Бүгін Шымкент қаласындағы «Сейітжан қари Есжанұлы» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ихсан – рухани тәрбие мектебі» тақырыбында өтіп жатқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.
«Ихсан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақсылық жасау», «кемелдік», «әдемі орындау» деген мағыналарды білдіреді. Бұл – адам мен Алланың арасындағы көркем байланыс, адамның Раббысын көріп тұрғандай құлшылық етуі.
Ихсан – жеке адамды рухани тұрғыдан тәрбиелеуде айрықша маңызға ие ілім. Өйткені ол жүректің, сананың, ниеттің тазалығын көздейді. Адам барлық іс-әрекетінде Алланың бақылауында екенін сезінсе, оның сөзі де, амалы да, ниеті де көркем болады.
Ихсан ілімі ең алдымен отбасында қалыптасады. Ата-ана баласына тек білім беріп қана қоймай, жүрек тәрбиесін де үйретуі қажет, яғни тек дұрысты үйретуге емес, соны шынайы ықыласпен, шын жүректен орындауға назар аударған абзал. Мысалы, балаға жақсылықты үйреткен ата-ана оған сол ізгі істі шын көңілден, бар ықыласын салып орындаудың маңызын түсіндіруі керек.
Шын мәнінде, қазіргі қоғамда ихсанға негізделген тәрбиенің негізгі мақсаты – жастарды жаман әдеттерден сақтап, жауапкершілік пен имандылыққа баулу. Сондықтан әрбір адам, әрбір отбасы, оқу орындары мен тұтас қоғам ихсан ілімін ұлықтап, рухани тәрбиенің өзегіне айналдыруы тиіс деп санаймыз. Мектептерде, оқу орындарында өтетін тәрбие сағаттарында ихсін ілімін үйретуді қолға алсақ ұтылмайтынымыз анық» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.






