Шымкент қаласы Бас имамының тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында орналасқан «Ар Рақиб» мешітінің имамы Ержігіт Мамытұлы “Ел болашағы жастар” тақырыбымен “ҚАЗАҚСТАН жоғары медициналық колледжі” студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында, қасиетті Құран аяты: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады, кейін ол әлсіздіктен соң (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады» сөзімен бастап,
ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні жастық шағын қалай өткізгені жайлы сұралады,» деген хадисімен жалғастырды. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың: “Мен жастарға сенемін» деген сөзі мен Президент Қасым- Жомарт Тоқаев: «Мен жастарға үлкен сенім артамын» деген сөзін жеткізді. Сонымен бірге, ҚМДБ-ның 35-жыл толуына орай, үстіміздегі жылды Бас мүфти хазретіміздің дін аясында «Ислам және отбасы құндылығы» деп жариялануын сөзіне арқау етті. Одан әрі, «Сіздер болашақ әке, болашақ ана боласыздар» деген отбасылық тақырыпты қозғады. Және алдымызда келе жатқан Қасиетті Рамазан айы жайында жастардың қойған бірнеше сұрақтарына тұщымды жауаптар берді. Соңында, келешекте қандай мамандық иесі болсаңызда Адам болып қалу керек екендігін айтып, сөзін түйіндеді.





