Шымкент қаласы бойынша жыл бойы 27 мешітте әйел ұстаздар дәріс өтті. Әйел ұстаздар жыл бойы дәріс өтіп қана қой май көптеген іс-шаралар, қайырымдылықтар, семинарлар және т.б. жақсылықтармен айналысып жамағатты баулыды. Міне бүгін 2024 жыл бойы жасаған еңбектерінің есесіне Шымкент қаласы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Досжанова Балжан ұстаздың бастамасымен және «Кимешекті аурулар» ұжымы мен басқа да кәсіпкерлердің қолдауымен «Ұстаз – ұлы есім» атты ұстаздарға арналған жылдың қорытынды кеші өтті.
Бұл кешке тек қана мешіт ұстаздарды емес,» Шымкент медресесі» колледжінің және «Ықылас» қарилар орталығының ұстаздары, сонымен қоса ҚМДБ» Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы және Алматы облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшілері қатысты.
Кеш үлкен той сарайында, арнайы асабамен сәнді де ерекше форматта өтті.
Кеш қонақтарының бірі дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева ұстаздарға арнап өзінің дәстүрлі әндерінен ән шырқады.
Тәуелсіздік жайлы бейнебаян көрсетілді ,»Ықылас» қарилар орталығының шәкірттерінің орындауында «Тәуелсіздіктің қадірі» атты спектакль ойнап берді. Кеш соңында «Кимешекті аурулар» ұжымы және жыл бойы қолдау көрсеткен кәсіпкер әйелдерге Шымкент қаласы бас имамы Абдрахманов Бақдаулет қажы Нұрматұлының атынан Алғыс хат берілді. Кештің ең қызықты бөлімі қасиетті мекендерге Умра сапарына жолдама беру бөлімі болды.