштыру.
Қадірлі жамағат! Айлардың сұлтаны Рамазанда Ұлы Жаратушымыз бұйырған амалдарды орындап, Қасиетті Құран Кәрімді оқып оған амал етіп, тағат- ғибадатпен құлшылық жасауды баршамызға нәсіп қылғай!
Сыздықов Бекзат Мақтаралы ауданының бас имамы