Алла тағала Құран Кәрімде: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Сондай-ақ (Алланың құзы-рына), иілушілермен бірге иіліңдер» («Бақара» сүресі, 43-аят),- деп бұйырады. Аятта әмір етілгендей, Алла тағала шамасы жететін зекет нысабына саны жетерлік мал дүниесі бар әрбір иман келтірген мұсылмандарға зекет беру парыз екендігін баян етеді. Алла тағала осы дүниеге адам баласын бекерден бекер жаратып қойған жоқ. Әр нәрсенің сұрауы бар. Қиямет күні Алла тағала ең бірінші бай болғандардан сұрар. «Ей, құлым, Мен саған өмір бердім, жаман мен жақсыны, халал мен харамды ажырату үшін ақыл, сана-сезім бердім, басқаға бермеген байлықты саған бердім, мал-мүлік, дүние бердім, неге намаз оқымадың, неге зекет, садақа бермедің, неге тәуба етпедің?»- деп сұрар. Сол кезде әлгі адам айтар: «Ей, Раббым, басқаға бермеген байлықты, мал-дүниені маған бердің, соларды қарап бағамын деп менің уақытым болмады» дер. Сол кезде Алла тағала Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарды мысал етер. «Сен Сүлеймендей пайғамбар, патша болған жоқсың. Сүлеймен (ғ.с.) өзі пайғамбар, өзі патша, бай болса да намазын қазаға қалдырмады, маған құлшылық етті (зекет, садақасын берді деген мағынада). Сен сылтау етіп тұрсың, Мен берген дүниеге сараңдық еттің, енді сенің барар жерің – тозақ» деп тозаққа салуға ғазап періштелеріне әмір етер. Бұған дәлел пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кірмейді»,- деген. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Қазыналарыңды Алла жолынан аямаңдар (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Алла шын дос тұтады» («Бақара» сүресі, 195-аят),- делінген.
Мұса (ғ.с.) бір кісінің намаз оқығанын көріп: «Я, Раббым, бұл кісі қалай көп намаз оқиды?»- деп сұрады. Сол кезде Алла тағала: «Я, Мұса (ғ.с.), бұл кісі бір күнде мың рәкәт намаз оқыса да, мың құлды азат етсе де, мың рет қажыға барса да, дүниесінен зекет бергенге дейін ешбірі қабыл болмас»,- деді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл турасында: «Зекет бермегеннің намазы да қабыл емес»,- деген. Адам баласына екі дүниеде бір дұшпан бар, ол – азаптанып, қиналып жүріп жинаған мал-мүлік, дүниеміз. Осы дүниеде мал-дүниесі ұры-қарыдан қорғаймыз деп басымызға қауіп-қатер төндіріп, дұшпанымызды көбейтсек, ал енді қиямет күні өзіміздің дүниеміз өзімізді жылан-шаян болып шағар. Зекетті тек малдан ғана бермейді, әртүрлі нисабы бар мүлік, заттан да береді. Мысалы алтын, күміс, ақша сияқты. Кімде кімнің қорасы толы мал, үйі толы алтын, күміс, ақша болса, бірақ олардан зекет бермесе, ол адамның қиямет күні көрер азабы, қиыншылығы туралы Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! (Кәпірлердің) бірінші дін қызметкерлері, сопылары елдің мал-мүлкін, анығында, қифнетпен пайдаланады, адамдардың ақ дінге кіруіне көлденең тұрады. Алтын-күміс жинағандарға, оны Құдай жолына жұмсауға қимайтындарға оның бодауына қатты азап бар екенін білдір» («Тәубә» сүресі, 34-аят),- делінген.
Зекет бермегеннің күнәсі туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Күніне аспаннан 72 түрлі жамандық пәле түседі, оның біреуі яһудилерге, енді біреуі насараларға, қалған 70-і әдейі зекет бермегендерге» деген.
Ал енді зекет бермеудің қиямет күнгі болатын азабы туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай делінеді: (Әбу Хурайрадан рауаят болған). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Кімде-кімнің түйесі көп бола тұрып зекет бермесе, қиямет күні оның ең семіз түйесі келіп оны тебер, ал егер кімде-кімнің қойы көп болып, бірақ зекет бермесе, қиямет күні ең семіз қойы келіп тұяқтарымен оны таптап, мүйізімен сүзер. Зекет бермегеннің намазы да қабыл емес»,- деді.
Шайтан Ібіліс Қызырға (ғ.с.) айтты: «Ей, Қызыр, сен біл, мен Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін зекет беруден азғырамын. Ол кісіні бірінші – кедейлікпен қорқытармын, екінші – дүниемен қызықтырармын, сүйтіп мал-дүниесінен зекет бермей менімен бірге тозаққа түсер»,- деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Төрт түрлі адам қабірден тұрғанда бірден тозаққа барар. Солардың біреуі – шамасы жетіп тұрса да малынан зекет бермеген адам»,- деді. Егер де ешкім тәубеге келіп, нисапқа толған малынан зекет бермесе, Алла тағала жауын жаудырмас еді, ол кезде жерге шөп шықпай, мал өсіп-өнбес еді. Зекетті Алла тағала шүкіршілік етіп берген малдық садақасы деп білуіміз керек.
Алла тағаланың бізге берген мал-мүлік дүниесін харамға емес, жақсы амалдарға және шариғат үкімдеріне сәйкес ысырапсыз жұмсайық. Кедей-міскіндерге қайырлы болып көмек жәрдем етіп, ахирет сауабын табайық. Әмин!
Доскелді қажы Қожатай Ұлы,
«Ақсай-Айша» мешітінің Бас имамы,
Алматы қаласы.