Өздерінің сәлафи ақидасын ұстайтындығын айтып, өзгенің бәрін адастыға санайтын бұл ағым сәлафус-салихиндар хабари сипаттарға тәуил жасамаған деген желеумен тәуил жасайтын Ашғари мен Мәтуруди секілді ақида мектептерінің бірін ұстанатын көпшілікті адасқандардың қатарына жатқызады. Алайда бұл – үлкен қателік. Олай дейтініміз, араб тілінің қағидалары мен араб халқының қолданысына сай келетін сөздің ауыспалы мағынанасын таңдап, тәуил жасаған сахабалар мен табиғиндер, әтбаъут-табиғиндер де болған.
Мысалы, Ибн Хажар өзінің Бұхаридың сахихына жазған түсіндірмесінде ибн Аббастың «Қалам» сүресінің 42-аятындағы «сақ» сөзінің негізгі тура мағынасын емес, ауыспалы мағынасын таңдағанын келтіреді. «Сақ» сөзінің арабшадағы тікелей сөздік мағынасы «тірсек» дегенге саяды. Егер бұл сөздің тікелей негізгі мағынасын алсақ, аяттың мағынасы: «тірсек ашылған қиямет күні» дегенді білдіреді. Бірақ бұл сөздің сөздік мағынасы Жаратушыға лайық болмағандықтан, «сақ» сөзінің негізгі тура мағынасын емес, «қиыншылық» дегенді білдіретін ауыспалы мағынасын таңдаған. Сонда «қиыншылық айқындалған (қиямет) күні» дегенді білдіреді. Дәл осы аятты Әбу Мұса әл-Ашъаридың: «үлкен нұр көрінген сәтте» деп тәпсірлегендігі риуаят етілген.[1]
Әл-Бәйһақи Ибн Аббастың: «Сендерге Құранның әлдебір сөзі түсініксіз болса, онда өлең, жырларға қараңдар. Себебі, олар арабтың диуаны» дегенін дұрыс риуаят тізбегімен жеткізген.
Имам Бұхари Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала екі адамға күледі…» деген хадисіндегі «Алла тағаланың күлуін» «Алла рақым етеді» деп жорамалдаған.[2]
Ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уән-ниһая» кітабында имам Ахмед ибн Ханбалдың Құранның «Раббың келді» деген аятын Жаратушының өзінің келуі деген тікелей мағынасын емес, «Жаратушының сауабы келді» деп жорамалдағанын жазған. Себебі, дененің қозалуымен жүзеге асатын келу – бұл мұқтаждықтан туындайтын жаратылғандарға тиесілі әрекет. Алла Тағаланың барлық мекенге құзіреті жүргендіктен, бір жерден екінші жерге бару секілді дене иелеріне тән мұқтаждықтан ада.
Имам Хасан Басри: «Раббың …келді»[3] деген аятты «Раббыңның әмірі мен үкімі келді» деп жорамал жасаған.[4]
Табиғиндердің атақты тәпсір ғалымы Мүжәһид «Қайда бұрылсаңдар да Алланың уәжһі (жүзі) сонда» деген аяттағы «уәжһті» «Алланың құбыласы» деп тәпсірлегенін имам әл-Бәйһақи жеткізген.
Сондай-ақ, табиғиндердің арасындағы фиқһ пен хадис ілімінің тірегі саналатын Суфиян әс-Саури Құрандағы: «Барлық нәрсе құрдымға кетеді де тек Алланың уәжһі (жүзі) қалады»[5] деген аяттағы «уәжһті» былай деп түсіндірген: «Алланың разылығы үшін жасалған салиқалы амалдар» деп түсіндірген. Мұны Ибн Хажар өзінің «Фатхул-бариында» білдірген.
Байқағанымыздай, кейбір сахабалар мен табиғиндер де бағзы хабари сипаттарда қолданылған сөздерге жорамал жасап, тәуилге барған. Ал енді тәуил жасайтындардың бәрін адасқандардың қатарына қоссақ, онда жоғарыдағы аты аталған сәлафус-салихтардың бәрін адасқандарға жатқызған боламыз. Тіпті, сәлафус-салихиндердің ешқайсысы тәуил жасамаған күннің өзінде араб тілінің қолданысы шеңберінде әрі діннің негізгі қағидаттарына қайшы келмейтіндей кейіпте жорамал жасап, тәуилге барушыларды адасушылыққа телу тіптен дұрыс емес. Себебі, Алла тағаланың өзі бір құдси хадисте кейіннен жаратылғандарға тән ерекшеліктерді білдіретін сөздердің тура мағынасының Өзі үшін мұрат емес екендігін, ондай сөздердің ауыспалы мағынасы мен астарлы мәнінің бар екенін көрсетіп берген. Алла Тағала бұл құдси хадисте былай дейді:
«- Уа, адам ұрпағы! Мен ауырғанда, неге көңілімді сұрап келмедің?
– Сен (ауырмайтын) әлемдердің Раббысы емессің бе? Мен көңіліңді сұрап, саған қалай барамын?
– Менің пәленше құлымның ауырғанын білмеуші ме едің? Егер оның көңілін сұрап жанына барғаныңда, Мені әлгінің қасынан табатын едің?»[6]
Байқағанымыздай, ауру, сырқаттану – Алла үшін мүм-кін болмағандықтан адам ұрпағы: «Сен (ауырмайтын) әлемдердің Раббысы емессің бе? Мен сенің көңіліңді сұрап, саған қалай барамын?» деп таңданысын жасыра алмаған. Ал, Алла тағала болса, мұндай сөздің тура мағынасының мұрат емес екенін білдіріп: «Менің пәленше құлымның ауырғанын білмеуші ме едің? Егер оның көңілін сұрап жанына барғаныңда, Мені оның жанынан табатын едің?…» – деп, мұндай сөздердің астарлы мәні мен ауыспалы мағынасының бар екенін көрсетіп тұрған жоқ па?
Ендеше, хабари сипаттардағы сөздердің ауыспалы мағынасын таңдап, астарлы мәніне үңілгендер, сөздің тура мағынасы Жаратушы үшін мүмкін болмағандықтан осылай істеген. Олардың ниеті Ұлы Жаратушыны жаратылғандарға тән кемшіліктер мен ерекшеліктерден пәктеу бол-ғандықтан оларды адастыға санау – үлкен қателік. Ең бастысы, жасалған жорамалдың, таңдалған ауыспалы мағына мен астарлы мәннің Ұлы Жаратқанның Құранның анық аяттарында білдірілген кемел сипаттарына қайшы келмесе болғаны.
Тарихтағы ақида, фиқһ, тәпсір, хадис секілді ислам ғылымдарының, тіпті тіл, әдебиет, тарих секілді басқа да ислам ғылымдарымен қатысы бар барша салалардың әлемге мәшһүр белді де белгілі ғұламаларының басым көпшілігі Ашғари яки Мәтуруди ақидасын ұстанғандықтан тәуил жасап, жорамалға барған. Тіпті, қазақтың бетке ұстар Абайы да Мәтуруди ақидасын ұстанған. Оған дәлел ол өзінің отыз сегізінші қара сөзінде Алланың субути сипаттарын Әшғарилар секілді жетіге емес, «тәкуинді» қосып сегізге жеткізеді. Бұл – Мәтуруди мектебіне тиесілі тәсіл.
Ал енді мәтуруди ақидасын ұстанғаны үшін Абайымыздан айырылсақ, Әшғари мен Мәтуруди ақидасын ұстанғандығын алға тартып бүгін тәпсір, хадистерін оқып жүрген исламның белді де беделді ғалымдарынан айнысақ, бұл біздің білімділігімізді көрсетеді ме, жоқ әлде сыңар езу жазылған бір-екі кітапты оқып, әлдібіреулердің ықпалынан аса алмаған сауатсыздығымызды білдіреді ме?
Сондай-ақ, сөздің ауыспалы мағынасына жүгініп, тәуил жасауды адасуға санайтын бұл ағым өздерінің осы ұстанымдарына шынымен берік болса, онда «Хадид» сүресінің: «Сендер қайда болсаңдар да Алла сендермен бірге»[7] деген аятын «Алла олармен өзінің білуі мен көруімен бірге»,- деп неліктен жорамал жасаған?
Сөз соңы, хабари сипаттарға байланысты мәселелерді исламның негізгі мәселесіне айналдырмауымыз ләзім. Қажет болмаған жағдайда оларды қарапайым халыққа түсіндірмеген жөн. Ал қажет жағдайда қарау керек. Санаға сөздің тура мағынасынан бұрын ауыспалы мағынасы келетін тұстарда, халафтардың жолын таңдаған абзал. Бұл, әсіресе, қарапайым халықтың дұрыс ақидасын сақтау үшін Құран мен хадис аудармаларында өте қажет. Әрине таңдалған ауыспалы мағына, ең әуелі, Алланың анық аяттарында білдірілген кемел сипаттарына әрі араб тілінің қағидаттарына қайшы келмеуін басты назарда ұстау керек.
Ал егер арабтардың қолданысындағы қандай да бір ауыспалы мағынаны таңдау қиынға соғатын тұстарда сәлафтардың жолын ұстану қатеге ұрынбау тұрғысынан ықтиятты жол болмақ. Сондай-ақ халықтың діни сауаты мен заманның жағдаятына да назар аударуымыз қажет. Тура мағынасы Ұлы Жаратушыны жаратылғандарға ұқсататын сөздерді, әлдебіреулер өздерінің жаңсақ пікірлеріне құрал етіп, бұған қарапайым халықтың басы қатып жатса, онда хадафтардың тәсілі сөзсіз қажет-ақ. Имам ибн Хажар әл-Һәйтами (909-974) бұл жайлы былай дейді: «Раббымыз (дүние аспанына) түседі» дегеннің мағынасы – «Оның әмірі немесе рақымы түседі яки ауыспалы мағынада жақындықтың көптігін білдіреді. Қысқасы, әрбір мүмін бұл хадисті және осыған ұқсас Құран мен хадистердегі «Әр-Рахман аршқа истиуа етті», «Раббыңның уәжһі ғана қалады», «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде» деген секілді мағынасы айқын емес нәрселерді былай түсінуі керек: бұлардың тура мағынасы Ұлы Жаратушы үшін мүлде мүмкін болмағандықтан мұрат емес. Алла Тағала залымдар мен кәпірлердің айтқандарынан пәк һәм жоғары. Мұсылман адам одан кейін қаласа, жоғарыда келтіргеніміздей жорамал жасайды. Бұл халафтардың жолы. Дене мен белгілі бір жақта болуды, басқа да Алла үшін мүлде мүмкін емес нәрселерді Ұлы Жаратушыға таңатын бидғатшылар көбейіп жатса, онда халафтардың жолын таңдаса болады. Немесе (ешбір жорамал жасамастан) мағынасын Аллаға тапсыруына болады. Бұл сәлафтардың жолы. Өз замандарында қатты адасулар мен сорақы бидғаттар жоқ болған жағдайда, осы жолды таңдаса болады. Себебі, оларды жорамалға итермелейтін жағдай жоқ»[8].
Алла баршамыздың иманымызды кәміл етіп, түрлі фитнә-бүліктерден аман қылғай! Әмин!
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,
дінтанушы.
Сілтемелер:
[1] Мұхаммед Наъим Мұхамед, әл-Қанун фи ъақайдил-фирақи уәл-мәзаһибил-исламия, 414-бет. «Дәрус-салам» баспасы, Египет, 2007 ж.
[2] Фатхул-бари 7/82.
[3] «Фажр» сүресі, 22-аят.
[4] Мұхаммед Наъим Мұхамед, әл-Қанун фи ъақайдил-фирақи уәл-мәзаһибил-исламия, 414-бет. «Дәрус-салам» баспасы, Египет, 2007 ж.
[5] «әр-Рахман» сүресі, 26-27-аят.
[6] Сахих Муслим, 4-том, 1990-бет, «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби баспасы», Бәйрут.
[7] «Хадид» сүресі, 4-аят.
[8] Сайф ибн Али әл-Ъасри, әл-Қаулут-Тәмаму би исба-тит-тафуид мәзһабан лис-сәлафил-кирам, 212-бет. «Дәрул-фақиһ» баспасы, Әбу Заби, 2009 ж. (Әл-Минһажул-қауим, 292-бет.)