sabirdinda satilari bar

sabirdinda satilari bar

Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Асылында бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген.
Сабыр – жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті.
Сабыр − тосыннан қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, әл-дәрменің таусылып, салың суға кеткен сәтте бойыңдағы бар күш-қуатыңды жинап қайраттану, басқа түскен ауыртпалыққа төтеп беру үшін белді бекем буу. Сабыр сақтау – тағдырға ризашылықтың, шүкірліктің белгісі. Тағдырға налып, іштей риза болмаған адам өмірде ештеңеден байыз таппай өтеді. Басын тау мен тасқа соқса да бәрібір қайғы-мұңнан арыла алмай, май ішкендей мазасызданып, өмірден түңілумен күн кешеді. Өмірде қуаныш пен қайғының егіз екенін ұмытуға болмайды. Қайғыра алмаған адам қуана да алмайды. Сондықтан өмірде қиындыққа мойымай оны жеңе білу үшін адамға ең қажеттісі – сабыр сақтау.
Шыдамсыз, осал адам үшін өмірде елеулі жетістікке қол жеткізу өте қиын. Сабыр сақтау немесе шыдамдылық таныту – парасаттылықтың нышаны. Өмір ағысының арыны күшті. Тас түнек қап-қара түннің артынан шуағын төккен шұғылалы жарық күннің шығуы қандай заңдылық болса, қиындықтың соңы жеңілдікке ұласатыны да шындық. Өмірдің өзі тұтастай өткінші болғандықтан біздегі қуаныш пен қайғы атаулы да өтпелі. Өтпелі нәрсеге бола өмір бойы сан соғып «әттегенайлап» өту орынсыз. «Бұның да өте шығары даусыз» деп нар тәуекелге бел буу – үлкен кісіліктің белгісі. Байқап қарасаңыз, қиындықтармен күресе жүріп шыңдалған адамдар өмірде көптеген жақсылықтар мен табыстарға қол жеткізген. Бұл діни іс-амалдарға ғана қатысты емес, дүниелік тұрғыдан да аса маңызды. Сол үшін де сабыр – екі дүниенің де бақыты үшін адам бойына дарытқан Жаратушы иеміздің көркем қасиеттерінің бірі.
Алла тағала Құрандағы көптеген аяттарда сабырлы болуды дәріптеп, сабырлы құлдарды жақсы көретіндігін, сабырлы жандарды үлкен айтулы сый-сияпатқа бөлейтіндігін қуана жеткізген.
Құранда:

وَاللّهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ

«Алла сабырлыларды жақсы көреді» деп, өз сүйіспеншілігіне артығымен бөленетіндердің сабырлы жандар екендігін білдірсе, бұған қоса тағы бір аятта:

وَلَنَجْزِيَنَّ الَّذِينَ صَبَرُواْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Әрине, сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз» деу арқылы сабырлы жандарға арнайы сый-сияпаттың әзірленетінін сүйіншілейді. Бұл дүниеде біздің басымызға түскен нәрсенің бәрі – сынақ. Кеңшілік те, таршылық та, жоқшылық та, баршылық та, ауру-сырқауға ұшырау да – сынақ.
Жаратушы Иеміз бұл жайында:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

«Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңді, өздеріңді әрі өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз» , – дейді.
Демек, адамның басына әртүрлі сынақ келуі мүмкін. Дұшпандардың шабуылынан қорқу, қуаңшылық пен құрғақшылыққа ұшырау, ақсирақ ашаршылыққа тап болу, жұқпалы аурудың кең тарауы, әртүрлі табиғат апаттарының белең алуы, туған-туыс, бала-шағаңнан айырылу, өмір бойғы жиған-терген бар дүние-мүлкіңнен қас-қағым сәтте айрылып қалу секілді т.б. Хақ тағала сынақ ретінде жіберген бұндай қиын ауыртпалықтарға ризашылықпен көнгендерге сауаптарының тым көп болатындығын (Зумәр, 10) және өмірдің өзі тұтастай сынақ мекені екенін (Шура, 43) ескерткен.
Ислам тарихы зерделенгенде, мұсылмандар үшін хижраға дейінгі Мекке кезеңінің қағажу мен әлімжеттіктен көз ашпаған ең бір қиын-қыстау кезең болғанын көреміз. Өйткені, алғашқы мұсылмандар исламды қабылдағаны үшін тепкі мен теперіш көрді. Қорлық көргені өз алдына, қан-жоса болып сан мәрте соққыға жығылды. Мүшріктер тарапынан былапыт сөздермен балағатталды, тіпті солардың қолынан өліп кеткендері де болды.
Бір таңғаларлығы, мұсылмандарды қан қақсатып, басына қара бұлт үйірген мүшіріктерге Мекке кезеңінде Пайғамбарымыз ешқандай қарсы күш қолданбады. Сахабаларын үнемі сабырлық пен ұстамдылыққа шақырды. Қандай қатігездікке тап болса да еш мойымастан асқан шыдамдылықпен 13 жыл бойы халықтың жүрегіне жол табуға тырысты. Өзі де, өзінің қанатының астына жиылған сахабалар небір қанқұйлы құқайларды бастан кешті. Соққыға жығылып, жұдырық пен тепкінің астында қалды, езілді, жаншылды, тіпті, елден біржола шеттетіліп бойкотка да ұшырады.
Осы тұста Ясир отбасының басына келген қайғылы оқиға баршамызға мәлім. Ислам үшін ауыр қиындыққа душар болған олар ақиқат жолында азапталып, шейіт болғандардың ең алғашқылары еді. Олардың жағдайының қаншалықты мүшкілдігі жанына қатты батып, қабырғасын қайыстырса да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ясир отбасы сабыр сақтаңдар. Барар жерлерің − жаннат» деп қиын сәтте де шыдамдылық пен сабырдан таймауға шақырды. Пайғамбарымыз сабыр ете отырып, қол қусырып қарап отырмады. Бір адамды болса да иманға келтіру үшін бар күш-жігерін жұмсап бақты.
Ол асқан сабырлы болумен қатар парасат-пайымы мол жан еді. Сол себепті ақиқатты айтып түсіндіру мүмкін емес деген көптеген адамдардың өзі Исламға бас иіп, тас болып қатқан жүректері жібіп сала берген-ді. Егер Пайғамбарымыздың бойындағы мызғымас сабырлық қасиеті болмағанда мыңдаған адамның исламды қабылдауы мүмкін емес еді.
Алғашқы кездері сан жағынан әрі күш тұрғысынан мүшріктерге төтеп бере алмайтын мұсылмандарға түскен аяттардың көбі оларды сабырлылыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа шақырған аяттар еді. Қауіп пен қиындыққа толы ол кезеңде сабыр мәселесі иманмен тең дәрежеде тұрды. Өйткені, ол кезде басқа түскен жағдайға сабырлық пен шыдамдылық танытудан басқа шара жоқ еді. Алла оларды сый-сияпатқа кенелтетіндігін білдіріп, сабыр сақтауға, мұсылмандарды төзімділікке, тәуекелге шақырды.
Аталары ұстанған пұтқа табынушылыққа, күпірлік дінге қайта кіргізу үшін немере ағасы Зүбәйр ибн Әууәмды шиден жасалған төсенішке орап, сыртынан от қойды. Зүбәйр ибн Әууәм жартылай өртеніп, қатты азапталғанына қарамастан бәрібір исламның шапағатты шуағынан айырылмай, иманын берік сақтай білді .
Алғашқы азаншы Біләлдің де тартқан тауқыметі жан төзерлік емес. Ол неше күн бойы ми қайнатар шыжыған күннің астында ыстық құмға жатқызылып, ол аз болғандай үстіне қызып тұрған зіл батпан қара тас қойылып азапталды. Оған қоса, кешкісін мойнына арқан байланып, ит секілді Меккенің көшелерінде жетектелді. Сонда да дінінен таймады.
Жаңа мұсылман болғандардың бәрінің жағдайы бір-бірінен асып жығылмаса кем соқпады. Азапталардан әбден титықтап, қиындыққа шыдауға дәрмені қалмаған осы шақта кей мұсылмандар Алланың елшісіне келіп, өздеріне жапа шектірген кәпірлерге қарсы қарғыс айтуын өтінді. Пайғамбарымыз қарғыс айтуға ризашылық танытпады. «Сендерден бұрын келген қауымдар да небір азапты бастан кешті. Олардың кейбіреуінің денесі темір тарақпен таралып, еттері сүйектерінен ажыратылды, кейбіреулерінің төбесінен құйқасына дейін араланып, кеудесі екіге қақ бөлінді. Олар бұның бәріне шыдап, иманын берік сақтай білді.
Аллаға ант етейін, Алла тағала бұл дінді әлі-ақ кемелдендіреді. Тіпті, кемелдендіргені сонша, Сана қаласынан Хадрамаутқа дейін жалғыз өзі жолға шыққан адам екі-ақ нәрседен өзге ештеңеден қорықпайтын болады. Ол – Алладан және малына шабуы мүмкін қорқау қасқырдан ғана. Алайда, сендер тым асығасыңдар» деп, қайта дін жолында шыдамдылық пен сабырдың маңыздылығын көрсетті.
Діндер тарихына көз жіберсек, Хақ тағаланың ақиқатын жаюға келген бүкіл пайғамбарлардың түрлі қиындыққа душар болғанын, көбісінің осы жолда жанын пида еткеніне куә боламыз.
Ұлы пайғамбарлардан хазірет Нұхтың да сабыры мен шыдамдылығын, табандылығы мен төзімділігін 950 жылдық саналы ғұмырын түгелімен ақиқатты жаю жолында өткізгендігінен аңғарамыз.
Сабырлы болу пайғамбарлардың бәріне тән.
Хазірет Әйюб пайғамбарда да бұл қасиет ерекше көрініс тапқан. Ол үсті-басын түгелімен жара қаптап, құрттап кетсе де сабыр сақтаған қалпы Аллаға құлшылық жасап дұға етумен болды. Бүкіл денесін жеген құрттар Алланы зікір ететін тілі мен иман қағбасы – жүрегіне жеткенде ғана дұға оқып, Алладан жәрдем тіледі. Жәрдем тілеу барысында жаратушыға деген ыстық ықыласына сызат түспегендігін, тек қана «құлшылық жасай алмай қалам ба?!» деген алаңдаушылық болғандығын байқаймыз.
Сүйікті құл Әйюб пайғамбар Аллаға:

وَأَيُّوبَ إِذْ نَادَى رَبَّهُ أَنِّي مَسَّنِيَ الضُّرُّ وَأَنتَ أَرْحَمُ الرَّاحِمِينَ

«Алла тағалам, маған зиян келіп тиді (құрттар Өзіңді зікір ететін тілім мен жүрегіме келіп жетті. Саған ендігі жерде құлшылық жасай алмаймын ба деп қорқамын. Маған жәрдем ет!) Сен рақымдылардың аса Рақымдысысың» деп жалбарынған еді.
Алла осыншама қиындыққа көнген, жаратушының берген сынағынан сүрінбей өткен Әйюб (а.с.) жайлы

إِنَّا وَجَدْنَاهُ صَابِراً نِعْمَ الْعَبْدُ إِنَّهُ أَوَّابٌ

«Шынында, оның сабырлы екенін көрдік. Ол қандай жақсы құл! Өйткені, ол нағыз бойсұнушы әрі үнемі тәубе етуші» деп сипаттағаннан кейін Ибраһим, Исхақ және Яқуб пайғамбарларды мысалға беріп,

وَإِنَّهُمْ عِندَنَا لَمِنَ الْمُصْطَفَيْنَ الْأَخْيَارِ

«Сөзсіз, олар қасымызда таңдаулы игі-жақсылардан» дейді.
Пайғамбарлар, Алланың әулие, таңдаулы құлдарының барлығы неше түрлі қиындықтарға душар болып, сабырлылықтың айнымас үлгісі болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إِنَّ مِنْ أَشَدِّ النَّاسِ بَلَاءً الْأَنْبِيَاءَ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ

«Адамдардың ішіндегі ең ауыр қиындықты бастан өткерушілер, әуелі – пайғамбарлар, содан кейін дәрежесіне қарай келген таңдаулылар» дейді. Осы ақиқатты ұғынған кейбір әулие құлдар бастарына қиындық келмесе «Алла мені жақсы көрмейді ме?!» деп қорыққан.
Сабырлық танытқандарға өзінің жәрдем беретіндігін Алла көптеген аятта білдірумен қатар, бұл қасиетке үнемі баса назар аударған. Сабыр – маңызы зор жүрек амалы. Бір жағынан алғанда діннің жартысы – шүкір болса, екінші жартысы – сабыр екендігі даусыз. Бір хадисте «сабыр – иманның жартысы» делінеді. Сабырлықпен ғана дін толық болады.
Ислам ғалымдары сабырды бірнеше топқа бөліп қарастырған. Солардың ішінде мынадай негізгі топтарға тоқталуға болады:
1. Ғибадатқа сабыр
Күн сайын бес уақыт намаз оқу алғаш бастаған адамға қиын көрінуі мүмкін. Алайда, сабырлықпен шыдап, рухын намазбен шыңдаған кісіге белгілі бір уақыт өте келе бір намазды қаза қылу да үлкен өкінішке айналады. Сонымен қатар, жылына бір рет ораза ұстау, белгілі уақыттарда зекет беру, жағдайы келіп тұрғанда қажылыққа бару, жер бесіктен көр бесікке дейін ілім іздеу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю секілді ғибадаттардың барлығы үлкен сабырлылықты, асқан төзімділікті, қажымас қажырлылықты талап етеді.
Ғибадат − жеке өмірге мән сыйлап, қалыпты тыныс-тіршілік ағынын реттеумен қатар, адамның мәңгілік өмірге жасаған дайындығы болып табылады. Өмірін ғибадат арқылы өрнектеп, өзіндегі әсемдік пен әдеміліктің әрін арттырған адамның жасаған тірлігі де берекетке кенеледі. Ғибадат ақыреттегі мәңгілік бақыт мекені – жаннатқа қол жеткізудегі бірден-бір себеп. Олай болса, пенделікке салынбай, нәпсіге ауыр тигеніне қарамастан асқан сабырлылықпен ғибадат жасау екі дүниенің де бақытын ойлаған ақылды адамның ісі.
2. Күнәға сабыр
Негізі күнәларды адам баласына әшекейлеп көрсететін – шайтан. Бейне бір ішіне у қосып бал берген секілді. Ондай балды жеген адамның халі қандай болса, нәпсінің жетегінде кетудің ақыры да сондай болмақ. Харам нәрселерге көз жұма білуге асқан сабырлық керек. Алайда, пенде болған соң көбіне адамның көзі харамға түспей тұрмайды.
Пайғамбарымыз бірде хазірет Әлиге «Алғашқы мәрте қарағаның күнә емес. Бірақ, кейінгілері күнә» деу арқылы алғашында көздің қандай да бір харамға еріксіз түсуі күнә болып саналмағанымен, нәпсіге беріліп қайта-қайта әлгі харамға көз тастаудың күнә болып саналатындығын ескерткен. Өйткені, харамға көз салу – көз ілеспес шапшаңдықпен суылдап барып адамның жүрегіне қадалған улы жебе тәрізді. Ол қадалған жеріне уын жая отырып, жүректі аяусыз жарақаттағанымен қоймай, ішкі жан-дүниенің астаң-кестеңін шығарып, пендені бір сәт күнә жасауға итермелейді. Оған қарсы тұра білу үшін, мықты ерік-жігер, табандылық әрі берік иман қажет. Осы бір жайтты ұқтырған Пайғамбарымыз бір хадисінде: «жаннаттың жолы қиындықтармен, тозақтың жолы нәпсінің қалауларымен көмкерілген» дейді.

3. Тағдырға, қиындықтарға сабыр
Өмірдің тәттісімен қоса ащысы, қызығымен қоса қайғысы да бар. Басқа қиындық туғанда «Қылша мойным – талша» деген күйі жүректегі иман нұрымен бойдағы бар күш-қуатты жиып, сабыр сақтап, тағдырға налымау – иман кемелдігінің белгісі. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, тағдырдың жіберген ауыр сынын да ризашылықпен қабылдау керек. Ондай ауыр сынға сабыр ете білудің қандай болатындығын үйреткен де екі жаһан сәруәрінің (с.ғ.с.) өзі болатын.
Бір күні Пайғамбарымыз зиярат ету үшін қабірге барғанда, баласы жерленген зираттың жанында шашын жұлып, бетін тырнап, тағдырын қарғап-сілеп күңіреніп отырған бір әйелді көреді. Қасына жақындап оның бұлайша зарлап жоқтауының дұрыс еместігін айтпақ болғанда әлгі әйел долданып «Менің қандай қайғы-қасірет шегіп отырғанымды сен түсінбейсің, менен аулақ жүр» деп маңына жолатпайды. Ол Пайғамбарымызды танымаған да еді. Тіпті, әдеп сақтамағандығын өзі де байқамаған-ды. Артынша сахабалар әйелге ол кісінің Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) екендігін айтқанда, есі шыққан әйел өзін қоярға жер таппай сол мезетте-ақ Пайғамбарымыздың үйіне жетіп барады. Есікті қақпаған күйі ішке баса-көктеп кіріп барып, әлгіндегі қылығына өкініш білдіріп, кешірім сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз:

إنَّمَا الصَّبْرُ عِنْدَ الصَّدْمَةِ اْلأُولَي

«Сабыр − соққының алғаш тиген сәтінде» , – деп ескерткен еді.
Хаттаби бұл жайлы:
«Діни тұрғыдан мақталған сабыр − тосыннан тап болған қиындыққа көрсетілген ең алғашқы сабыр. Одан кейінгісі сабырға жатпайды. Өйткені, белгілі бір уақыт өткеннен кейін қандай қиындық болмасын сөзсіз ұмытылады. Адам қиындықты еңсеруімен емес, керісінше сол қиындыққа ұшыраған сәттегі ұстамдылығы мен сабырлылығының арқасында сауапқа ие болады» дейді .
Алайда, бұл дегеніңіз бір жақының қаза болса, көңіліңді босатпайтын, көзіңе жас алғызбайтын тас жүректілікті білдірмесе керек. Өйткені, Пайғамбарымыздың өзі де немерелерінің бірі қалшылдап, өлім аузында қатты ауырып жатқанын көргенде еріксіз көңілі босап, көзінен жас парлаған. Оның мұнысын көрген сахабалардың бірі таңырқап «Уа, Расулалла, бұныңыз не?», – дегенде, Рақым пайғамбары: «Бұл – Алла тағаланың құлдарының жүрегіне салған мейірімі. Алла мейірімді құлдарына өз мейірімін төгеді», – деген еді. Яғни, Алланың басқа салғанына наразылық танытпай-ақ жылауға болады. Өйткені, көңілдің босауы − адам бойына о баста дарыған мейірімділік, жанашырлық сезімінен өрбиді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ
إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді − бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады − бұл оған қайырлы» деу арқылы мұсылман қауымды шүкіршілік пен сабырлылыққа тәрбиелей отырып, жақсылық пен жамандыққа тап болғанда ұстамдылық танытуға шақырып еді.
Өмірдегі сынақ әр қилы. Алла құлдарына ауру-сырқау беріп те сынайды. Егер кісі сырқатқа шалдыққан кезде тағдырға налудың орнына, қайта шүкіршілік етіп, ел-жұртқа шағым айтып арызданбай шыдамдылық көрсете білсе, оның әр сағаты бір күндік ғибадат сауабына теңеліп, өмірі де берекетке кенелмек. Науқас адамның күнәлардан арылуына, рухани тұрғыда кіршіксіз тазаруына себеп болады. Сілкігенде бірі қалмай жапырағы төгіліп түскен ағаш тәрізді, дененің сырқат меңзеген кезінде қалтырауы бойдағы барша күнә атаулыны төгеді.
Пайғамбарымыз «Қапыда сүйіктісінен (перзентінен) айырылса да сабыр етіп, қарымын Алладан күткен мүмін құлға Алла ең жоқ дегенде жаннатты тарту етеді, сый-сияпаттың одан төменіне разы болмайды» деу арқылы ең жақсы көрген ет жақын адамы көз жұмса да мүмін құлдың сабыр сақтауы керектігін үйретеді.
Негізі, адамдағы сабырлық қасиеті барлық қиындық атаулыға төтеп беруге, барлық ауыртпалықтарды жеңуге жеткілікті. Кісі тағатсыздық танытып, сабырсыздыққа салынған сайын қиындыққа төзу қабілеті азая түседі.
Мысалы, емделіп жүрген науқасқа дәрігер он күн бойы тамақ ішпеу керектігін айтса, өз денсаулығын ойлаған әлгі адам қайтсе де оған шыдайды. Кей кісілер тек қана су ішкен күйі аштыққа отыз-қырық күнге дейін шыдай алады. Демек, адам бойындағы сабыр мен төзімнің күші орасан зор. Алайда, шыдамсыздық пен тағатсыздық салдарынан көп адам қиындыққа шыдас бермей, соңында нәпсінің ырқына жығылып жатады.
Мүмін адам қандай да бір қиындыққа душар болған кезде немесе сүйгенінен айырылған жағдайда мына аятты оқу арқылы көңіліне жұбаныш сыйлап, жүрегіне тоқтау салғаны жөн:

وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا لِلّهِ وَإِنَّـا إِلَيْهِ رَاجِعونَ

«Бастарына қиындық, қайғы-қасірет келген кезде сабырлылық танытып «Біз Алладан келдік және Оған қайтып ораламыз» дегендерді сүйіншіле» .
Шын мәнінде, барлық болмыс атаулының қайта айналып, әйтеуір, түбінде Жаратушының өзіне барары хақ. О баста бәрін Беруші де, кейіннен қайтарып Алушы да құдіреті күшті – Алла тағаланың өзі болғандықтан, не нәрсеге болсын уақытша аманат ретінде қарай білгеніміз жөн.
Сабыр жайлы төмендегі сөздер хазірет Әлиге тән:
«Адам денесінде бастың орны қандай болса, иман тұрғысынан алғанда сабырдың орны да дәл сондай» .
Сабырдың ауырлығымен қоса оның артықшылығы жайлы «Сабырдың уын жұтымдап ішіп, оны бойыңа сіңір. Егер сабыр сені өлтірсе шейіт боласың, егер аман қалсаң ұлық боп өмір сүресің» делінеді . Яғни, басқа келген қиындыққа барынша төзіп, сабырлық танытып тағдырға ризашылығын білдірсе, кісі шейіт болады, ал ол қиындық өтіп орнына жақсылық келген жағдайда, Жаратушының алдында мол сыйға бөленіп, мақталған құлдардың қатарынан орын алады.
«Ең көркем сабырмен сабырлық көрсет» деп «Маариж» сүресінің 5-аятында айтылған ұлық сабыр – қандай да бір апатқа, қиындыққа тап болған адамның халықтың арасында сыр бермеуге шақырады.
Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисте: «Күштілік күресте анықталмайды. Нағыз күшті адам − ашуланған кезде ашуын жеңе білген адам» , – дейді. Күштіліктің негізгі өлшемі − сабырлық пен төзімділік.
Ибн Аббас сабырлылыққа байланысты бір оқиғаны былайша баяндайды:
Хазірет Омар жас-кәрі демей қариларды (Құранды жатқа білушілер) өзіне үнемі жақын ұстап, олармен пікір алмасып тұратын. Бірде Уәйнә ибн Хисн халифаға: «Ей, Хаттабұлы Омар! Сен бізге дүние-мүліктен молырақ бермейсің, әділдікпен үкім жасамайсың» деп дүрсе қоя берді. Сол сәт Омардың ашуланғаны соншалықты, әлгі адамды ұрып жіберуі мүмкін еді. Бұны байқаған Хурр Омарға былай деді:
«Уа, мүміндердің әміршісі! Құран Кәрімде:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа шақыр және надандардан бет бұр» деген аят бар емес пе?! Бұл адам сол надандардан». Құраннан осы аят оқылған кезде Омар оған еш нәрсе істемеді. Өйткені, ол Раббысының кітабынан өзіне бір аят оқылар болса, сол мезетте-ақ алқымына тығылған ашуын ақылына жеңдіріп, сабасына түсуді, сабыр сақтап өз-өзін тізгіндеуді жақсы білетін» .
Сабыр − ұлы адамдарды биік тұғырға көтерген қасиет. Сабыр − ұшар шыңға талпынғандардың сарқылмас күш қайнары. Адам күндіз-түні құлдық ұрып жасаған амал-құлшылығымен жете алмас рухани биік деңгейге, басына түскен қиындыққа сабыр ету арқылы қол жеткізе алады.
Бұл шындық хадисте былайша баяндалады:
«Хақ тағала құлына құлшылық амалдарымен жетуі қиын бір мәртебені мұрат етсе, ол адамның өзін немесе отбасын бір сынаққа ұшыратады. Сөйтеді де ол ауыр сынақты көтеретін терең сабыр нәсіп етеді. Артынша сабыр еткен құлын жоғарылатып өзі қалаған мәртебеге жеткізеді» .
Адам жаны мен тәнін қатар қолға алып тәрбиелемесе сабырлылық пен шыдамдылықты, ұстамдылық пен байсалдылықты, төзімділік пен тереңнен мойынсынушылықты үйрене алмайды. Аз ғана бір қиындыққа тап болса салы суға кетіп, ұнжырғасы түсіп, шыдамсыздыққа салынады. Үмітсіздікке беріліп, әркімге бір жалтақтап бейшара күй кешеді. Шындығына келгенде, адамгершіліктің де, ғылым-білім, жақсы амал, жаратылысты танудың да бастауы – осы сабыр.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:

وَ مَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللهُ وَ مَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللهُ وَ مَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللهُ وَ مَا أُعْطِيَ أحَدٌ عَطاءً خَيْرًا وَ أَوْسَعَ مِنَ الصَّبْرِ

«Кімде-кім тіленуден сақтанса, Алла оны арлы қылады. Кімде-кім елге зәрулік танытпаса, Алла оның күнін ешкімге қаратпайды. Кім сабырлы болуға тырысса, Алла оны сабырлы қылады. Адам баласына сабырдан үлкен әрі қайырлы нәрсе берілмеген» , – дейді.
Негізі, нағыз сабыр − иман тәрізді игі амалдар арқылы Хақтың жолында жақсылық үшін көзделген сабыр. Бұл сабыр − батырлықтың, адалдық пен мәрттіктің нышаны. Алайда, қорлық пен кемсітуге көніп, қатыгездік пен зұлымдыққа қарсы тұрмау, жасқаншақтық, ынжықтық таныту сабырға жатпайды. Бұлар – мұсылманға жат қасиеттер. Өйткені, зұлымдыққа ризашылық таныту немесе көнбістік – сол зұлымдықтың нақ өзі. Ал, зұлымдықпен күресте шектен аспай парасаттылықпен амал ету − Құранның Пайғамбарымызға және мұсылмандарға нұсқаған жолы.
Алла тағала:

قُلْ هَـذِهِ سَبِيلِي أَدْعُو إِلَى اللّهِ عَلَى بَصِيرَةٍ أَنَاوَمَنِ اتَّبَعَنِيْ

«Былай де: «Менің жолым осы. Парасаттылықпен Аллаға шақырамын. Мен де, маған ергендер де осындай» ,- деген.
Сабыр мен төзімділік жайлы мына бір ғибратты хикаяны айта кетейік:
Бір бала медреседе атақты ғалымдардан дәріс алып жүрді. Алайда зейін қойғанымен талпынысы тасқа соғылып, еш нәрсе үйрене алмады. Соның салдарынан сабаққа деген ынтасы да төмендеп кетеді. Әне-міне дегенше, қатарластарының өзін шаң қаптырып, басып озғаны шымбайына қатты батады. Өзінің әлі сол баяғы қалпында қала бергеніне өкінді. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Сабақ, бәрібір, миына қонбады. Ақырында «Одан да ауылға қайтып, қара жұмыс істейін» деп іштей шешімге келеді.
Осылайша оқудан күдерін үзіп медресені тастап, ауылына бет алады. Күннің аптап ыстығында ұзақ жүріп, әбден сілесі қатып шаршайды. Әлден уақытта қарсы алдынан үңгір шығады. Үңгірдің салқын екенін білсе де «ішінде аю, болмаса басқа жабайы аңдар болып қалса, қайтемін» деп қорқып, кіруге жүрексінеді. Алайда, шаршағандық пен күннің аптап ыстығы өтіп, ішіне кіруге бел байлайды.
Қорыққан нәрселерінің кездеспегеніне қуанды. Бойын билеген үрейден де біртіндеп арылды. Осылайша бір бұрышқа қисая кетті. Бір мезет үңгірдің төбесінен тамшылап тұрған суға көзі түсті… Тамшы тамып тұрған тасты байқағанда, оның ойылғанын көрді. «Су қап-қатты тасты қалайша тескен?» деп таңғалды. Сөйтіп таңғала қарап отырғанда басына бір ой келді. «Су жылдар бойы үзбей тамшылау арқылы қара тастың өзін тесіпті, демек, егер мен де сабырлық пен табандылық танытсам басыма дәріс қонар. Басым мына қара тастан қатты емес шығар» деп түйді.
Сөйтіп шәкірт бала әлгі тамшыдан көкейіне ғибрат түйген күйі медресесіне қайтып оралды. Сабақтарына ерекше зейін қойды. Көп өтпей-ақ үлгерімі жақсарып, жолдастарын басып озады. Ғылым қуып, ғалымдық жолға түсті. Келе-келе ислам әлеміне танымал болды. Есімі тас баласы дегенге саятын – «Ибн хажар» деп аталады .
Сабыр – адамды заңғар көкке көтеретін қанат секілді. Ол адам рухын толықсытып, кемелдендіреді. Алысқа көз тікпей-ақ, өмірдің өзіне жүгінейікші: қарапайым дән нанға айналып, адамға пайдалы азық болуы үшін қаншама сатыдан өтеді?! Жердің бауырына түсіп егін боп шығып, орылып, ұнтақталып, ыстық пеште қызарғанша пісіріліп, содан кейін ғана пайдалы азыққа айналады. Сондықтан да белгілі бір дәрежеге жетіп, пайдалы бола білу үшін адам осындай сатылардан өтеді.
Негізінен ұшырасқан қиындықтар мен қасірет-қайғының бәрі түпкі мақсатпен салыстырғанда тым мардымсыз. Біздің Алланың шексіз жаннатын талап етуіміз байдың қызына ғашық болған тазша баланың күйін елестетуде. Талап етілген нәрсенің өте құнды екені сөзсіз. Құндылығы соншалық, оның бір сағаты дүниедегі бақытқа кенеліп өткен мың жылдық фәни өмірден артық. Сонымен қатар, Алланың дидарын көру бар. Міне, осы межеге жету үшін бәріне шыдап, қиындықтарға төтеп бере білу керек. Сол себепті бір сөзбен айтқанда, сабыр – толық иманның белгісі.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38