Бүгін Шымкент қаласының төрінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан дастархан жайылып, ауызашар берілді.
Ақшам намазынан соң жамағатқа айқара ашылған берекелі дастархан басында елімізге танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қала мешіттерінің жамағат қариялары, т.б. азаматтар қатысты.
Берекелі ауызашар дастарханы аясында қасиетті Құран аяттары оқылып, дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеген тағылымды уағыздар айтылды. Бас мүфти Наурызбай қажы тағанұлының ауызашар дастарханына жиылған жамағатқа бейне үндеу арқылы өз алғысын білдіріп, Алла Тағала құзырында дәрежесі ерекше болған қасиетті Рамазан айымен құттықтап өтті.
«Қасиетті Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Берекелі айда әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Осы ретте барша жамағатты қайырымдылық іс-шараларға белсенді атсалысуға, көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғыз басты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге, жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасауға шақырамын», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау хатында.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған берекелі кеш аясында ақындар арнау айтып, жыршылар жаразаман айтты. Ал елдің абыз ақсақалдары жиналған жамағатқа ақ батасын берді. Сондай-ақ, берекелі һәм мерекелі ақ дастархан басында Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы шаһар әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының сәлемін жеткізіп, қала халқының атынан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғысын білдірді.
Ауызашар дастарханына қатысушыларға «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі» сыйлықтар табысталды.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі







































